Пәтер кілттері тапсырылған салтанатты жиында облыс басшысы Жансейіт Түймебаев мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында елге беріліп жатқан тұрғын үйлер Елбасының халыққа деген қамқорлығының көрінісі екендігін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының мақсаты – әрбір қазақстандық отбасын жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету. Елімізде соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс орталығын айтпағанда, өңірдің түкпір-түкпірінде тұрғын үйлер қарқынды бой көтеріп, жерлестеріміз жаңа пәтерлерге ие болуда. Міне бүгін мемлекеттік бағдарлама бойынша 288 пәтер өз иесін тапты. Биылғы жыл бүгінгі пәтер иелері үшін қуанышты сәттен басталғалы отыр. Сіздерді қоныстарыңызбен құттықтаймын, шаңырақтарыңыз бақыт пен қуанышқа, бала күлкісіне толсын, – деді облыс басшысы.
Пәтер алғандардың бірі Бауыржан Айсағалиевтың қуанышын түсінуге болады. Білім саласында 22 жыл қызмет атқарған ұстаз:
– Бұл күнге де жеттік, – деп марқаяды. – Пәтер тауқыметін тартқандар оның қаншалықты қиындығын біледі. Бүгінде Үкіметке артық-ауыс сөз айтып, халықтың көңілін қобалжытатындар көбейіп барады. Ел пайдасы үшін ештеңе жасалмай отырғандай көреді. Өз басым дәл Қазақстандағыдай елге қамқорлықты көршілес мемлекеттерден байқай қоймаймын. Халықтың әлсіз топтарына жеткілікті көңіл бөліну-
де. Сондықтан мемлекет қамқорлығы үшін Елбасымызға рахмет айтамыз.
Жаңадан пайдалануға берілген пәтер кілттерін тапсырған облыс әкімі Айсағалиевтар отбасының дастарқанынан дәм татты.
Сөз реті келгенде айта кетейік, облыста 2017 жылы аумағы 625,789 мың шаршы метрді құрайтын жалпы саны 7500-ге жуық пәтер берілген. Оның ішінде 3 мыңнан астам пәтер «Бәйтерек» АҚ арқылы берілген арендалы тұрғын үйлер болса, 2285 пәтер жекеменшік есебінен алынған тұрғын үйлер. Бұдан өзге, жас отбасыларға арналған және сатып алу құқығынсыз берілетін арендалық, сондай-ақ несиелік тұрғын үйлер бойынша 2161 пәтер иелерін тапты.
Мемлекеттік бағдарламалар ұлыстың ұйытқысы атанған Оңтүстікке осындай шарапатын тигізіп жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы