03 Ақпан, 2010

БАЙЛАНЫСТАР ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛМЕК

1069 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Германия Федеративтік Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік министрі Корнелия Пипер ханымды қабылдады. 2009 жылғы табысты өткен Қазақстанның Германиядағы жылы және биылғы Германия­ның басталғалы тұрған Қазақ­стан­дағы жылы кездесудің ортақ тақырыбы болды. Корнелия Пипер Германияның Қазақ­стан­дағы жылын ашуға арнайы кел­ген. Бұл салтанатты шара Астана қаласында өтеді. Мәжіліс Төрағасы Германия Қазақстанмен сауда-экономи­ка­лық әріптес елдердің ішінде бастапқы ондыққа енетінін атап өтті. Қос мемлекеттің ынтымақ­тас­тық, саяси-экономикалық бай­ланысы арта түсуіне өткен жыл­ғы 3 ақпанда Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың Германияға жасаған ресми са­пары, Мемлекет басшыларының жоғары деңгейде өткен кезде­сулері негіз болды. “Өткен жылы Германияда көп­теген мәдени-гуманитарлық іс-шаралар өтті. Биыл да Гер­манияның Қазақстандағы жылы аясында білім, ғылым, өнер мен мәдениет салаларында байланыс­тар өріс алатын болады. Ең бастысы, екі мемлекет арасында сенімді әріптестік қалыптасты”, – деді Орал Мұхамеджанов. Тараптар екі ел арасындағы байланысты барлық салада және әр деңгейде жан-жақты дамы­ту­дың маңыздылығы өте зор еке­нін айтты. Корнелия Пипер екі елдің ара­сын жалғастыруда Парла­мент­тің үлкен рөл атқаратынын, өзі де қазіргі қызметіне кіріскенге дейін 11 жыл бойы Бундестаг депутаты болғанын айтып өтті. Сондай-ақ Қазақстан Греманияның Орталық Азиядағы сенімді әріптесі екенін, екі елдің ынтымағы жарасым таба беруіне тілектестігін білдірді. Мәжіліс Төрағасы Қазақстанда көптеген неміс диаспорасы тұраты­нын, ал Германияға қоныс аудар­ған жерлестеріміз де екі ел арасына алтын көпір салып отырғанын мәлімдеді. Кездесуде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, оның басты ұстанымдары, жуырда жария етілген ел Президентінің халыққа Жолдауы, “Еуропаға жол” бағдар­ламасының мақсаты жайлы әңгіме өрбіді. Тараптар сауда-экономикалық айналымды жақсарту, білім мен ғылым саласындағы байланысты жан-жақты ұлғайту қажеттігі жөнінде пікір алмасты. Кездесуге Мәжілістің Халық­ара­лық істер, қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің төрағасы, Қазақстан-Германия парламент­аралық достық тобының жетекшісі Әмзебек Жолшыбеков пен Қазақ­станның Германиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Оңжанов қатысты. Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі.