Бүгінде күллі әлемде энергия тапшылығы байқалып отырғаны белгілі. Қазір өзіміз қуат көзі ретінде пайдаланып отырған көмір, мұнай, табиғи газ секілді энергия түрлері түптің түбінде түгесілетіні анық. Сондықтан Қазақстан да болашағы үшін қам жасап, жаңғырмалы энергия көздері арқылы ресурстық қорды жасап алуға ерекше ықылас танытып отыр. Вице-министрдің айтуынша, «Қазақстан-2050» Стратегиясында да табиғи ресурстардың сарқылуы қазіргі заманғы сын-тегеуріндердің бірі ретінде қарастырылған. Осыған орай еліміз баламалы қуат көздерін дамытуды қолға ала бастады. Ғ.Сәдібеков электр энергетикасы саласындағы жаңғырмалы энергияның үлесін 2030 жылға қарай 30 пайызға дейін жеткізу міндеті тұрғанын алға тартты. Былтыр бұл саладағы өсім сағатына 1 млрд кВт-сағат энергияға жеткен. Ол 2016 жылмен салыстырғанда 22 пайызға артық көрсеткіш. Ендігі биылғы жоспар – энергияны өндіруді сағатына 1,7 млрд киловатқа жеткізу.
Мемлекет жаңғырмалы энергия көздерін өндіретін нысандарды да салуға ден қойып, былтыр осындай бес нысан іске қосылған. Олардың бәрі де алдымен шалғай өңірлерді баламалы энергия көзімен қамтамасыз етуді мақсат еткен. Биыл тағы 10 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Вице-министр жаңғырмалы энергия көздерін одан әрі дамыту үшін аукциондық механизмдер енгізіле бастағанын айта келіп, бұл жобаларға инвестицияларды көптеп тартуға, процестің ашық әрі әділ өтуіне ықпал ететінін жеткізді. Бұған қоса биыл алғаш рет жалпы қуаты бір гигаватты құрайтын жаңғырмалы энергия көздері жобаларына халықаралық аукциондық сатылымдар енгізу жоспарлануда. Бірінші сатылымдар мамыр айында өткізіледі. «Аукциондық сатылымдарды өткізу туралы мәліметтер ресми интернет-ресурстарында жарияланады. Іріктеудің шарттары барлық кәсіпкерге бірдей болады. Аукционға тек бизнесмендер ғана емес, азаматтығына қарамастан кез келген ниет білдіруші қатыса алады. Аукциондық сатылымдарға қатысуға отандық бизнестен басқа қазірдің өзінде Сауд Арабиясы, Канада, АҚШ, Қытай секілді шетелдердің компаниялары қызығушылық танытып отыр. Мұндай аукцион түрін енгізу арқылы біз екі мәселені шешпекпіз. Біріншіден, жаңғырмалы энергия көздерінің құны мен еліміздің экономикасына ықпал ету деңгейін төмендетеміз. Екіншіден, жаңғырмалы энергия көздері саласындағы озық технологияларды елімізге тартатын боламыз», деді Ғ.Сәдібеков.
Бұдан кейін жасыл технологияға көшу мәселесіне тоқталған вице-министр тұрмыстық қалдықтарды өңдеу үлесін 2030 жылға қарай – 40 пайызға, 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін жеткізу көзделіп отырғанын айтты. Ал 2030 жылға қарай халықтың 100 пайызы қалдықтарды шығару қызметімен қамтылып, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының 95 пайызы экологиялық талаптар мен санитарлық ережелерге сай жұмыс істейтін болады.
Қалдықтарды бөлек жинау 40 елді мекенде, сұрыптау – еліміздің 19 өңірінде енгізілген. Биыл Шымкент, Қарағанды қалаларында, Алматы мен Солтүстік Қазақстан облыстарында қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 5 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр екен.
Ескі көліктерді қайта өңдеу, қабылдау жұмыстары да аяқсыз қалмағанын айтқан Ғ.Сәдібеков бүгінде тозығы жеткен көлігін өткізген жандарға берілетін өтемақы 49 мыңнан 150 мыңға дейін жетіп отырғанын атап өтті. Әрі көлігін өткізген азаматтарға отандық жаңа көліктерді жеңілдікпен алуға мүмкіндік беретін арнайы сертификат тапсырылады.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»