Аймақтар • 21 Қаңтар, 2018

Ольга Рыпакова турниріне 8 мемлекеттің жеңіл атлеттері қатысты

526 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде Олимпиада ойындарының чемпионы Ольга Рыпакованың жүлдесі үшін 2000 жылы туған және жасы одан үлкен спортшылар арасында IV дәстүрлі халықаралық турнир өтті.

Ольга Рыпакова турниріне 8 мемлекеттің жеңіл атлеттері қатысты

Дүбірлі додаға келген балғын спортшыларды Шығыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов құттықтады. «Сіздерді бүгінгі халықаралық турнирдің өтуімен облыс басшылығы жəне басқарма атынан шын жүректен құттықтаймын. Осындай керемет жеңіл атлетика манежінде халықаралық деңгейдегі жарыстың өткізілуі қуанышты жайт. Жарысқа жиналған әр жеңіл атлет өз елінің намысын абыроймен қорғайтыны белгілі. Ендеше, мұндағы қатысушылардың барлығы тек жоғары нәтиже көрсетіп, алдағы уақыттарда сіздерден дүбірлі додаларда жүлде алатын спортшы шығады деген үміттемін», – деді басқарма басшысы.

Аталған басқарманың баспасөз қызметінің хабарлауынша, халықаралық турнирге саны 140-қа жуық спортшы қатысты. Өткен жылы 7 елден спортшылар келсе, биылғы жеңіл атлеттер жарысында қазақстандық спортшылардан бөлек, 8 мемлекеттің (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Армения, Әзірбайжан, Грузия, Малайзия және Украина) жеңіл атлеттері жүлделі орындарды сарапқа салды. Турнир барысында спортшылар биіктікке секіру, үш қарғып секіру, ұзындыққа секіру, ядро лақтыру, 60 м жүгіру, 60 м барьермен жүгіру, 400 м жүгіру, 800 м жүгіру, 3000 м жүгіру, 4*200 м, 4*100 м, 4*400 м және аралас эстафета сынды жеңіл атлетиканың бағыттары бойынша күш сынасты.

Спортшыларды марапаттау барысында әйгілі жеңіл атлетші Ольга Рыпакова жарысқа жиналған барлық қатысушыларға және халықаралық турнирдің өтуіне атсалысқан Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Қазақстан Республикасы жеңіл атлетика федерациясына алғысын білдірді.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар