Аймақтар • 23 Қаңтар, 2018

Атырау халқы Фариза ақынды еске алды

399 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынованың өмірден озғанына бүгін төрт жылдың жүзі ауды.

Атырау халқы Фариза ақынды еске алды

Ақынның туған жері Атырауда поэзия падишасының әдеби мұрасын насихаттауға арналған шаралар жиі ұйымдастырылады. 2016 жылы облыс орталығында еңселі ескерткіш орнатылды. Өңірдегі өнерлі жастардың басын қосқан «Фариза жұлдыздары» жас ақындар клубы құрылды. Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында, Назарбаев зияткерлік мектебінде «Фариза Оңғарсынова кабинеті» ашылды. Ақын оқыған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде мемориалдық тақта орнатылды. Облыстағы мәдениет мекемелері мен білім беру ұйымдарында поэзия падишасының рухына арналған шаралар өтіп тұрады. Мұның бәрі туған жерінің ардақты перзентіне деген құрмет-ықыласы.

-«Фариза жұлдыздары» клубының мүшелері республикалық әдеби байқауларда жүлдегер атанды. Шығармалары басылым беттерінде жарияланып жүр. Биыл Атырау жас ақындарының антологиясын шығару, кештерін өткізу жоспарда бар.  Клубтың мақсаты Фариза Оңғарсынованың шығармашылығын насихаттап қана қоймай, атыраулық жас таланттарға қолдау көрсету, қанат бітіру. Кітапханадағы «Фариза Оңғарсынова кабинеті» шығармашылықпен айналысатын жастардың басын қосатын, кездесулер ұйымдастыратын, Атырауға келген зиялы қауым өкілдері арнайы ат басын бұратын құтханаға айналды. Осы бағыттағы жұмыстарымыз биыл да жалғасады. Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрымен бірлесіп ақын шығармашылығына арналған мюзикл дайындауды ойлап отырмыз - дейді клуб жетекшісі, ақын Әлия Дәулетбаева.

Ақынның дүниеден озған күнінде аймақтағы зиялы қауым өкілдері мен жастар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, өлеңдерін оқыды, естеліктер айтты. Бұл үрдістің дәстүрге айналып келе жатқаны да «Жоғалмаймын, жоқтаушы халқым барда» деген ақын жырының ақиқатқа айналғанының айғағы.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»