Білім • 22 Қаңтар, 2018

Сөйлей білмесе, қалай сабақ бермек?

297 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы бізге болашақ­тағы табысымыздың негізгі кілті мектеп қабырғасында берілген білімде екенін талай рет ескертті. Сонымен бір­ге  үштілділіктің де жастарымыз үшін маңызды екендігі үнемі айтылуда. Қазір елімізде осы мәселені іске асы­ратын «Үш тіл бірлігі» атты жоба да іске асырыла бастады. Үкімет 2020 жыл­ға дейінгі кезеңде үш тіл білетін мұғалімдерді әзірлеу науқанына да кірісіп кетті. 

 

Сөйлей білмесе, қалай сабақ бермек?

2016-2017 жылдардағы деректер­ге қарағанда, үштілді кадрларды да­йын­дауға Жол картасы бойын­ша рес­публикалық бюджеттен 11 млрд­ теңге бөлінген. Ал 2018-2020 жылдар­дың бюджетінде осы іске 19,5 млрд теңге қарас­тырылып отыр. Бұдан басқа әдістемелік қамтамасыз ету шараларына, интеллектуалды-инновациялық кластердің дамуына да қосымша қара­жат­тар бөлінеді.

Физика, химия, биология пәнде­рінің мұғалімдеріне мемлекеттің есебінен ағылшын тілін үйрету ісі екі жылдан бері қолға алынған. Алыс ауыл мұғалімдерін жататын орын, тамақпен қамтамасыз етіп, орталықтарда оқытуда. Мұндайға келген мұғалімдердің еңбек­ақылары да сақталады, сонымен бірге олардың орнына сабақ беріп жатқандарға да ақы төленеді. Сайып келгенде бұл әрбір оқу сағатына екі есе ақы төлеу деген сөз. 

Ал енді соның нәтижесі қандай дегенге келетін болсақ, мұғалімдерді үш айда өз пәндері бойынша ағылшын тілінде сабақ беруге дайындау мүмкін еместігі көрініп отыр. Шынында өзі­­нің ойын ағылшын тілінде еркін жет­кізе алмаса, сол тілде еркін ойлай алмаса, тіпті тұрмыстық деңгейде де біл­месе, ондай мұғалімнің оқыту тиім­ділігі ешқашан жоғары болмайды. Физика, химия, биология секілді пәндерді көптеген оқушылар өзінің ана тілінде де түсіне алмайды. 10-сыныпта оқитын оқушылардың 10-15 пайызы ғана басқа пәндерді ағылшын тілінде оқуға қабілетті екен, қалғандары оны әлі игере алмапты. Ал бұл пәндердің болашақ тұлғаны дайындаудағы маңызы зор екені сөзсіз, олар оқушының та­би­ғат процестерін ұғуымен қатар көз­қарастарының толығып, ақыл-ойы­ның артуына ықпал етеді. Ал біз тілді білмейтін мұғалімдердің шала түсіндіруімен жастардың осындай білімдерден шет қалуына жол бергелі отырған жоқпыз ба? 

Сондықтан мен Президенттің идеяларын біз дұрыс іске асырып отырмыз деп айта алмаймын. Бұл озық, прагматикалық көзқарас емес. Меніңше бұл бағдарлама Президенттің де ойынан шықпайды. Әрине бізге жақын арада «тамаша статистиканы» көрсетулері мүмкін. Бірақ одан біз өзімізді өзіміз алдағаннан басқа ештеңе ұтпаймыз. Біз басқаны емес, өзіміздің ұрпағымызды білімсіз қалдырып отырғанымызды ұғуымыз керек. Жуырда Астана лицейлерінің бірінде ағылшын тіліне өтудің озық тәжірибесі ретінде бізге бір сыныптың дайындық деңгейі таныс­тырылды. Мұғалім шала білетін ағылшын тілімен қағазға қарап отырып, сабақты түсіндірген болды. Қатысып отырған 30 баланың ішінен алдын ала дайындаған бес бала ғана сабаққа жауап бере алды. Мұндай көзбояушылықтармен біз алысқа бара алмаймыз. 

Біздің уәкілетті органымыз­ мұндайда бағдарламаны игере алмады деп жауапкершілікті өзінен өзгелерге итере салуға да­йын тұрады. Сосын жаңа қаражат талап ететін жаңа бағдарламаны дайын қыла қояды. Ал ешқашан өздерінің қателіктерін мойындауды білмейді. Әрине ағылшын тілін білу маңызды, бірақ оны үйретудің жолы бұл емес екені айқын. Біз осы мәселелерді айтып, Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдадық. Онда мектептерде ағылшын тілін үйретудің тиімді жолдарын қарастыруды өтіндік. 

Ирина СМИРНОВА,
Мәжіліс депутаты