Президент • 29 Қаңтар, 2018

Маңызы жоғары сапар

741 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Заманауи дипломатия әлемінде айтулы сапарлар жиі бола ма? Әлбетте, сирек. Рас, алаулатып-жалаулатып, күллі журналистерді жинап, ресми реңк беріп өткізетін кездесулер жетерлік. Алайда мазмұнды, ұңғыл-шұңғылына дейін ойластырылған, елден ерекше сапарлар саусақпен санарлық. 

Маңызы жоғары сапар

Көптеген сапарлар болмысынан ресми, маңызы жоқ, нақты шешімдер мен нәтижелерсіз болады. Қысқаша айқанда, осын­дай протоколды шараларда мем­лекет қаржысын босқа шығын­дап, қазына есебінен шопинг жасап, қыдырып қайтумен шек­те­летіні бар. Бірақ кейбір сапарлар маңызы және геосаяси тұр­ғысынан алғанда құрметтеуге лайық. Ең бастысы, тәжірибеге бай, кездейсоқ қадам арқылы өзі ұстанған дипломатияны жүр­гізеді. Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың таяудағы АҚШ-қа сапары осындай табысты аяқтал­ған маңызды оқиға екені сөзсіз. Мұнымен не айтқым келгенін түсіндірейін.

Мені Н.Назарбаевтың өзі таң­ғалдырады. Меніңше, осы сапарда оның басқа мемлекет басшыларымен, әсіресе, Американың қазіргідей жаңа әрі өзгеше көшбасшысымен ең үздік кездесуі өтті. Қазақстан Прези­ден­тінің табынушысы емес­пін, оның айтқан сөздері мен әре­кеті мені әрдайым таңғал­дыра бермейді. Алайда Н.Назарбаевтың басшы­лығымен Қа­зақ­станның алға қойған бағытын, қайда бет алға­нын, қалай өмір сүріп жатқанын көріп әрі бақылап отырып, қалай ырза болмассың? Жіберілген мүм­кіндіктерді сынағандар елдің табыстары мен нақты жетістіктерін қаперінде ұстауы тиіс.

Сапардың темір­қазығы дәл Н.Назарбаевтың өзі, оның Дональд Трамппен өрнекті әң­гі­месі болды. Оның айтарлықтай ерек­шелігі – кездесу барысында мұқият әңгімелесуі. Н.Назарбаевтың тағы бір артық­шылығы – әріп­тесін өз ығына жы­ға отырып, жеке, адами мәсе­лелерден үлкен, жа­һандық саясатқа өте білуі. Оның дарыны мынадан байқалады: ол қысқа сөйлей отырып, мәселенің мәні­сін нақты көрсетіп, сапардың маңызын айшықтай түседі. Са­пардың қорытындысы бойынша, АҚШ Президенті қазақстандық көшбасшыға бір күндік жұмысын арнағанын мойындады. Сонымен қатар Д.Трамп кездесудің жо­ғары деңгейде өткенін атап өтті. Тал­қылайтын мәселелер, айтатын әңгімелер жетерлік болып, бір-біріне құрметін көрсетті. Айта кету керек, бұл Д.Трамптың өзіне де маңызды әрі тиімді сапар бол­ғаны анық. Бұған дейін ол көп­теген маңызды басшылармен кездесуінде ортақ мәмі­леге келе алмады, адами тұр­ғыдан жақын­даса алған жоқ жә­не алдағы уа­қытта олармен кез­десуге құ­мартуы неғайбыл. Деген­­мен АҚШ Президенті Н.Назар­баевпен қайта кездесуге ерекше ықыласпен әзір екенін көрсет­ті. Д.Трамптың Қазақстан Прези­денті Н.Назарбаевқа бірне­ше мәрте «highly respected» (аса құрметті) деп өз құрметін көр­сет­кенін бәріміз көрдік. Бұған дейін Д.Трамптың мұндайын  байқамаған едік. Мұның бәрі ресми сөйлесудің бір парасы емес, шынайы болғаны анық.

Қазақстан – жас әрі егемендігі мен аумақтық тұтастығын жоға­ры бағалайтын мемлекет. Бұл – бәріне аян. Америка басшысымен болған кездесуде осыны ерекше атай отырып, әңгіме арқауына айналдыру, тәжірибесі мол сая­саткер, айрықша пара­сат иесі Н.Назарбаевтың ғана қолынан келеді. Көпшілік Қа­зақ­стан басшысын Президент мәр­те­бесі бар Талейран, геосаясаттың хас шебері және бәрімен дос көшбасшы деп санайды.

Оның мұндай ерекшелігі Ресей – АҚШ арасындағы қарым-қаты­настың нашарлап кетке­ніне қисынды түрде уайым біл­дір­генінен байқалды. Бұл – расында таңғаларлық. Оның әккілігі, сұң­ғылалығы, дип­­ло­матиялық талан­ты Қа­зақстанға тек пайда мен халықаралық абырой әкел­се, басқа не керек?! Осы орайда, Қытаймен де, АҚШ-пен де, Ре­сей­мен де достық бай­ла­­ныс­та болу үшін теңдессіз дип­лома­­тия­лық талант қажет екені белгілі.

Президент Н.Назарбаев­тың АҚШ-қа жасаған жоғары деңгейлі осы бір ресми сапарының өзге бір қырына назар аударғым келіп отыр. Әрине сапар өте тамаша ұйымдастырылды. Мен посткеңестік Қырғызстанның ішкі-сырт­қы саяси қызметіне 15 жылдай араласқан бұрынғы мем­лекет қай­раткері ретінде Мем­­ле­кет бас­шы­сының сәт­­ті ұйымдас­тырылған сапарының қандай болатынын бірден білемін. Мұн­дай істе ұсақ-түйек де­ген мүл­дем болмайды. Десек те, қазақ Президентінің АҚШ-тың вице-президентімен, Мемле­­кеттік хатшысымен және осы елдің іскерлік-саяси топ өкіл­­дерімен өткен кездесулері зор ең­­бекпен және таңғажайып жағдай­да ұйымдастырылғанын жете тү­сінемін. Ал Қауіпсіздік Кеңе­сі­нің Төрағасы ретінде БҰҰ-ның бас кеңсесінде баян­дама жасауы өз алдына бөлек әңгіме. Қалай десек те, Қазақстанның жарты әлем­ді қамтыған Қауіпсіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайлануы мен республи­ка атынан өкілдік етуі тарихи оқиға әрі қазақстандық саясат­керлер осындай жарқын жобаларды сәтті жүзеге асыра алуда. Қазақ­стан­ның Сыртқы істер министрлігі Мемлекет бас­­шысы­­ның қаңтардағы сапарын жоғары деңгейде ұйым­дастыра білді. «Астана-балет» театрының Лин­кольн орталы­ғында өнер көр­сетуін де ерекше атап өтуге болады. Бұл – Мем­лекет басшысының сапарын ұйым­дастырудың озық үлгісі. Бұл – сөзсіз Қазақстанның жетістігі.

Осы сапар барысында мынандай маңызды геосаяси шындық байқалды: Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы геосаяси көпірге, әлемдегі ки­кіл­жіңдер мен қарулы қақты­ғыс­тарды бейбіт түрде шешудің алаңына айналып отыр. Мұның бәріне себепкер кім? Қайталап ай­тайын, Н.Назарбаев пен оның мықты командасы. Қазақстан Пре­зи­ден­ті – команданы топтастыра алатын әрі «Манчестер Юнайтед» бапкері сияқты небір қиын матч­тарда жеңіске жеткізе алатын көшбасшы.

Н.Назарбаев дарынды көш­басшы екенін аймақтағы экономиканы, инфрақұрылымды дамыту ар­қылы көрсетті. Қазақстандық сая­саткерлер армандай біледі және жобалардың орындалуына бел шешіп кірісе алады.

Кейбіреулер халықаралық аренада имидж қалыптастыруға бөлінген қаражаттың маңызын түсінбейді. Егер осындай абы­рой­лы имидж қалыптаспаса, кім Қа­зақстанды Ақ үйде жоғары баға­лап, оның басшысын «highly res­pected» (аса құрметті) деп атайды?

Халықаралық қоғам­дас­тықтың мойындауына ие болу оңай емес. Әрдайым шын ынтамен күш салып жұмыс істеуді, көп көлемде инвестиция салуды қажет етеді. Әлем тарихын­да мұндай мысалдар өте көп. Өз заманында маңызы зор жобалар көпшілік тарапынан сынға ұшырап, кейінірек соның мәнін түсініп, ескерткіш орнатып жүре­тініне тарих куә.

Мен пайғамбар емеспін және көріпкелдігім де жоқ. Алайда қазақтардың келешегі үшін тең­дессіз осы салада еңбек етіп, тер төгуіне тура келетініне сенім­дімін.

Осмонакун ИБРАИМОВ,

профессор, Қырғызстан Ғылым академиясының мүшесі, Қырғызстанның бұрынғы мемлекеттік хатшысы