Тарих • 27 Қаңтар, 2018

«Бес саусақ» киелі орындар тізіміне қашан енеді?

1399 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Бошай Кітапбаев, Дидахмет Әшімхан сынды тау тұлғаларды тудырған Төр Алтайда жұмбағы шешілмеген, құпиясы ашылмаған тылсым мекендер аз емес. 

«Бес саусақ» киелі орындар тізіміне қашан енеді?

Соның бірі де бірегейі -  жергілікті жұрт «Бес саусақ» атап кеткен Қатонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Черновинск орман шаруашылығы аумағындағы, Аққайнар ауылдық округі Маралды ауылының шығысына қарай 3 шақырым жерде орналасқан гранитті жартас. Жергілікті журналист Шамиль Багаутдинов Ұлттық парк мамандары оң жақ қолдың бес саусағына ұқсас алып саусақтардың көлемін өлшеп шыққанын жазады. Бас бармақтың ені – 60 см,ұзындығы 160 см, балаң үйректің ені - 80 см, ұзындығы – 309 см, ортан теректің ені – 70 см, ұзындығы -  330 см, шылдыр шүмектің ені – 80 см, ұзындығы 260 см, кішкене бөбектің ені – 75, ұзындығы 250 см.

Бүгінде бір ғана отбасы қалған Маралды ауылы маңындағы табиғаттың тылсым ескерткішінің құпиясы әлі күнге ашылмай келеді. «Бес саусақтың» нақты қашан салынғанын, қай уақыттан бері тұрғанын нақты ешкім білмейді. Бірақ болжам, долбар көп. Облыстық тарихи-өлкетану музейі Қатонқарағай аудандық филиалының директоры Оралғазы Қажаев тасқа қашалған ескерткіш неолит дәуіріндегі ежелгі мүсіншілердің, сәулетшілердің қолынан шыққан туынды болуы мүмкін деп есептейді. «Бұл жерді бала кезімнен білемін. Бұрын аса мән бермейтін едік. Енді-енді көңіл бөліп,зерттей бастадық. Адам саусағына ұқсас бұл көріністі табиғат құбылыстарынан болған бейне деуге сену қиын. Яғни бізге петроглифтерді қалай қалдырса, бұл бейне де солай жеткен. Менің ойымша, саусақ іздері әлдебір құралмен тасты ұңғылап жасалмаған, ол тасты жібітетін қандай да бір қышқылмен салынған секілді. Әрине ол қышқылды жасау әдісі біздің ғасырға жетпей қалған. Бұл ежелгі дәуірдегі технологияның қаншалықты жетік болғандығын білдіреді», - дейді ол.

Оралғазы Қажаев бұл жерді өңірдің киелі орындар картасына енгізу жөнінде облыстық тарихи-өлкетану музейіне ұсыныс жіберілгенін, олар бұл ұсынысты облыстық комиссияға жолдағанын, алайда тізімге енбей қалғанын айтты. «Комиссия «Бес саусақ» табиғи ескерткіш емес, ешқандай ғылыми негіздеме жоқ деп тізімге енгізбеген секілді. Дегенмен де алдағы уақытта бұл жер ғылыми тұрғыдан зерделеніп, ғалымдар, археологтар мен тарихшылар назарына алынса дейміз. Бәлкім туристерді тартып, туристік нысанға айналдыруға болатын шығар», - дейді филиал директоры.

Ұлттық парктің экологиялық ағарту және туризм бөлімінің бастығы Александр Кобзевтың айтуынша, кейбір жердегі саусақ іздерінің тереңдігі 10 сантиметрден асып кететін көрінеді. «Жергілікті тұрғындардың кейбірі бұл саусақ іздерін «Пайғамбардың қолы» деп те атап жүр. Осыдан бірнеше жыл бұрын осында келген канадалық саяхатшы бұл ізді көріп, өз жерінде де осындай саусақ іздері бар екендігін, бірақ оның сол жақ қолдікі, бірақ көлемі бұдан үлкенірек екенін айтып кетіпті. Мұражай мамандарының айтуынша, кезінде біреулер бұл алақанның төменгі жағын қазып көрмекші болған екен. Алайда жергілікті халық қарсылық танытып, қаздырмапты», - дейді Шамиль Багаутдинов.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы

Сурет Қатонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жеке мұрағатынан алынды