Іс-шараға Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Талғат Донақов, Жоғары сот Кеңесінің төрағасы Анатолий Смолин, Парламент Сенаты мен Мәжілісіндегі комитеттердің төрағалары Георгий Ким мен Нұрлан Әбдіров, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Әнуар Түгел қатысты.
Кеңеске Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, «Атамекен» ҰКП, республикалық нотариаттар палатасының, адвокаттар алқасының өкілдері, отставкадағы судьялар, сондай-ақ халықаралық сарапшылар шақырылды. Сондай-ақ отырысты бейнебайланыс арқылы жергілікті соттар, облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары, өңірлердегі прокуратура, адвокатура, «Атамекен» ҰКП және өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері бақылады.
Кеңестің алғашқы бөлігінде Жоғарғы соттың алқа төрағалары қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер және инвестициялық даулар бойынша сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындысы туралы баяндады. Бұдан әрі Ж.Асанов сөз сөйлеп, сот жүйесі қызметінің өзекті мәселелеріне тоқталып өтті. Атап айтқанда, ол таяу болашақта соттың қалай өзгеретіні, Қазақстан дамыған елдердің «отыздығына» кіруі үшін сот билігі мен әрбір судья не істеуі керектігі жөнінде, азаматтардың соттарға сенімін арттырудың жолдары туралы ойларымен бөлісті.
Жоғарғы сот Төрағасы өзінің үндеуі бойынша судьялар корпусы, прокурорлар, адвокаттар, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның өзге де өкілдері тарапынан көптеген ұсыныс-пікірлердің келіп түскенін мәлімдеді. Ол «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Цифрлы Қазақстан» және «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын іске асыру тұрғысындағы сот жүйесін одан әрі жаңғырту бойынша ұсыныстар келіп түскенін атап өтті.
Ал алқалы жиынның екінші бөлігінде Сот жюриінің төрағасы Моряк Шегенов, Сот төрелігі академиясының ректоры Төлеш Қаудыров және бірқатар облыстық соттардың төрағалары өз қызметтері туралы баяндады. Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Анатолий Смолин де сөз сөйледі.
Ж.Асанов іс-шараны аяқтай келе, барлық судьялар мен қоғам өкілдерін соттар қызметін жақсарту бағытындағы жұмысқа белсене қатысуға шақырды.
Айта кетейік, жиын соңында 2017 жылғы республикалық байқау-конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Аудандық және оған теңестірілген соттар арасында Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты – бірінші, Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс аудандық соты – екінші, Атырау облысының Махамбет аудандық соты үшінші орынды иеленді. Облыстық және оған теңестірілген соттардың арасында Павлодар (1-орын), Ақтөбе (2-орын) және Шығыс Қазақстан облыстық (3-орын) соттары үздіктер қатарынан көрінді.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»