Сонымен Алматы тағы бір Әлем чемпионатының тұсауын кескелі отыр. Қарашаның 29-ы мен желтоқсанның 3-і аралығында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде қол күресінен 33-ші Әлем чемпионаты басталмақ. Ол Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдығы, еліміздегі қол күресі мен гір спортының өркендеуіне толағай үлес қосқан Мұқан Ағзамовтың 60 жылдық мерейтойына арналмақ.
Біз Әлем чемпионатының басталуына санаулы күндер қалғанда Мұқан АҒЗАМОВҚА бірнеше сауал қойған едік.
– Қол күресінен Әлем чемпионатының Қазақстанда өтуі абройымызды асқақтата бермек! Соңғы жылдары елімізде байрақты бәсекелер тұрақты өте бастады. Бұл әлем жұртшылығының Қазақстанды мойындауы, құрметтеуі деген сөз. 33-ші Әлем чемпионатының Алматыда өтуіне қандай жағдай себеп болды?
– Әңгімені әріден бастайын. Елімізде гір спорты мен армрестлинг федерациясы 1992 жылдың желтоқсанында Қонаев қорымен бір күнде дүниеге келді. Бұл спорт түрлері Олимпиада ойындары бағдарламасына енбесе де шетелдерде жақсы бағаланады, абыройға ие. Әсіресе Ресей, АҚШ, Еуропа елдерінде қол күресі мен гір спорты ерекше дамыған. Тәуелсіздікпен төл құрдас федерацияларға жетекшілік ету оңай шаруа емес. Еліміздің барлық облыстарын аралауға тура келді, ел біріншіліктерін тұрақты өткізе бастадық. Қазір жыл сайын қос спорт түрінен ел біріншілігі тұрақты өткізіліп тұрады. Кезінде қол күресі мен гір тасын көтеруден еліміздің сан мәрте чемпионы атандым.
1975 жылы Үндістанның Калькутта қаласында қол күресінен Азия федерациясы құрылып, оған президент болып сол елдің азаматы Баридж Баран Дас тағайындалды. Алайда, Баридж мырза аспайтын, саспайтын, қозғала қоймайтын сабаз екен, бірде-бір рет қол күресінен Азия біріншілігін өткізуді қажет деп таппаған ғой. Шыдамның шегі болуы тиіс емес пе, үнділік азаматты қалың ұйқыдан оятуға тура келді. Себебі Азиядағы қол күресі тұйыққа тірелген еді. Әлем біріншіліктері мен халықаралық жарыстарға шақыруды былай қойып, ешбір мемлекеттің мойындағысы жоқ. Ақыры біздің бастамамызбен арада 26 жылдан кейін Калькуттада тұнғыш рет қол күресінен Азия чемпионаты өтіп, онда Үндістан топ жарса, біз екінші орынға табан тіредік. Арада екі жылдан кейін тағы сол елдің Ассам қаласында Екінші Азия чемпионаты жалауын көтерді. Айды аспанға шығарып, онда топ жардық.
Мына бір дерекке назар аударалық. Үндістан 28 жылда Азия біріншілігін небәрі екі рет қана өткізсе, біз соңғы сегіз жылда Азия чемпионатын 8 рет өткізіп, он чемпионаттың жетеуінде топ жардық. 10-шы чемпионат Өскеменде өткені туралы баспасөзде жазылды. Оған Азияның 21 мемлекетінен командалар қатысты. Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, Өзбекстан, басқа да мемлекеттерде қол күресінің жақсы дамып келе жатқаны аңғардық. Өскемендегі Азия біріншілігін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашты. Қала әкімі, спорт жанашыры Ислам Әбішев қаржылай көмек көрсетті. Шетелдерден келген қол күресі шеберлері 30 тамызда Өскеменде өткен қала күні мен Конституция мерекесіне арналған мерекелі шеруге қатысты, тұрғындармен пікір алмасқан кезде Қазақстанның қол жеткізген жетістіктеріне риза болып тарады.
Ал енді Әлем чемпионатының Алматыда өтуіне не себеп болды деген сауалға оралсақ, оның өзіндік ерекшелігі бар. 2008 жылы Канадада Дүниежүзілік қол күресі федерациясының конгресі өтті. Оған 43 мемлекеттің өкілдері қатысып, 33-ші Әлем чемпионатының қайда өтетіні жайлы мәселені талқылады. Мұндай дүбірлі жарысты өткізу үшін министрліктің арнайы жазылған кепілдеме хаты болуы тиіс. Литва, Польша, Бразилия, Өзбекстан елдерінің өкілдері сақадай сай әзірленіп барыпты.Сонымен тартыс басталып кетті. Әрбір елдердің лауазымды, елге танымал азаматтары әлем біріншілігін өз елдерінде өткізуге ынталы. Ауыр атлетикадан әлемнің бірнеше дүркін рекордшысы, елімізде қол күресі мен гір спортының дамуына ерекше үлес қосқан Владимир Дрэкслерді конгресс мүшелерінің көбі таниды, құрметтейді. Дрэкслердің «Дүниежүзілік қол күресі федерациясының вице-президенті, Азия қол күресі федерациясының президенті Мұқан Ағзамов 2011 жылдың екінші желтоқсанында 60 жасқа толады, спортта ерекше қолтаңбасы бар азаматтың құрметіне Қазақстан Әлем чемпионатын қабылдауға әрқашан әзір» деген бір ауыз сөзі барлық мәселені оң шешіп тастапты.
– Әлем чемпионатына қанша мемлекеттің қол күресі шеберлері қатысады?
– Бүгінгі күні Әлем чемпионатына қатысуға 53 мемлекеттен өтініш келіп түскен. Олар жолақысы, қонақүйге қаржыны өздері төлейді. Қол күресі ерекше дамыған Ресей – 70 адамын жібермек. Түріктер – 58, Бразилия – 60, Канада – 50, АҚШ 30-40, Жапония, Оңтүстік Корея, Австралия, Оңтүстік Африка, Қырғызстан сияқты елдер де отыз-қырықтан кілең бір мықты шеберлерін жібергелі отыр. Бізді Оңтүстік Африка елінің Әлем чемпионатына қатысу жөніндегі өтініші таңғалдырады. Сөз реті келгенде айта кету керек, болашақта қол күресінің Олимпиада бағдарламасына еніп қалуы ғажап емес. Қазір Еуропа, Латын Америкасын былай қойып, барлық құрлық өкілдері қол күресін жандандырып жатыр. Демек, бәсекелестік даму үстінде. Яғни, келешекте қол күресі Олимпиада ойындарының бағдарламасына еніп жатса, алтын алқаны күреп алар едік. Біздің осы жолғы байрақты бәсекедегі басты қарсыласымыз – Ресей. Әлем чемпионатында топ жару басты міндетіміз. Бұл ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекесіне лайықты тарту болар еді.
– Жарыс қашан басталады, бәсекелер негізінен алғанда кімдердің арасында өтпек?
– 26-27 қарашада командалар келе бастайды. Оларды қарсы алу, қонақ үйлерге орналастыру мәселесі шешіліп қойған. Реті келгенде айта кету керек, Әлем чемпионатын өткізуге көмек жасаған ҚР Туризм және спорт министрі Талғат Ермегияевке алғысымды айтқым келеді. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке де ризамыз. 28 қарашада конгресс жиыны өтіп, онда ұйымдастыру, алдағы әлем біріншілігінің қайда өтетіні анықталмақ. Конгресс жиынына Дүниежүзілік қол күресі федерациясының президенті канадалық Фред Рой, бас хатшы, бельгиялық Вилли Денемос қатыспақ.
Әлем біріншілігі кемтарлар, (еркектер, әйелдер) ардагерлер, жастар, ересек ардагерлер арасында өтпек. Сонымен бірге, 40-50 жастағылар арасында шеберлік класс, 50-60 жастағылар арасында гранд-шеберлік, 60-70 жастағылар арасында сеньор-грандшеберлік өткізу жоспарланып отыр. Өзім сеньор – грандшеберлік сайысына түспекпін. 30 қарашада таңғы сағат 9.00-де Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде Әлем чемпионатының салтанатты ашылуы басталмақ. Оған әлемнің спорттағы жарық жұлдыздары қатысады деп күтілуде. Үшінші желтоқсанда дүбірлі жарыс аяқталды. Жеңімпаздар мен жүлде иелеріне естелік медальдар, сый-сияпат тапсырылады. Алматыдағы Әлем чемпионатын жоғары дәрежеде ұйымдастыру ел абыройын арттырып, Тәулсіздіктің 20 жылдығына лайықты тарту болмақ.
Тобықтай түйін: Ата-бабаларымыз «сегіз қырлы, бір сырлы» деп Мұқан сияқты азаматтарды ардақтаған ғой. Шынында да, Мұқан Ағзамов білімді де, білікті, зиялы азамат. Техника ғылымдарының кандидаты, доцент М.Ағзамовтың өнертапқыштығы жайлы айта кеткен жөн. Елімізде қара шегіртке қаптаған жылы шегірткені улайтын техниканы жасап, бүкіл елге таратқан. Ол басқаратын «Масақ» шаруа қожалығында отыздан астам адам еңбек етеді. Зайыбы Сұлухан да қожалық төрайымы. Екеуі үш бала, бірнеше немере тәрбиелеп өсірді. Қызы Жанар экономика ғылымдарының кандадаты, қазір ШҚМУ доценті. Күйеу баласы Руслан Сейілханов екі рет Олимпиада ойындарына қатысқан, дзюдодан Азия чемпионы.
Әңгімелескен Оңдасын Елубай,
Шығыс Қазақстан облысы.