«Зәйтүн бұтағы» деп аталған операцияға түрік әскерінің қолдауына ие Сириядағы оппозициялық күштердің отрядтары тартылған. Сондай-ақ Түркия әскери авиацияға жүгінуде. Анкараның мәлімдеуінше, әскери операцияның мақсаты – Түркияның шекарасын қорғау, аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, күрд жасақтары мен ДАИШ-ке қарсы тұру.
Халықаралық қауымдастықта Сириядағы күрдтердің YPG тобына қатысты көзқарас біржақты емес. Түркия YPG (күрд. Yekîneyên Parastina Gel – Халықты қорғау жасақтары – ред.) деп аталатын күрд жасақтары тобын бұрыннан Күрдістанның жұмысшылар партиясымен (PPK) байланысы бар террористік ұйым ретінде бағалайды. Сондықтан да топтың Сирияның солтүстігіндегі аймақтарды ДАИШ әскерінен азат етуін өз территориясына қауіп деп көреді. Ал БҰҰ, ЕО және АҚШ сириялық күрдтердің YPG тобын ДАИШ-ке қарсы тиімді күш ретінде бағалайды. АҚШ Түркияға YPG тобына қарсы әскери шабуылды тоқтату үшін қысым жасап, сириялық күрдтерді операциялар аумағын кеңейтпеуге шақырып келген. ЕО Түркияны Сирия территориясындағы әскери операциялардан бас тартып, әлемдік алпауыттардың елдегі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған талпыныстарын жоққа шығармауға шақыруда. БҰҰ Түркияны халықаралық заң талаптарына сай әрекет етуге үндеуде.
Сарапшылар Түркияның бұл қадамы Сириядағы жағдайды одан әрі ушықтыра түседі деген ойда. Лондондағы Teneo Intelligence компаниясының негізін салушылардың бірі Уолфанго Пикколи Bloomberg-ке «Түркияның Африн қаласындағы бұл операция жеті жыл бойы созылып келе жатқан соғыста жаңа ошақтың тұтануына себеп болып қана қоймай, Анкара мен Вашингтон арасында ушығып тұрған байланысты одан сайын күрделендіре түседі» деген пікірін білдірген.
ВВС-дің хабарлауынша, Түркияның осы уақытқа дейін жалғасып келген шабуылдарына қарамастан АҚШ-тан қолдау тапқан Сириядағы күрдтердің YPG тобы мен арабтардың Сирияның Демократиялық Күштері (SDF) ұйымы арасындағы одақ түрлі террористік ұйымдардың бақылауындағы бірнеше стратегиялық аймақты өз бақылауына алған. Осы айда одақ жихадшыларды Түркиямен шекарадағы Жараблус қаласына қарай шегінуге мәжбүрлеген. Жараблус қаласы ДАИШ-ке қарсы күрестің келесі нысанасы болады деген пікір бар. Ал Түркия болса Сирияның солтүстігінде «буфферлі зона» құру үшін маңызды саналатын шекарадағы Азаз қаласын күрдтер басып алады деп қауіптенуде.
Күрдтер АҚШ бастаған ДАИШ-ке қарсы коалицияны кезінде Түркия мен Ирактағы Күрдістанның жұмысшылар партиясын (PPK) шабуылдауға пайдаланса, қазір оны Сирияның солтүстігіндегі YPG тобына қарсы пайдалануда деп айыптауда. Күрдтердің айтуынша, Түркияның оларға қарсы шабуылы ДАИШ-тің күшеюіне жағдай жасап, Сирия мен Ирактағы күрд фронттарының әлсіреуіне әкеледі-міс.