Ол ауылды отқа орап, қарсы келгенді жалмап келе жатқанда, бір қыран бүркіт балапанын қорғап, онымен айқасқа түседі. Аспан қожасының тегеурініне төтеп бере алмаған әбжылан ақыры жер астына қашып, тығылуға мәжбүр болады. Ал қыран отқа оранған ұядан балапанын аман алып шығып, қанат талып жететін қиясына самғай жөнеледі. Адам жұтып дәніккен әбжылан күн тұтылып, өзінің айдаһарға айналар сәтін асыға күтеді...
Бұл – Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жасап шығарған «Мұзбалақ» атты толықметражды көркем анимациялық фильмнің қысқаша мазмұны. Кеше киностудия осы фильмнің трейлерін жариялады. Бүркіт пен адамның достығын баяндайтын бұл мультфильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Фильм режиссер-аниматор – Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазының бірлескен шығармашылық еңбегінің жемісі.
Екі жылға созылған бұл фильмді жасап шығаруға кинематографияның осы жанрында еңбек етіп жүрген 40-қа жуық отандық маман тартылған. Ұзақтығы 65 минутқа созылатын мультфильм 2D және 3D форматында жасалған және әр секундында 24-25 кадр сурет салынған. Кейіпкерлерді дыбыстауға Ержан Жарылқасынұлы, Жанат Тыныбаев, Самат Қордабай, Ерғали Төлебаев, Алма Әділқызы есімді театр және кино актерлері қатысқан.
– Біз осы «Мұзбалақтан» бұрын «Тастүлек» атты қысқаметражды анимациялық фильмді аяқтаған едік. «Қазақфильмге» Бақыт Ғафуұлы басшы болып келді. Ол кісі анимация бөліміне келіп біздің «Тастүлек» анимациялық фильмімізді көріп, ұнатқанын, мүмкін болса, фильмді әрі қарай толықметражды етіп жасау туралы ұсынысын білдірді. Басшының қолдауымен жаңа толықметражды «Мұзбалақ» мультфильмінің сценарийін жазуға кірістік, жаңа кейіпкерлерді қостық және экшн жанрында түсіреміз деп шештік, – дейді Тілек Төлеуғазы.
Авторлар «Мұзбалақ» анимациялық фильмі арқылы тарих қойнауына еніп, жоғалып бара жатқан, қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық мәдениетін көрсету арқылы жас ұрпақтың санасына өзара сенім мен достық ұғымын сіңіруді көздейді.
– Бес жасар бүркітті қазақ Мұзбалақ дейді. Қазақ бұл тәкаппар құсқа жас ерекшелігіне қарай ат қояды. Біз аңға шықпасақ та, бала күнімізден аңшылардың әңгімесін тыңдап өстік. Үлкендерге еріп, аңның қалай тұзаққа түсетінінің шет жағасын көзімізбен көрдік. Қазақ халқы қыранды қолға үйретудің шебері, бабы келіскен кезінен бастап аңға қалай салатынын дәл қазақтай меңгерген халық некен-саяқ шығар,– дейді әріптесінің ойын толықтырған Тұрдыбек Майдан.
«Қазақфильм» киностудиясы 2017 жылы екі толықметражды анимациялық фильм өндірді. Соның бірі «Мұзбалақ» болса, екіншісі режиссер Адай Әбілданың тарихи тұлға, қолбасшы Күлтегін туралы картинасы. Аталған фильмдер толыққанды аяқталған және прокаты мен тұсаукесері үстіміздегі жылдың көктеміне жоспарланған.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ