Қазақстан • 29 Қаңтар, 2018

Президенттің АҚШ-қа сапары: құрлықтарды қосқан қарқын

1087 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Президенттің АҚШ-қа сапары: құрлықтарды қосқан қарқын

– Бұл кім, Джон? Сен неге орныңнан тұрып кеттің? – деп сұрады егде тартқан америкалық әйел күйеуіне таңдана қараған күйі.

– Концертке Назарбаев келді, Қазақстанның Президенті, беделді саясаткер, – деп жауап қайтарды Джон.

Мен мұны ойдан шығарған жоқпын, бұл – Қазақстан Республикасы Президентінің Америка Құрама Штаттарына барған сапарындағы өзім куә болған оқиғалардың бірі. Джон мен оның зайыбының әңгімесін 17 қаңтар күні Нью-Йорктегі атақты Lincoln Сentre залында, Astana Opera қойған тамаша концерт кезінде құлағым шалған еді. Концерт залына Елбасы кіріп келгенде, залда толып отырған Америка интеллигенциясы тік тұрып құрмет көрсетті, кейбірі Президентке таңдана қарап тұрса, кейбірі суретке түсіріп алу үшін смартфонын сайлап әлек болды, енді біреулері қол ұсынып жатты. Мұндайда Мемлекет басшысының адамдарды баурап алатын, тіпті прагматикалық өмір салты қанына әбден сіңген америкалықтарға да ықпал ететіндей биік тұлғасы айқын байқалды.

Ұлттық прагматизм

Назарбаев пен Қазақстанды АҚШ-та да жақсы біледі. Америка халқы шетелдіктердің тұрмыс-тіршілігіне мүлдем қызықпайды деген – жасанды стереотип. Шынында мүлде олай емес. АҚШ-тың қазіргі Президентінің өзі америкалықтардың арасында айтарлықтай пікірталастарға себеп болған күрделі тұлға. Сондықтан оның әрбір кездесуін жұртшылық мұқият қарап отырады. Бұл ретте әр елдің өзіндік дәстүрлері бар екенін, америкалықтарға алдымен прагматикалық өмір салты тән екенін ескеру керек.

«Неліктен АҚШ-тағы айтулы Рождество немесе Мартин Лютер Кинг күні мерекелерінен кейін, жаңа саясат жылының басында Ақ үйдің ең алғашқы қонағы Назарбаев болды?» деп сұрайды америкалық сарапшы немесе журналист. Меніңше, мұның символдық мәні бар. Мартин Лютер Кинг – АҚШ-тағы гуманизм мен ұлттық келісім саясатын аңғартатын фигура. Мұнда Қазақстанның түрлі этностық және діни топтары арасындағы үйлесімділік пен бейбітшілікті орнатуға бағытталған ішкі және сыртқы саясатымен ұқсас тұстар бар. Президент Назарбаев көптен бері іс жүзінде алуан түрлі қарама-қарсы тараптарды келіссөз үстелінің айналасында біріктіру қабілетін танытып келеді. Мәселен, «Қазақстан бүгінгі таңда күллі әлемге дипломатияның ерекше, өзіне ғана тән ұлттық форматын көрсетіп келеді», дейді Франциядағы Sciences Po Саяси зерттеулер институтының профессоры, БҰҰ жанындағы сарапшы Шахрбану Таджбакш.

АҚШ-қа мұнан не пайда? Ашық кездесу, нақты шешімдер жасыратын ештеңенің жоқ екенін көрсетті. Қорытынды баспасөз мәслихатында Нұрсұлтан Назарбаев айтқанындай, Трамп та Қазақстан басшысы секілді прагматиканы ұнататын адам. Сондықтан кездесу өзара тиімді форматта өтті. Дональд Трамптың әкімшілігі өзіне тән прагматизм арқылы экономикалық және дипломатиялық жағынан өңірдегі көп мәселенің біздің елге байланысты екенін көріп отыр. Жергілікті сарапшылардың Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми түрде Ақ үйге Орталық Азия елдері атынан келгенін айтуы тегін емес. Қазақстанға әлемнің алып державасының қолдауы туралы уәдесін ала отырып, өзінің өңірлік лидер ретіндегі статус-кво мәртебесін арттыру, жаңа инвес­тицияларды тарту тиімді.

Тарихи сапар табысты болды. Таңғы ас кезінде Американың орта буын бизнесмендерінің бірімен танысқан едім. Ол жергілікті БАҚ-тан Назарбаев-Трамп кездесуі туралы ақпаратты оқыпты, болашақта пайда алуға болатын тұстарды іздегені көрініп тұр, сұрақтармен көміп тастады.

Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үйден шыққанда, Дональд Трамп онымен автомобильдің алдында да ұзақ әңгімелесті, машина жүріп кеткен соң да артынан қарап тағы біраз уақыт тұрды. Екі лидерді тек ресми қатынастар ғана емес, адами құндылықтар да байланыстырып тұрады. Демек, жоғары деңгейдегі кездесулер мен талқылаулар әлі де жалғасады, іске асады.

Тың серпін, зор қарқын

Вашингтон мен Астана арасындағы уақыт айырмасы – 11 сағат. Бізде таң атқанда, оларда кеш батады. Маған, 42 жасқа қараған адам үшін ұшақ сапары жеңіл тиген жоқ. Өзіңді бірден қолға алып, жұмысқа бірден кірісіп кету айтуға ғана оңай. Ал енді, Президент Назарбаев қаншалықты зор ауыртпалықты арқалап жүргенін өзіңіз ойлай беріңіз. Аса жауапты сапар, уақыт айырмасы, ұзақ уақыт бойы ұшақпен ұшу... Вашингтонға түннің бір уағында жетіп, таңертеңмен Blair House резиденциясының қонақ үйінен Ақ үйге Дональд Трамппен кездесуге аттанды. Елбасы АҚШ басшысымен жүргізген келіссөздерден тыс, кешке дейін америкалық іскер және саяси орта өкілдерімен кездесті. Осыншама тығыз кес­теден кейін Нұрсұлтан Әбішұлы Нью-Йоркке аттанды. Онда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында сөз сөйлеп, Ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, Польша Президенті Анджей Дудамен, тағы басқа да ресми адамдармен кездесті. Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев арнайы ұйымдастырылған қорытынды баспасөз мәслихатында жур­налистердің күрделі сұрақтарына ашық жауап берді. Қарапайым адам үшін бұл, шындығында, аса ауыр жүк, бірақ Елбасы үшін емес екені айдан анық.

– Сіздердің басшыларыңызға ілесіп жүру қиын, – деді маған баспасөз мәслихатының алдында америкалық журналистердің бірі, – ал сіздер соған сай болуға тырысып жатырсыздар.

Айтпақшы, америкалық журналист бұл сөзді мен оған дәліздің бір бұрышында, еденде ноутбукпен жедел ақпарат жазып отырған Kazinform мен «Егемен Қазақстанның» тілшілері Марлан Жиенбай мен Абай Отарды көрсеткенімде айтқан болатын. Әрине, Мемлекет басшысы жаңа ғана БҰҰ ҚК пікірсайыстарына қатысты, ал енді қорытынды баспасөз мәслихаты басталғалы тұр. Ал ақпараттарды «ҚазАқпарат» таспасына және ертең бүкіл Қазақстанға тарату үшін сол уақытта әлі де қатталып жатқан нөмірге шұғыл түрде жеткізіп үлгеру керек. Ал америкалық журналистер материал жазу үшін өздерінің редакцияларына кетті. Біздің тілшілер жеделдік тұрғысынан оларды қаншалық басып озғанын түсіндіріп отырудың өзі артық шығар. Қалың оқырман «Егемен Қазақстанның» Басқарма төрағасының тарихи сапар туралы жазған тамаша талдауына тамсанды. Kazinform-ның шеф-редакторы Татьяна Кудренок та осы күндері АҚШ уақытымен «өмір сүрген» болатын.

Kazinform Халықаралық ақпарат агенттігінің АҚШ-та жаңа серіктесі бар, ол – İnDepthNews (UN insider). Олар Президент Назарбаевтың БҰҰ-да сөйлеген сөзіне жақсы талдау жасапты. Олар да Мемлекет басшысының бейбітшілікті сақтауға қосып жатқан қомақты үлесін атап көрсетіпті.

Шынында да, Нұрсұлтан Әбішұлының соңынан ілесу қиын. Бірақ соған сай болуға тура келеді. Өйткені дәл осы президенттік өмір салты – біздің мемлекеттің қарқынды дамуының кепілі.

Мүмкін, сондықтан да Аме­рика басшылығы Қазақстаннан мақ­тауын аямаған шығар. Өйткені АҚШ өмірінің басты ерек­ше­лігі ұдайы қозғалыста болу, қар­қынмен даму ғой. Солай десек те, америкалықтардың өзі Қазақстан Президентінің қарқынына үлгере алмай жүрді.

Енді Дональд Трамптың АҚШ-тың Орталық Азия өңіріне қадам басқан алғашқы Президенті болу үшін жауап сапармен Қазақстанға келуін күтеміз. Ол жаһандық саясаттағы Нұрсұлтан Назарбаев бастап берген жаңа бағыт бола алады.

Асқар УМАРОВ,

KazInform ХАА бас директор

Астана  – Нью-Йорк – Астана