Аймақтар • 23 Қаңтар, 2018

Оңтүстік жастарын шетелдің оқу орындары шақырады

225 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның президенті Жанболат Мелдешовтің мәлімдеуінше, бүгінде шетелге барып білім алуға ниетті азаматтардың саны өте аз.

Оңтүстік жастарын шетелдің оқу орындары шақырады

Оның бір себебі ретінде халықтың «Болашақ» бағдарламасы туралы ақпаратпен қанықпағаны айтылуда. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ы осы мәселені шешу, өзге елге барып білім алатындардың қатарын көбейту мақсатында әлемнің дамыған елдерінің және отандық жоғары оқу орындарының өкілдерін шақырып, Шымкенттегі «Rixos Khadisha Shymkent» қонақүйінде білім көрмесін ұйымдастырды. «Қазіргі таңда өзге елдерде оқитын жастардың 85 пайызы Астана, Алматы қалаларына тиесілі. Енді оңтүстікқазақстандық жастардың санын арттырсақ деген жоспар бар», - дейді Ж.Мелдешов.

Білім және ғылым минстрлігінің қолдауымен өткен «Халықаралық білім беру – 2018» көрмесіне облыс әкімі Жансейіт Түймебав қатысып, қонақтарға өңірдің білім саласындағы мүмкіндіктері мен әлеуетін таныстырды.

«Елбасы әрдайым өзінің халыққа арнаған Жолдауларында жастардың білімді де, бәсекеге қабілетті болу керектігін айтып келеді. Міне, осы мақсатта «Болашақ» халықаралық стипендиясы құрылды. Аталған бағдарлама аясында әлемнің 35-тен астам елінде 12 мыңнан астам қазақстандық азамат білім алды. Бүгінде бағдарлама бойынша білім алған 300-ден астам оңтүстікқазақстандық жас еліміздің экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда. Халық саны жағынан көш басында тұрған өңіріміз «Болашақ» бағдарламасына қатысу бойынша да бірінші орында болу керек деп ойлаймын», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Көрмеге АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа мен Азия және ТМД елдерінің 83 жоғары оқу орындары, тіл үйрету мектептері мен білім агенттіктері қатысты. Олар шара барысында шет тілдерінде еркін сөйлейтін, қабілетті жастарды оқуға шақырды. Көрмеге бірінші күннің өзінде шетелде оқуды армандайтын 4 мыңнан астам жас келді.

Сондай-ақ, көрме аясында қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының білім агенттіктері арасында кездесу ұйымдастырылып, «Болашақ» бағдарламасын пайдалану ауқымын кеңейту жайы талқыланды.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»