Елбасы тапсырмасы бойынша Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова биылғы жылғы мәдениет саласындағы стипендияларды табыс етті. Стипендиялар еліміздің мәдениетін қалыптастыруға, сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін шығармашылық өкілдеріне жыл сайын беріліп келеді. Биылғы мемлекеттік стипендия әдебиет пен өнер саласының 75 қайраткеріне берілді. Стипендия Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Сәбит Оразбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Сәбит Досанов, Есмұхан Обаев, Меруерт Өтекешева, Роза Әшірбекова, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Ахмет Ашири, Тынымбай Нұрмағамбетов, Марфуға Айтқожина, Нүкетай Мышбаева, Ақұштап Бақтыгереева, тағы басқа әдебиет пен өнердің ірі өкілдеріне табыс етілді. Сондай-ақ Медет Шотабаев, Ирина Тен, Әділ Ахметов, Жамбыл Дүйсенов және басқа да жас дарындарға мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Салтанатты шараны ашып, мемлекеттік сыйақыға ие болып, мерейі тасыған ұлт мақтаныштарын құттықтаған Г.Әбдіқалықова өнер мен мәдениеттегі биылғы елеулі жетістіктерді атап өтті. Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президентінің: «Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуы тиіс», деген сөзіне рәсімге қатысушылар назарын аударды.
Жиында КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, ақын Ақұштап Бақтыгереева, жастардан талантты опера әншісі Медет Шотабаев, тележүргізуші Ирина Тен, актриса Роза Әшірбекова Елбасының қамқорлығына рахмет айтып, лебіз білдірді. Мемлекет тарапынан беріліп отырған материалдық жәрдем өздерін шабыттандырып, таланттарын жарқыратып көрсетуге қолайлы жағдай туғызатынын айтты. «Президентіміздің өнер мен әдебиетке, талант пен дарынға деген көзқарасына өз басым ризамын. Мемлекет басшысының бұл ілтипаты бізді де үлкен міндет пен жауапкершілікке бағыттайды. Міне, ортамызда жасы 102-ге келген қазақтың үлкен актрисасы Айша Абдуллина Президенттің осы ықыласына бөлену үшін сонау Шымкенттен келіп отыр. Бұл – өнердің күші! Өнер бізді ел құрметіне бөлесе, Елбасы бізді құрметтеп отыр. Елді алға сүйрейтін әдебиет, өнер, спорт. Президентіміздің осы сеніміне лайық болу үшін біз де өз парызымызды адал атқаруды ұмытпайық», деді.
Мемлекеттік хатшы Елбасының халыққа арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында алға қойылған міндеттердің іске асырылуына және еліміздің мәдениеті мен өнерінің одан әрі дамуына Қазақстанның шығармашыл зиялы қауым өкілдері алдағы уақытта да елеулі үлес қосады деген сенімін білдірді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ