Медицина • 22 Қаңтар, 2018

Күйелеш қар, күрсінген қала. Теміртау экологиялық апаттың алдында тұр ма?

1042 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Теміртауда түнде жауған аппақ қар таң ата қайдан шыққаны әзірге белгісіз қап-қара тозаңның астында қалды. Бір аптадан бері қала тұрғындарында маза жоқ... Әлеуметтік желідегі жұрт түсірген, тіпті ғарыштан тартылған фотосуреттерге және де бейнежазбаларға қарап тұрсаң, төбе шашың тік тұрады. Желі қолданушы теміртаулықтар бұл жағдайға «экологиялық геноцид» деп ат қойып, айдар тағып та үлгерді. 

 

Күйелеш қар, күрсінген қала. Теміртау экологиялық апаттың алдында тұр ма?

Былайғы жұрт бұл төтен­ше оқиғаны қаладағы «Арселор­Миттал Теміртау» АҚ-қа қарасты металлургиялық комбинаттың жұмысымен тікелей байланыс­тырады. 

Бүгінгі күнде бұл тығырықтан шығар жолды табу үшін облыстық экология департаментінде эколог, метеоролог мамандар, прокуратура қызметкерлері және кәсіпорын өкілдері енген жұмыс тобы құрылып, Теміртаудағы қап-қара қардың шығу төркінін анықтаумен айналысып жатыр. 

Қазір қалада «Қазгидромет­тің» төрт бірдей бекеті жұмыс істеуде. Бұл іске жылжымалы зертхана да жұмылдырылған. Оның құрамында Қазақстан­ның кәсіби экологтар қауым­дастығының өкілдері зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Мәселе мынаған тіреліп тұр: қарды қара түске бояған көмірдің қара күйе тозаңы ма, әлде металдың әуеге ұшқан ұнтағы ма және мұның адам өміріне төндірер зияны қаншалықты? 

Жалпы, жағдай өңір басшысы Ерлан Қошановтың тікелей бақылауында. «Уақытпен санаспай жұмыс істеңдер. Бұл – ақшадан тарылатын жағдай емес. Әңгіме адамдардың ден­саулығы туралы болып тұр!», деген болатын облыс әкімі осы мәселенің жай-жапсарын талқылаған жиын­да.

Дәл осы басқосуда Қараған­ды метеорология орталығы ди­рек­­торының орынбасары Ва­лерий Стратиенко желтоқ­сан айында Теміртауда азот пен күкірттің еселенген тозаңы­ның мөлшерден тыс артып кеткенін мәлімдеген еді. Маман мұның бір себебі есебінде желтоқ­сан айын­да қалада желдің болма­ғандығын мысал ретінде көлде­нең тартқан болатын. Жел соқ­па­ған соң кәсіпорындар мен автокөліктерден және жер үйлер­дің пештерінен шыққан қою тү­тін қар бетіне тозаң болып қонақ­таған екен...

Алпауыт кәсіпорын да қарап отырған жоқ. Өзіне сөз келтір­меудің барлық айла-шарғысын жасап бағуда. Мәселен, компания жасаған мәлімдемеде мына сипаттағы ақпарат бар. Атап айтқанда, кәсіпорын өт­кен жылы 2016 жылғымен са­лыс­тырғанда 18 029 тонна шаң-­тозаңды атмосфераға кем шығарған екен. Ал соңғы 20 жылдың мұғдарында қоршаған ортаны ластау 3,5 есеге азайған... 

Сонымен қатар компа­ния тарат­қан баспасөз парақша­сын­да мынадай сөздер бар: «Метал­лургия комбинаты сияқ­ты нысандар елді мекендерден белгілі бір қашықтықта орналасуы керек. Бірақ шындығы сол, қала мен металлургиялық комбинат бір-біріне өте жақын салынған. Осындай қолайсыз факторларға қарамастан, компания әкімшілігі комбинаттың қоршаған орта мен елді мекендердің экология­сына тигізер кері әсерін азайту үшін барлық жағдайды жасауды жалғастыра беретін болады. Компания қызметкерлерінің басым бөлігі Теміртау қаласының тұрғындары. Бұл жерде олардың отбасылары тұрады, сондықтан да өңірдегі экологиялық ахуал­ды жақсарту керектігін бәрі де жақсы түсінеді. Проблема бар, компания басшылығы оны шешу үшін жыл сайын әжептәуір көлемде инвестиция бөліп келе­ді. Экологиялық мәселенің то­лық шешілуі – қысқа уақытта орын­­дап тастауға көнбейтін ұзақ­мерзімді жоба».

Алпауыт кәсіпорын осылай деп мәселенің тігісін жат­қызуға тыры­сып-ақ жатыр. Ком­панияның айтуынша, өңір­дегі экологиялық ахуалға кері әсерін тигізетін жалғыз ғана металлургиялық ком­бинат емес екен. Бақсақ, проблеманың шиеленісуіне кесірін тигізіп жатқан басқа да бірқатар себеп бар болып шықты. Атап айтқанда, қалада автокөлік саны үш есеге артқан, сосын пешпен жылытылатын үйлердің саны да шамадан тыс көбейіп кеткен көрінеді.

Бұл мәлімдемеге Теміртау қала­сы­ның әкімі Ғалым Әшімов­тің де айтар уәжі бар. «Қардың бұлайша былғануын анықтаудың біз үшін маңызы зор, – дейді шаһар басшысы. – Неге десеңіз, әркім өзін қорғап әлек. Өндірістік кәсіпорын кінәні пешпен жылытылатын үйлерге аударғысы келеді. Қазір бізде 4 192 үй пешпен жылытылады. Ал қалада тіркелген көлік саны 43 700 бірлік. Бірақ олардың көбі газбен және дизельді отынмен жүреді. Тағы да айтам, ластанудың көзін таппайынша іс алға жылжымайды».

Айта кету керек, облыстық эколо­гия департаменті «Арселор­Миттал Теміртау» кәсіпорнына қатысты бұдан бұрын да тексеру жұмыстарын жүргізген еді. Сол тексерулердің нәтижесінде, өнді­ріс ошағындағы зиянды зат­тардың атмосфераға мөлшерден тыс шығарылуы және де табиғат­ты қорғау шараларының орындалмауы анықталған болатын. Осындай кемшіліктері үшін әкімшілік жауапқа тартылған ком­панияға 105 миллион­ тең­ге айыппұл салынған. Сон­дай-ақ қоршаған ортаға келті­ріл­ген зиянның мөлшері 495 мил­лион теңге болатыны жазыл­ған ұйғарым да кәсіпорын басшы­лығына тапсырылған бо­ла­тын. 

Теміртаудағы төтенше оқиға­ның себеп-салдарын анықтайтын комиссия жұмысының қорытын­дысы таяу арада белгілі болмақ. Ал қаланың белсенді тұрғындары экологиялық апат туралы үндеуге қол жинауды бастап кетті...

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы