Сегіз жасар бала болашақта ғарышкер болып, аспан әлемін зерттеуді армандайды. Талабымен тас жарған Нұрмұхаммад өткен жылы Малайзия мемлекетінің астанасы Куала-Лумпур қаласының «Genting International Convention Centre» базасында «ЮСМАС» академиясының ұйымдастыруымен ментальды арифметика бағдарламасы бойынша өткен жарыстан жүлдемен оралған еді. Осымен 22-ші рет ұйымдастырылып отырған халықаралық жарысқа әлемнің 45 елінен 3000-нан аса оқушы қатысқан. Ал ізденімпаз Нұрмұхаммад Атымтай осы сында екінші орын иеленді.
Халықаралық бәсекенің талабы бойынша әрбір қатысушы 8 минутта 200 есепті шығаруы керек екен. Нұрмұхаммадтың ойша есептеудегі шапшаңдығы әлемнің білімді балаларының арасында қызығушылық туғызған. Енді Нұрмұхаммад жаратылыстану ғылымдарын үйрену үшін математиканы толық меңгеру жолында іздену үстінде.
Ұлының талабын сезген әкесі Батырхан Атымтайұлы «ЮСМАС» халықаралық ментальды арифметика академиясы жайлы теледидардан естіген екен. Сөйтіп үш баласын да сол академияға оқуға берген. Араға жыл салып кенже ұлы Нұрмұхаммад биік белесті бағындырып отыр. Енді ол биыл Иранның Тарбидзе қаласында өтетін халықаралық жарысқа қатысатын болады.
Бүгінде әлемдік рекордтар кітабына енген «ЮСМАС» халықаралық академиясының орталықтары еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді. Ел ішіндегі ерекше дарындардың білімін жетілдіріп, талабын асқақтататын академия болашақта да Нұрмұхаммад сияқты кішкентай математиктерді тәрбиелей бермек.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы