Аталмыш ұлт аспаптары оркестрінде өнер көрсететін көзі нашар көретін және зағип 30 баланың барлығы да Алматы қаласында орналасқан №4 Н.Островский атындағы интернаттың тәрбиеленушілері. Ән салып, түрлі аспаптарда ойнап, концерттер өткізіп жүрген бұл балалар үшін музыка жай ғана уақыт өткізуге арналған қызығушылық емес, болашақта айналысатын кәсіптері екенін жеткізген музыкант Дана Мейірбекова музыкамен айналысқысы келетін зағип балалар қатары артып келе жатқанын, бірақ бәріне бірдей музыкалық аспап жете бермейтінін, сондықтан оқушыларға көмектесу мақсатында арнайы концерт ұйымдастырылып отырғанын айтты.
«Инклюзивті білім алатын балаларға арналған байқауда қазылар алқасының мүшесі болдым, сол кезде осы оркестр туралы білдім. Балалар тағдырына шағым айтпай, өз беттерімен өмір сүруді үйренуге талпынғандары шабыттандырды. Көрермен жас музыканттардың талпынысын бағалап, қажетті аспапты сатып алуға қол ұшын созады деп ойлаймын. Балаларды қолдай отырып, концертке өзім, ұлым және музыкант достарым да қатысады. Бұл іс-шараны «Атамекенім» акциясының аясында өткізіп отырмыз. Былтыр Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасында курстан өттім. Бізге қолдау көрсетті, «Art Mobile» мобильді өнер мектебінің ашылуына арнайы грант ұтып алдық. Біз енді бизнестің өкіліміз, осылайша өзіміздің әлеуметтік жауапкершілігімізді көрсетеміз», деді Д.Мейірбекова.
Н.Островский атындағы зағип және көздері нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернаттың тәрбиеленушісі, туғаннан зағип Ермек Байсалбековтің айтуынша, 2-сыныпта оқып жүргенде өзіне қандай аспапта ойнағысы келетіні туралы сұрақ қойылғанда баянды таңдағанын айтады. Нотаны Брайль жүйесі арқылы таныған Ермек арнайы әдебиет жетіспегенмен, ерекше есту қабілетінің арқасында баянда ойнауды оңай меңгеріп алған екен.
«Музыкамен айналысқаныма 6 жыл болды. Болашақта музыкант атанып, түрлі концерттерге қатысқым келеді. Ұстазымыздың өзі де осы интернатта оқып, музыкалық колледжі аяқтаған, қазір бар білгенін бізге үйретіп жүр», дейді Е.Байсалбеков.
Кеш соңында қайырымды жандар тарапынан зағип балалардан тұратын оркестрге контрабас-домбыра мен екі бас домбыра сыйға тартылды. Ал концерттен түскен қаражатқа балалар баян мен ұрмалы аспаптар сатып алмақшы.
Мира Байбек,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ