29 Қаңтар, 2018

Теңге бағамы туралы толғаныс

577 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақпан айы жақындаған сайын қаржы саласының қазақстандық сарапшылары өте алаңдап отыр. Олардың көңілін күпті қылған бір ғана сұрақ – биылғы ақпанның «девальвациялық апанынан» ұлттық теңгеміз қалай шығады екен? 

Теңге бағамы туралы толғаныс

Өйткені бұдан бұрын екі рет қатарынан теңгенің ірі құнсыздануы (2009 жылы 4 ақпанда және 2014 жылы 11 ақпанда) тура ақпан айына тұспа-тұс келіп еді. «Мұнай бағасы күннен-күнге өсіп, теңге бағамы біршама нығайып отырған қазіргі уақытта «девальвациялық» қауіп туралы айту артық», деп қарсылық білдірушілер де баршылық. «Жел болмаса, шөп басы қимылдамайды», тарих сахнасына шыққан 25 жылға жуық уақытта 70 еседен астам құнсызданған теңгенің мұнай бағасы өсті екен деп тұрақтана қалуына сену де қиындау. Дуалы ауыз кейбір сарапшылардың пікірінше, ұлттық теңгеміздің бағамы әлемдік нарықтағы мұнай бағасына байланысты, деген тұжырымның нақты экономикалық негізі жоқ. Оған теңге айналымға шыққан 1993 жылдан бергі мұнай бағасының өзгеруі мен теңге бағамының құбылуын салыстыру арқылы оңай көз жеткізуге болады.

Мәселен, мұнай бағасының алғашқы күрт құлдырауы 1997-1999 жылдардағы азиялық дағдарыс кезеңіне тап келді. Бұл кезеңде Brent маркалы мұнай баррелінің бағасы 23,13 доллардан 10,45 долларға дейін арзандады. Осыған байланысты теңге бағамы 40 пайызға дейін төмендеді. Мұнай бағасының құлдырауы ұзаққа барған жоқ. 1999 жылдың соңында дағдарысқа дейінгі деңгейіне қайта жетті. Алайда мұнай бағасының өсуімен теңге бағамы тұрақтанып, нығайған жоқ. 2002 жылы мұнай бағасының өсуіне қарамастан теңге бағамы 1 АҚШ долларына 156 теңгеден айналды. Тіпті мұнай бағасы 150 доллардан асқан 2007-2008 жылдары да теңге бағамы төмендеуін жалғастыра берді.

Енді теңгенің ширек ғасыр ғұмырындағы бағамының өзгеру динамикасын саралап көрейік. Ұлттық валютамыз – теңге 1993 жылғы 15 қарашада дүниеге келді. Сол кездегі оның долларға шаққандағы бағамы 4,7 теңгеден айналған еді. 1994 жылдың қаңтарында теңге бағамы 1 долларға шаққанда 54 теңгеге бір-ақ жетті. Ұлттық банктің араласуымен алғаш рет теңгенің бағамын ресми түрде төмендету (девальвация) 1999 жылы жүргізілді. 4 сәуір күні сол кездегі Ұлттық банк төрағасы Қадыржан Дамитов «теңге еркін айналымға жіберілді» деген мәлімдеме жасады. Ал 5 сәуір күні теңге бағамы 1 долларға шаққанда 160 теңгеге жетіп, шарықтап кетті. Ұлттық банк «бастамасымен» кезекті девальвация 2009 жылы жүзеге асты. 4 ақпан күні сол кездегі Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко «алтын-валюта резервін сақтау үшін» теңге бағамы төмендетілетінін мәлімдеді. 5 ақпан күні 1 долларға шаққанда 122 теңгеден айналатын ресми бағам 144 теңгеге дейін көтерілді. Ұлттық валютаның бағамын тағы ресми «реттеу науқаны» 2014 жылы 11 ақпанда сол кездегі төраға Қайрат Келімбетовтің «жетекшілігімен» жүзеге асырылды. Қ.Келімбетовтің айтуымен «теңге бағамының ең тиімді ауытқу дәлізі – 185 теңге плюс/минус 3 теңге» (бұрын 155,5 теңге болатын) болып белгіленді. Ал 2015 жылдың күзінде Қайрат Келімбетов теңгенің кезекті «еркін айналымға» жіберілетін мәлімдеді. Сөйтіп теңгенің ресми бағамы 2015 жылдың желтоқсан айында 1 АҚШ долларына шаққанда 322,84 теңгеге дейін көтерілді. Мұнай бағасы өткен жылғы 40 доллардан биылғы жылы 70 долларға дейін көтерілсе де теңге бағамы 300 доллардан түсер емес. Яғни теңге бағамы да Қазақстандағы жанар-жағармай құю стансаларындағы бензин бағасы сияқты. Өткен жылы қолдан жасалған бензин тапшылығының салдарынан бір көтеріп алған бензин бағасы, енді еліміздегі МӨЗ-дер бензиннен бұлақ ағызса да арзандамайды.

Бұдан шығатын қорытынды мұнай баррелінің бағасы 100 доллардан асса да теңге бағамы түспейді. Оның бірінші ең басты себебі, экономиканың шикізатқа тәуелділігі. Екіншіден, өнімдерін экспортқа шығаратын отандық кәсіпорындар үшін ұлттық валютаның әлсіз болғандығы барынша тиімді. Олар өнімдерін шетке доллар бағамымен сатып, мемлекетке салықты теңгемен төлейді. Сондықтан экспортқа бағытталған кәсіпорындардың барлық деңгейдегі лоббистері теңгенің нығаюына кедергі жасап бағады. Үшіншіден, соңғы теңге бағамын төмендету «науқанының» арқасында жиған дәулеттерін екі еседен астам өсіріп, байып шыға келген «олигархтар» да теңге бағамының нығайғанына мүдделі емес. Білікті сарапшылардың айтуынша, төтенше бір жағдай туындап қалмаса, биылғы жылы да теңге бағамы 1 долларға шаққанда 310-350 теңге көлеміндегі дәлізде тербелетін болады. Тағы сол сарапшылардың айтуынша, теңгенің беделін көтеретін экономикалық тетіктер бар. Біріншіден, Қазақстанның ішкі рыногындағы шектен тыс долларлану үрдісіне тосқауыл қойылуы керек. Екіншіден, еліміздегі екінші деңгейлі банктерінің сауатсыз қызметін жан-жақты сауықтырып, Елбасының биылғы Жолдауында атап көрсетілгендей, «Қаржы секторын «қайта жаңғырту» қажет. Үшіншіден, тауар және қызмет көрсету бағасын қарапайым халықтың табысының деңгейіне бейімдеп, сататын тауарлары импорттан тұратын «кәсіпкерлер» үшін сату салығын өсіру керек.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»