Атырауда мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлттың өкілдері өте көп. Соның бірі – Вера Шин. Оның қазақша сөйлегеніне бұған дейін түрлі басқосуларда талай рет куә болған едік. Бұл жолы онымен арнайы әңгімелесу мақсатымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне іздеп бардық. Студент екенінен хабардар болғандықтан, әуелі қандай мамандық бойынша білім алып жатқанын сұрастырып көрдік. Сөйтсек, ол университеттің сырттай оқу бөліміне ауысыпты да, хатшы-референт болып жұмыс жасайды екен. Бірінші проректордың қабылдау бөлмесіне бас сұққанымыз сол еді: «Сәлеметсіз бе, қандай шаруамен жүрсіз?» деп хатшы қыз бізге таза қазақша тіл қатты.
– Вера Шин деген қарындасты қалай тапсақ екен?
– Мен ғой, аға, – деп орнынан тұрды ол. Үлкенді сыйлай білетін ізеттілігі байқалып тұр. Вера Викторовна әңгіме барысында оның қазақша мақалдап сөйлегеніне, мемлекеттік тілдің келешегіне жанашырлық танытқанына іштей риза болып отырдық.
– Вера, қазақ тілін қашан, қалай үйреніп алдың?
– Мен Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылында өмірге келдім. Бұрын біздің бұл ауыл Чкалов деп аталған ғой. Біздің ауылда көп ұлттың өкілдері тұрады. Қазақтар да, корейлер де, орыстар да, бұдан басқа да бірнеше өзге ұлт өкілдері бар. Балалық шағым сол ауылда өтті. Сол ауылда мектепті бітірдім. Мектепте орыс сыныбында оқыған едім. Бірақ көршілеріміздің көбі қазақтар, менімен бірге ойнайтындар да көбіне қазақ балалары болатын. Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнін ерекше жақсы көрдім. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Орынбек Ізбасаров деген ағай дәріс берді. Сол ағай қазақ тілін керемет үйретті бізге. Ол бізді өзге ұлт өкілдері қатысатын мемлекеттік тіл байқауларына дайындады. Соның жемісін қазір көріп жүрмін.
– Ата-анаң қазақ тілін жете меңгерсем деген талабыңа қалай қарады?
– Менің анам Надежда – орыс қызы. Бұрын Индер ауданының Өрлік ауылында тұрған. Кейін нағашыларымыз біздің ауылға көшіп келген ғой. Содан әкем екеуінің дәм-тұзы жарасып, шаңырақ көтерген. Қазақ ауылында өскендіктен болар, анам да қазақша жақсы түсінеді. Әкем де, анам да менің қазақ балаларымен достасып, жақын араласқанымды, тіпті қазақша үйренгенімді қолдады. Олар әрдайым менің талабыма, апа-сіңлілеріме қолдау білдіруден танбады. Менің мемлекеттік тілді меңгерудегі жетістігіме, әсіресе қазақ тілі байқауларында жүлделі орынға ие болсам, ұдайы қуанып отырады. Әкем үнемі «Қызым, қазақшаны жақсылап үйреніп ал, бұл өзің үшін қажет болады» деп отырушы еді. Бұл сөз – мен үшін әкемнен қалған аманат секілді көрінеді. Анам да ешқашан қарсылық білдірген емес. Анам әлі күнге «Қазақшаң қалай, жетілдіріп жүрсің бе?» деп жанашырлық танытып отырады.
– Қазақ жастары арасында достарың бар шығар. Олармен жиі араласып тұрасың ба?
– Білесіз бе, өмірдегі ең қымбат санайтын құрбыларымды қазақ қыздары арасынан таптым. Сенбей отырсыз ба? Біздің ауыл кезінде Чкалов деп аталғанмен, мұндағы тұрғындардың басым бөлігін негізінен қазақ отбасылары құрайды. Бір көшеде тұрған қазақ балаларымен күнде бірге ойнайтынбыз. Солардың арасынан Нұршат Сапанова, Жадыра Жиенқұлова секілді жан сырымды бөлісетін құрбыларымды жаныма ерекше жақын тартамын. Қазір бұл құрбыларымның бірі колледж бітірді, екіншісі – біздің университеттің студенті. Әлі күнге жұбымыз жазылған жоқ. Өмірдің жолы тақтайдай тегіс болмайды ғой. Қуаныш та, қиналатын кездер де болады. Сондай сәттерде үш құрбы бір-біріміздің жанымыздан табыламыз. Менің қазақ тілін жетік білуіме де осы құрбыларымның сіңірген еңбегін атап айтқым келеді. Нұршат пен Жадырадай құрбылар таппасам, бәлкім, қазақ тілін дәл бүгінгідей жетік білмеген болар едім!
– Қазақ тілін үйрену қиын болған жоқ па?
– Неге олай дейсіз? Мен осы тілді үйренуге ниет еткелі бері көзім мынаған жетті. Әлемде бірнеше жүз тіл болса, соның ішінде қазақ тіліндей ең сұлу, ең шұрайлы тіл жоқ шығар. Өйткені, бұл тіл –менің жүрегіме ең жақын тіл. Сөздік қоры көп, ең бай тіл де –қазақ тілі. Қазақ тілін үйренуде еш қиналған емеспін. Рас, алғашында «Сәлеметсіз бе?», «Сау болыңыз!» деп басталған сөздік қорым күнбе-күн толыға түскенін өзім де байқаған жоқпын. Мені ешкім қазақ тілін үйренуге мәжбүрлеген жоқ. Өзімнің жүрек қалауыммен үйренуге талпынғандықтан ба, әлде корей мен қазақ халқының салт-дәстүріндегі кейбір ұқсастықтар қызықтырды ма, әйтеуір, қазақ тілінің түпсіз терең иіріміне қалай бойлағанымды өзім де байқамадым. Қазақ тілін өте тез үйрендім. Соған әлі де таңданумен келемін. Мен қазақ тілін үйренгеніме ешқашан өкінген емеспін. Керісінше, өзімді бақытты санаймын. Өйткені, қазір мен қазақша ойлап, ойымды қазақша еркін жеткізе аламын. Тіпті қазақша ешбір қатесіз жазамын.
Мен қазақ тілін үйрену арқылы қазақ халқының тарихымен, мәдениетімен, әдебиетімен сол тілде танысуға мол мүмкіндік алдым. Қазақтың жанын бір кісідей ұғына аламын. Қазақ тілі мен үшін өзімнің ана тілімдей болып кетті. Қазақстан – менің Отаным! Қазақ тілі – менің де тілім! Өзім тұратын Отанымның мемлекеттік тілін меңгеру мен үшін алынбас қамалдай болмауы тиіс деп ойлаймын. Абай атамыз адамдық болмысты «Адам болам десеңіз, Бес нәрсеге асық бол. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рахым ойлап қой» деп суреттейді емес пе? Осынау бес талапты орындауға шын ниетімен асық болып, талаптанған адамға қазақ тілін үйрену соншалықты қиын болмайтынына сенімдімін.
– Вера, қазір қанша тіл білесің?
– Қазақша жақсы сөйлейтінімді білесіз. Мектепте орысша оқығандықтан, бұл тілді де еркін меңгердім. Енді ана тілім – корей тілін оқып жүрмін. Таңғалып отырған боларсыз, мен бұрын өз тілімді меңгере алған жоқ едім. Өйткені, корейлер кезінде Одақтың әр қиырына тарыдай шашырады. «Байтал түгіл бас қайғы» дегеннің кебін киген біздің аталарымыз да сол бір қиын кезеңде қазақ жерінен пана тапты. Қазақ халқының кең пейілін көрді. Бірақ, сол кездегі саясаттың салқыны корейлерге ана тілін, салт-дәстүрін ұмыттыруды көздеді. Әрине, өз тілімді білмеу өмірдегі ең басты кемшілігім. Сол кемшілігімді түзетуге талпыныс жасап жүрмін. Себебі, болашақта менен көп адам «Ана тіліңді білесің бе?» деп сұрауы мүмкін ғой. Сондайда ұялып қалмауым керек. Қазақта «Өлімнен ұят күшті» демей ме? Ойшыл ақын Қадыр Мырза-Әлі ағамыз «Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!» деген емес пе! Кейін өкінбеу үшін корей тілі курсына барып жүрмін. Сосын қазіргі дәуірде шет тілін білген де артық етпейді. Өмірдің өзі адамды көп тіл білуге бейімдейді. Бұл – жазылмаған заңдылық. Сол себептен, ағылшын тілін меңгеруге де ден қойдым. Мұның және бір себебі, менің болашақ мамандығым – бағдарламашы. Осы мамандықты игерген мамандарға ағылшын тілін білу аса қажет деп ойлаймын.
– Ақын-жазушылардан кімдердің шығармаларын оқисың?
– Бала кезімнен әдебиетке жақын болып өстім. Әсіресе, қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын қызыға оқыдым. Абай атамыздың философияға толы өлеңдерінің біразын жатқа білемін. Данышпан ақынның қара сөздерінің өзі неге тұрады! Тұнып тұрған философия ғой. Абайды данышпан деу өте орынды. Бұдан бір жарым ғасырдай бұрын жазған қара сөздеріндегі, өлеңдеріндегі кейбір теңеулерден көңілге түйетін жайттар көп. Бүгінгі қоғамда жиі кездесетін көріністерді жазып кеткен Абай атамыздың көріпкелдігі де бар шығар деп ойлаймын. Ыбырай Алтынсарин, Махамбет Өтемісұлының шығармалары да қызықтырады. Бұларды мектеп кезінен жатқа білемін. Мұқағали Мақатаевтың, Әбу Сәрсенбаевтың өлеңдері де өзіндік ерекшелігімен баурайды. Өзіңіз де білетін шығарсыз, Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» деген өлеңі бар ғой. Бірінші бақытқа халықты, екіншіге – ана тілді, үшіншіге Отанды балайды. Мұқағали ақынның бір өлеңі ғана емес, оның поэзиясынан халықты, тілді, Отанды сүюге үндеген бірнеше өлеңді табуға болады.
Жігеріңді жанитын мұндай өлеңдер қазақтың ақын-жазушыларының қай-қайсысының да шығармасына арқау болған. Тек соны түсініп оқу керек. Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерінен де осыны таба аласыз. Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы да менің қазақша сөздік қорымды байыта түсуіме ерекше әсер етті. Қазақ тілі бойынша өтетін түрлі байқау, олимпиадаларға мектеп жасынан қатысып келемін. Биыл республикалық тіл олимпиадасында бақ сынадым. Қазір Атыраудағы «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының қолдауымен өтіп жатқан «Мен қазақша білемін» атты конкурстың үшінші турына өттім. Міне, осындай сайыстарда жоғарыда атап айтқан ақын-жазушылардың шығармаларын орындап жүрмін.
– Қазақ жігітіне тұрмысқа шығыпсың, оның ата-анасы сені қалай қабылдады?
– Қазақ тіліне бауыр басқаным соншалықты, Абзал есімді қазақ жігітімен тағдырымды байланыстырдым. Бір-бірімізді бала күнімізден білеміз, бір көшеде тұрдық. Оның үйі мен біздің үйдің арасында бір үй ғана бар. Біз бала күнімізде талай бірге ойнағанбыз. Бала күнгі достығымыз үлкен сезімге ұласты. Әке-шешелеріміз де бір-бірін жақсы таниды. Егер мен қазақ ауылында өспесем, қазақ тілін білмесем, қазақы отбасының шаңырағына келін боп түскенде қатты қиналар едім. Бағыма қарай, Абзалдың ата-анасы мені құшақ жая қарсы алды. Абзал – үйдің үлкен баласы. Бірақ ата-енем мені шаңыраққа түскен келін деп емес, өздерінің қыздарындай жылы қабылдады. Бұл үлкен әулет, жасы 84-ке келген үлкен енем, яғни Абзалдың әжесі бар. Сол кісі маған мейірін төгіп, алғашқы күннен «қызым» деді. Сондайда маған бұл өмірде әжемізден қымбат жан жоқтай көрінеді. Әлі күнге келін деген емес. Осы әжеміз тұңғыш қызымыздың атын Эльза деп қойды. Қазір қызымыз үлкен әжесінің, ата-әжесінің бауырында, жасы 4-ке келді. Ауылдағы балабақшаға барады. Атам менің атымды Үміт деп қазақша атайды. Қазір біз Атырау қаласында жатақханада тұрамыз. Апта сайын туған ауылға баруға асығамыз.
– Өзіңнің ата-анаң қарсылық білдірген жоқ па?
– Әке-шешемнің о бастан менің әрбір қадамымды қолдайтынын білемін ғой. Абзал екеуміз сөз байласып, шаңырақ көтеруге уағдаласқанда, олардың қарсылық танытпайтынына сенімді болдым. Абзалдың ата-анасы қазақы дәстүрмен құда түсіп келді. Мұндай дәстүр біздің халықта да бар. Әке-шешем қарсылық танытқан жоқ. Өйткені, олардың өздері де жүрек қалауымен шаңырақ көтерді ғой. Сол себептен болар, біздің таңдауымызды құптады. Ақылдарын айтып, келешек өмірімізге тілеулестік танытты. Өйткені, қазақ пен корей халықтарының дәстүрінде ұқсастықтар өте көп. Бұл да әсер еткен болар деп ойлаймын.
– Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін қандай шара қолға алынуы керек деп ойлайсың?
– Абзал екеуміз әр сенбі, жексенбі сайын туған ауылымызға барамыз. Сонда төркініме де соғамын. Апа-сіңлілеріммен, жиендеріммен әдейі қазақша сөйлесемін. Ондағы мақсатым біреу – олар да қазақша үйренсін. Кіші сіңлім мектепте 7 сыныпта оқиды. Қазақ тілінен мектептегі байқауға қатысып, бірінші орынды иеленді. Қазақша үйренем деген талабы мені қатты қуантты. Себебі, бұл Қазақстанды мекен еткен әр азаматтың міндеті болуы тиіс. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді, тәуелсіз елімізді бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енгізу қажеттігін ұдайы айтып келеді ғой. Сол себептен, Қазақстан азаматтары ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді меңгеруі қажет. Бәлкім, мемлекеттік қызметке жұмысқа қабылданатындардан мемлекеттік тілді еркін білуін талап ету қажет шығар. Еліміз бәсекеге төтеп беретін мемлекет болуы үшін сапалы өнімдер шығарумен шектелмей, мемлекеттік қызметте, өзге де, мәселен мұнай-газ өнеркәсібі, энергетика секілді жетекші салаларда жұмыс жасайтын мамандар қазақ тілінде жатық сөйлей алуы, іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізе алатындай болуы шарт дер едім.
– Қазақ тілінің келешегіне қатысты сені қынжылтатын жайттар кездесті ме?
– Біздің университетке, басшыларға әр түрлі шаруаларымен келетін адамдардың өтініш жазуына тура келеді. Сондай кездерде үлкен ағалар, менің замандастарым өтінішті қазақ тілінде жазуға қиналып жатады. «Қарындасым, көмектесіп жіберші», деп қолұшын бергенімді сұрайтындар да болады. Әрине, мен бұл өтініштерді аяқсыз қалдырған емеспін. Өйткені, өзің біліп тұрған нәрсені өзгелердің білуіне де барынша жағдай жасау қажет. Бұл – мен ұстанатын басты қағида.
Бір қынжылатыным – менен қазақша өтініш жазуға көмек сұрайтындар қазақ азаматтарының болғаны. Олар бәлкім, мені қазақша сөйлегендігімнен қазақ қызы деп ойлайтын шығар. Егер менің корей қызы екенімді білсе, өздерінің ана тілінде өтініш жаза алмағаны үшін қатты ұялған болар еді. Сол себептен, мұндайда өзімнің кім екенімді айтпауға тырысамын.
– Өмірде нені қадір тұтасың?
– Әр адамның өмірде қадір тұтатыны көп. Барлығы дерлік ата-анасын қадірлейді. Өмірлік серігің болар жарыңды қадірлеу де қанымызда бар қасиет. Біреулері жан сырын бөлісетін досын құрметтейді. Кіндік қаның тамған, балалық балдәуренің өткен туған жер де жүрек түкпірінен ешқашан өшпейді. Бәрі де дұрыс, мен де осы қағидаларды ұстанамын. Сонымен бірге, туған еліңнің тәуелсіздігін қадір тұту бәрінен жоғары тұруы қажет деп ойлаймын. Бұл – қазақстанды мекен еткен әр азаматтың көкейінде жүретін басты мақсат. Неге дейсіз ғой. Өйткені, біз қазір Қазақстанда бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Әлемнің көптеген елдерінде түрлі қақтығыстар, экономикалық қиындықтар болып жатқанын білеміз. Табиғат апатының зардабына ұрынып жатқан елдер де көп. Ал біздің еліміз осындай қиындықтардың біріне кезікпегеніне шүкірлік етуіміз керек.
Биыл ел тәуелсіздігіне 20 жыл толғалы отыр. Міне, осынау көзді ашып-жұмғандай өте шыққан қысқа мерзімде менің Отаным – Қазақстанның экономикасы қарыштап дамыды. Әлемдік қауымдастықта еліміздің абыройы асқақтады, мәртебесі биіктеді. Халықаралық саясаттағы салмағы еселене түсті. Бұл – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаткерлігінің жемісі. Елбасының саясатын қолдаған ел халқының ынтымағының, бірлігінің жемісі. Қазақстандай татулығы жарасқан бейбіт елде тұрып жатқан баршамыз мемлекеттік тілімізді қадірлей білуіміз керек қой. Өйткені, мемлекеттік тіл – Қазақстанды мекен еткен барша ұлттарды ұйыстырушы, отаншылдық сезімін қалыптастыратын, бірлік пен ынтымаққа үндейтін тіл. Қазақ жерінде тұратын өзге ұлттардың әр азаматы қазақтың тарихын, мәдениеті мен әдебиетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын тереңірек білгісі, қазақ халқының жанын ұққысы келсе, алдымен қазақ тілін меңгеруі қажет. Бұл – баршамыздың міндетіміз.
Мен қазақ тілін қадірлеп қана қоймай, ана тілімдей сүйемін! Себебі, мен өз ана тілімнен бұрын қазақ тілін жетік меңгердім. Қазақ тілін еркін меңгеруімнің арқасында жетістікке жеттім. Қазақ тілінің арқасында Абзал сынды аяулы жар тауып, қазақ отбасының шаңырағына келін болып түстім. Қазақ тілінде жетік сөйлеуімнің арқасында университеттің қазақ бөлімін сәтті бітіргелі отырмын. Ендеше, мен қазақ тілін қалайша қадірлемеймін! Сонымен қатар, ата-бабаларымыз қиындыққа тап болғанда, төріне шығарып дастарқанынан дәм татқызған қазақ халқына шексіз құрметімізді мемлекеттік тілді меңгеру арқылы білдіргеніміз орынды болатын шығар деп те ойлаймын.
– Вера, қазақ тіліне, қазақ еліне деген шексіз құрметіңе рахмет. Талабыңа нұр жаусын!
Әңгімелескен
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
Атырау облысы.