Сөз жоқ, қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің терең логикасы бар, ол заманауи технологиялық ортаның, коммуникацияның, ғылыми және білім беру үдерісінің ерекшеліктеріне байланысты. Сонымен қатар интернет жүйесінде үстемдік латын графикасында, ұялы байланыстағы хабарламалардың көбі осы таңбамен жазылуда.
Әліпбилік жазу – жеке дыбыстарды бейнелейтін және сол арқылы тілдегі сөздердің дыбыстық мағынасын беретін жазба таңбалар жүйесі. Таңбалар жүйесінің жеңіл, тілге орамды болуы, таңбалардың қазақ тіліне тән дыбыстарды қамтамасыз етуі, осы графикада жазылған шығармалардың басқа тілдерге компьютерлік аудару ерекшелігі, жазудағы ықшамдылығы мен ыңғайлылығы жаңа әліпбиге өтудегі басты мәселе болып, халықаралық жауапкершілікке тіреледі, яғни әліпбиді графикалық үйлестіру қажет. Латын әріптері орыс, араб әріптеріне қарағанда жұмсақ, әрі оралымды, қазақ фонетикасына жақын.
Екінші ұмытуға болмайтын мәселе – қазақ тілі туыстас түркі тілдері тобына кіреді. Түркі халықтары – әдет-ғұрып, салт-сана, тілдері ұқсас туысқан, ежелгі замандағы этнос. Түркі тілдері өзара туыстас болғандықтан, олардың бір-біріне жақындықтары, ортақ қасиеттері мол. Түркі тілдерінің туыстастығы олардың лексикалық құрамынан, фонетикалық (дыбыстық) жүйесінен, грамматикалық құрылысынан байқалады. Көптеген сөздер түркі тілдеріне ортақ болып келеді.
Туыстас түркі тілдерінің фонетикалық (дыбыстық) ерекшелігі – транслитерациялық топта екендігі, яғни сөз қалай айтылса, солай жазылады, қалай жазылса, солай айтылады. Көп тілдер, мәселен, ағылшын тілі транскрипциялық топқа кіреді, яғни айтылуы мен жазылуы сәйкес емес. Мәселен, ағылшын жазушысы Вальтер Скоттың «Айвенго» романының жазылуы «Ivangoe», тікелей оқысақ «Ивангое» болар еді, ал ұлы драматург жазушы, ақын Шекспир (1564-1616) «Shakespeare» болып жазылады.
Сондай-ақ түркі тілдері грамматикалық тұрғысынан агглютинативтік (жалғамалы) тілдер тобына кіреді, яғни түбірге аффикстер жалғау арқылы туынды сөздер және грамматикалық формалар жасау мүмкін.
Қазақ тілінің латын графикасына өтуіне байланысты өз пікірлерімді жоғарыда айтылған қағидаттар негізінде келтіруді жөн көрдім:
1. Әліпбиде 32 әріп қабылдануды дұрыс деп білемін, компьютер тілімен айтсақ, 32 саны 4 байт, компьютер сыйымдылығын тиімді пайдалану мүмкін.
2. Әліпбиде 9 әріптің, яғни ә ,ғ, й, ң, ө, ш, ч, у, ү әріптерінің апостроф (дәйекше) арқылы белгіленуін дұрыс деп айту қиын. Мәселен, «әңгі» сөзі a’n’gi, «өңеш» сөзі o’n’es’, «шәлі» сөзі s’a’li’ болып жазылады, яғни төрт әріптің үшеуі апострофты, бұл аудармаға – қиын, көрінісі – көрімсіз.
Дүниедегі түркі тілді алты мемлекеттен төртеуі – Түркия (1928 жылы), Әзербайжан (1992), Өзбекстан (1994), Түрікменстан (1995) латын әліпбиіне өткен, олардан өзбек әліпбиінде ң, ұ әріптерінде және созылмалы айтылатын дауысты дыбыстарда (маърифат) апостроф қолданылған. Өркениетті батыс мемлекеттерінен тек француз әліпбиінде адам аттарының алдындағы «де» белгісінен соң адам аты дауысты дыбыстан басталса, «де» орнына «д’» қойылады, мәселен, д’Артанян, д’Аламбер, ал дауыссыз болса, апостроф қойылмайды, мәселен, Оноре де Бальзак, Ги де Мопассан.
3. Әліпби «бір әріп – бір дыбыс» қағидатына сүйенген, көп қолданылатын ағылшын, француз, неміс, түрік тілді әліпбилерде диграф , яғни «қос әріп – бір дыбыс» пайдаланынады. Сондай-ақ диакриттік (талғаулы, айырым белгiсi) қағидат, яғни әріп үстіне және астына белгі беру арқылы әріпті сәйкес дыбысты әріпке өткізу.
Н.МӘМБЕТОВ,
Ташкент мемлекеттiк техника университетi
ӨЗБЕКСТАН