Қазақстан • 26 Қаңтар, 2018

Қазақстандағы ұлттық аңшылықтың жай-күйі қандай?

1278 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде жабайы табиғатты қорғау мен аңшылық шаруашылықтарының жұмыстары қалай жүргізілуде? Осы бағытта қандай заңнамалық өзгерістер бар? 

Қазақстандағы ұлттық аңшылықтың жай-күйі қандай?

 

Аталған сұрақтарға жауап алу мақсатында биылғы жылы құрылғанына 5 жыл толып отырған «Қансонар» республикалық қауымдастығының басқарма төрағасы, кезінде үлкен саяси лауазымды қызметтер атқарған қадірменді ағамыз Оралбай ӘБДІКӘРІМОВПЕН әңгімелескен едік. 

– Оралбай Әбдікәрімұлы, 2013 жылы сіз басқаратын «Қансонар» қау­ым­дастығы құ­ры­лып еді. Биыл 5 жыл толып отыр. Әуелі оның не қоғам еке­­нін айтсаңыз, өткенге аз-кем шолу жа­сап, болашақ жос­пар­ларыңызбен бө­ліссеңіз.

– «Қансонар» – өзіндік мін­деттері бар қоғамдық ұйым. Басты міндеті – аңшылық саласында мемлекеттік саясатты жүргізу. Тарихына үңілсек, бұрын «Казохотрыболовсоюз» деген ұйым бол­ған. Аталған бірлестік әлі де бар. Бі­рақ «Қан­сонардың» ауқымы кең, алға қой­ғ­ан мақсат-міндеттері баршылық. Ең басты жетістігіміз – қазіргі заңдарға ти­істі өзгерістер енгізу. Аңшылық ша­руа­шы­­лықтарын дамыту. Оның ішін­де ең өзек­тісі – жабайы жануарларды сақ­тап, олар­дың бас санын көбейту. Фер­мерлік аң­шылық шаруашылықтарын құ­ру. Құ­қық­тық база құрып, біршама жұмыс ат­қаруға мүмкіншілік беріп отырмыз. Біз аңшылық шаруашылықтарын ша­ғын және орта бизнес көзі ре­тінде қарас­ты­руы­мыз қажет. Сон­дықтан болар, Ауыл ша­руа­шы­лығы министрлігінің Орман ша­руа­шылығы және жануарлар дү­ние­сі комитеті тиісті назар аудара бастады.

Ең басты айта кететін жайт, ұлттық аңшылық түрлерін сақтап, оны кейінгі ұрпаққа аманаттауды қолға алдық. Құсбегілік пен саятшылыққа қатысты түрлі шаралар өткізіп келеміз. Жеті қазы­наның бірі – тазы мен төбетті тір­кеу­ге алып, бір жүйеге келтіріп жа­тыр­мыз. Көр­мелер өткіздік. Таза тұқым­ды қазақы тө­бет­терді сақтау мақсатында жүйелі жұ­мыстармен айналысып отырған жайы­мыз бар. Өткен жылы зерттеу жұ­мыс­тарын жүргіздік. Себебі қазақы тө­бет­тер өзге тұқымдармен будандасып кет­кен. Айырып болмайсың. Елімізде таза қанды төбеттер өте аз қалды. Назар аударатын жайт. Бес-алты облыстағы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде тө­­бет­ті стандартқа салғанымызда оның қы­рыққа жуығы ғана талапқа сай болып шықты. Иттің осы тұ­қы­мын сақтап қа­луы­мыз қажет. Атадан балаға қалатын қа­зынаны күтіп-бағатын аңшыларға қолдау танытуымыз керек.

Қауымдастық жанында «Қан­сонар» журналы мен арнайы сайтымыз толық­қан­ды жұмыс істеп тұр. Аңшылық пен жануарлар дүниесіне қатысты заңдар мен құжаттар біздің қатысуымызсыз қаралмайды. Ұлттық музейде жануарлар дүниесіне арналған фотосурет көрмелерін өткіздік. Қоғам тарапынан жылы қабылданды.

– Аңшылық шаруашылығын дамыту керек екені анық. Өткен жылы осы бағытта біршама заң қа­былданды. Олар аңшылық ша­руашылығына қалай әсер ет­ті?

– Біз қоғамдық ұйым болған­дық­тан, аңшыларды дайындау орталықтары бар. Тест пен емтихан тапсырып, куәлік алады. Оқу материалдарын жаңартып отыру да біздің міндетімізге жатады. Экологияны сақтай отырып, шет­елдік ту­рис­терге жағдай жа­са­ғ­ан жөн. Мы­сал­ы, көрші елдер аңшы­лыққа көп мүм­­кіндік берген. Жануарлар дүниесіне то­лық­қанды санақ жұмыстарын жүр­гі­зіп, министрлікке мәселе қойғалы отыр­мыз. Себебі тәуел­сіз­дік алғалы елі­міздегі жануарларға санақ жұмыс­та­ры жүргізілмепті. Былтыр Ауыл ша­руашылығы министрлігі жыл құс­та­ры­ның келуімен байланыстырып, көк­тем­гі аңшылықты тоқтатып тастады. Халықтың пікірі ескерілген жоқ. Көп­теген наразылықтар болды. 160 мың аңшының сөздері есепке алынбады. Олардың бәрі бірден аңшылыққа шық­пайды ғой. Қазір аңшылық арқылы жұрт нан таппайды. Ел-жұрт табиғат аясында болғысы, онымен үндескісі келеді.

– Шетел деп қалдыңыз. Білуі­мізше, қауымдастық Лит­ва, Чехия елдерімен байланыс орнатқан. Батыс елдерінде атал­ған мәселе қалай шешілген?

– Шет жұрттың заңы бойынша жану­арларды аңшылық үшін арнайы өсі­ре­ді. Мысалы, Литвада 700 гектар жерде 2 мыңнан астам бұғы ұстайды. Бір аңшылық шаруашылығында болдық. Мемлекетке шаш-етек­тен пайда келтіріп отыр екен. Мейрам­ханалар тарапынан жабайы жануарлар етіне сұраныс жоғары көрінеді. Астанада ЭКСПО көрмесі өткенде, шетелдік павильондарда ашылған мейрамханалар жануарлар етіне зар болды. Біз болашақта осындай мә­селелерді шешуіміз керек. Арнайы ша­­руа­шылықта өсірсек, жабайы жа­нуарлар­ды сақтап қалу мүмкіндігі ана­ғұрлым артады.

– Жуырда Елбасы Н.Ә.Назар­ба­­ев­тың Жолдауы жарық көрді. Кә­сіподақ мә­селесі сөз болды. Жұ­мыс­шылардың жала­қысын көте­ру жайы ай­тылды. Ал аңшылық ша­руа­шы­лы­ғы мәселесі оң шешімін тапса, ха­лық­ты жұмыспен қамту жағы қа­рас­ты­рыла ма? 

– Әрине. Ауылды жерлерде қан­шама адам жұмыспен қамтылар еді. Ша­руашылықтарға орманшы, кү­зет­ші керек. Вольерлер соғылады. Құры­лыс жұмыстары басталады. Түрлі саладағы арнайы мамандар тартылады. Ветеринарлық қызмет түрлеріне сұ­раныс артады. Қысқасы, ауылды жер­лер­дегі азаматтардың екі қолына бір кү­рек табылады.

​​​​​​​

– Өткен жылы Елбасы Н.Ә.Назар­ба­ев­тың халықтың са­насына сілкініс әкел­ген «Бо­ла­­шаққа бағдар: рухани жаң­­ғыру» бағдарламалық ма­қа­­ла­сы жа­рық көрді. Онда ұлттық код туралы ай­тылды. Осы мәсе­ле­­ге қа­тыс­ты сөз қоз­ғасақ, құс­бе­гілік пен ит жүгіртуден аттап кетпейтініміз анық. Сіз не дейсіз?

– Қазіргі жастардың бойына ұлт­тық сана-сезімді сіңіру үшін бізд­ің ұлттық құндылықтарымызға кө­ңіл бөлуіміз қажет. Саятшылық пен ит жүгіртуді жаңғыртып, жастар назарын аударсақ дейміз. Жүй­рік баптап, тазы салып, ұлт­тық аң­шылықпен айналысатын орта­лық­тарды көбірек ашқан жөн. Бұл мәселеге жергілікті биліктегілер жет­­кілікті назар аударса игі. Елбасы өз Жолдауында туризм мәселесін де қоз­ғады. Осын­­дай орталықтар жұмыс істе­се, ел экономикасына қыруар қар­­жы түсер еді. Өзіміз Ақмола об­лы­­сында осы бағыттағы жұмыс­тар­д­ы бас­тап та кет­тік. Жақында бей­не­клип түсі­рд­ік. Ұлт­тық дәс­түр­­ді ұлықтайтын бей­не­клипті республикалық телеарналардан көр­­сетеміз. Аңшылық дәстүрді то­лық­қан­ды көрсетуге Қанат Ахметов, Абай Әли дейтін азаматтар көп еңбек сіңірді.

Жыл сайын тазы мен төбет көр­месін өткізіп, ең таза тұқым­да­рын өсірсек дейміз. Атқа мініп, ит жүгір­т­кен адам­ның өзінің өткеніне оралып, тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүр­лерге шекеден қарамайтыны анық.

Елбасы сөзімен айтар бол­сақ, бұл – тар­лан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын бола­шақ­­тың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы...

– Сөзіңіз аузыңызда, тазы мен төбет­тің, қыран құстардың еліміз бойынша нақ­ты саны бар ма?

– Еліміздегі таза тұқымды та­зы­лардың саны 500-ге жуық. Об­лыстар бойынша нақтылап, серти­фикат тапсырдық. 2014 жылы министрлікпен бірлесе отырып, тазы мен төбеттің стандарт­тарын бекіткенбіз. Бүркіт, сұңқар, ите­лгі ұстайтын адам саны 160-тай ғана. Алматы облысы мен Се­мей өңірінде, Көкшетау, Бура­­бай маңында біраз кісі құ­сбегілікпен айналысады. Саят­шылық – атадан балаға қала­тын мирас. Ол дәс­түр бойынша беріледі. Алматы облы­сында бір­қатар шара ұйымдастырдық. Бурабайда ха­лық­аралық қансонар өтті. Бұл мәселемен Ұлттық спорт қау­ым­дас­тығы айналысады. Бірақ құстар­ды тіркейтін біздің қауымдастық. Алматы маңында арнайы құс өсіретін тәлім­бақ бар. Табиғаттан ала салуға бол­майды. Қызыл кітапқа енген құс бол­ғандықтан, оны жабайы жолмен ұстап, аңға салған дұрыс емес. Біз оларды өсіріп, бап­та­ған соң чип тағып, содан кейін ғана аңшы­лыққа салғанды құп көреміз.

– Оралбай Әбдікәрімұлы, бола­шақ­та бүгінгі сөз болған қыран құс­тарымыз бен тазы-тө­бет­терімізді тү­рік­меннің ахал­текесі мен алабайы се­кілді әлем­дік деңгейге шығара аламыз ба?

– Бұл – қауымдастық тарапынан көтеріліп отырған мәселелердің бірі. Ол үшін тазы мен төбет санын көбейту қажет. Бүркітшілік болса, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұрасына енді. Тазы мен төбетті халықаралық көрмелерге жиі апарып, таныстыруымыз керек. Қазақтың тазысы 1955-1958 жылдары, Кеңес өкіметінің ке­зінде-ақ бекітілген. Бұрыннан бар. Төбет мал бағу үшін ғана пай­да­ланылғандықтан, бекітілмей қа­лып кеткен. Аңшылық туралы заң­да да ұлттық иттерді қайтадан кө­теруді қолға алдық. Өткен жылы қазан айында Алматыда бүркітке ар­нал­ған ха­лықаралық конференция ұйым­дас­тырдық. Оның алдында ұлттық иттер мәселесіне арнап та осындай іс-шара өт­­кізген болатынбыз. Аталған ша­ра­­ларды зоология институтымен бір­лесе атқардық. Институт бас­шысы Әлихан Мелдебеков қол­дап келеді. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылатын болса, әлемдік деңгейге де көтеріліп қалуымыз әбден мүмкін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен 
Самат МҰСА, 
«Егемен Қазақстан»