Әлем • 29 Қаңтар, 2018

Жаһанды су тапшылығы алаңдатады

1306 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жуырда Нью-Йоркте Сырт­қы істер министрі Қайрат Әбді­рах­манов БҰҰ шеңберінде ұйым­дас­тырылған Су мен бейбітшілік мәселесі жөніндегі Жаһандық топтың төрағасы Данила Тюркпен кездесіп, әңгіме өткізді. Осыған орай Словенияның бұрынғы президенті Д.Тюрк бастаған бұл топтың немен айналысатыны туралы айта кетейік. 

Жаһанды су тапшылығы алаңдатады

Жаһандық топ 2015 жылы Швейцарияның бастамасымен құрылған. Қазір оның қатарына Қазақстаннан басқа Венгрия, Гана, Иордания, Испания, Кам­боджа, Колумбия, Коста-Рика, Марокко, Оман, Сенегал, Сло­ве­ния, Швейцария, Франция және Эстония мемлекеттері енген.

Д.Тюрктің тобы жақында «Тірі қалу мәселесі» атты есепті еңбек жазып, оны ғаламдық деңгейде мемлекеттер басшылары мен көрнекті тұлғалар­ға та­ныстырды. Ғаламдық су мәсе­лесі адамзаттың қоғамдық, құ­қықтық дамуы ғана емес, Жер бетінде тірліктің қалуын­ың өзі қауіпті екендігін көрсету­де. Сон­дықтан да су мәселесін шеш­песе адамзаттың тірі қалуы­ның өзі күрделі мәселеге ай­­налуы мүмкін екендігі айтылуда. «Бұл мәселені кешенді түрде, БҰҰ және басқа да ха­лық­аралық ұйымдардың ара­ла­суымен жаппай қатысып, шешуді қолға алуымыз керек. Дипломатия жүйесі бойынша халықаралық құқық негізінде жаңа институттар құрып, таби­ғаттың өзгерісін, қоршаған ортаны бақылау ісін дереу қолға алғанымыз жөн. Біздің тобымыз осы жұмыстарды іске асыру үшін нақты ұсыныстар да­йындады. Су қатерінің ал­дын алу – бір елдің емес жал­пы ғаламшарлық мәселе еке­нін танып, оны шешуге бәрі де атсалысуы керек», деген Да­нила Тюрк өздерінің жасаған есеп­терінің алғысөзінде.

Айтса айтқандай, бүгінгі таңда адам­зат су драмасының алдында тұр. Д.Тюрк тобының есебіне көз жүгірт­кенде әлемде екі миллиардтай адам іше­­тін суға зәру екенін көреміз. Соның ішін­де әлемнің түрлі кикілжіңдер мен со­ғыстың кесірінен тұрақсыздық жайла­ған аймақтарындағы ахуал тіпті нашар. Қарсыласушы жақтар су жүйелерінің нысандарын торуылдап, оларды қарсыластарына қарсы қару ретінде пайдаланып жатқандары да бар. Оның үстіне осы аймақтардағы демо­графиялық өсім де су тап­шы­лығын арттыруда.

Адамзатқа ХХІ ғасырдың ортасына дейін азық-түлік қорын 50 пайызға дейін арт­тыру­ға тура келеді. Алдымен су мә­селесін шешпесе ондай мақ­сатқа қол жеткізу қиын. Сондықтан да халықар­а­лық қоғам­дастық су мәселесі жө­нін­дегі ықпалдастықты жа­ңа­ша көзқараспен бағалап, оны түп орнымен өзгерту керек, дейді Д.Тюрктің тобы. Ол үшін БҰҰ Бас Ассамблеясы мемлекеттер ара­сындағы су пайдалану жөніндегі ынты­мақтастықтың нақты басым­дықтары бойынша барлық қырларын қарастырған Ғалам­дық конференция өткізуі керек. Осы конференция бес жылға шақталған іс-әрекет жоспарын да бекіткені жөн.

Ғаламдық топ өздерінің есебінде кикілжің болып жат­қан елдердің су ресурстары мен құрылымдарын қарсы­лас­тарына қарсы құрал ретін­де пайдалануы халықаралық адамгершілік құқығын аяққа басу, сондықтан мұндайды бүкіл адамзат айыптауы керек деп санайды. Ал су құрылым­дарын дереу қалпына келтіру үшін жергілікті атқарушы билік қайы­рымдылық ұйым­дары­­мен бірлесе іс қылғаны жөн дейді. Со­нымен қатар су ша­руа­шы­лығы құрылым­дарының қауіпсіздігін террористік шабуылдардан сақтау – әлем­дік қоғамдастықтың тікелей жауап­кершілігіне алатын мә­селе. Ал оны ұйымдас­ты­рып, қорғауға алуды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тікелей өз мойнына алуы керек.

Сонымен қатар Д.Тюрк­тің тобы суға байланысты құқық пен трансшекаралық өзен­дер мәселесін қарастыру – ауру­дың алдын алумен тең әре­кет екенін атап көрсеткен. Өйт­кені осы арадан туған ки­кіл­жіңдердің аймақтық бей­біт­шілікті аяқ асты ету қа­тері бары айтылады. Әрине, халық­­аралық өзен ағындарын қалай пайдалану жөніндегі қағидаттар жүйесі, нормалар мен институттар қабылдан­ған. Олар «Халықаралық кеме жүзбейтін су ағындарын пайдалану құқықтары» және «Тран­с­шекаралық өзендер мен ха­лықаралық көлдерді күзету мен пайдалану туралы» БҰҰ Конвенциялары бойынша рет­теледі. Алайда әлемнің көп­теген аймақтарында су пай­далану жөніндегі транс­шек­аралық және аймақтық ынты­мақтастықтарды барлық жаққа тиімді деңгейге көтеру мәселесі шешілмей отырғандығын Ға­ламдық топ атап өткен.

Қытай, Қазақстан, Ресей елдерінің аумақ­тарынан өте­тін Ертіс өзені бас­сей­нінің де кейбір проблемалары осы Кон­венциялармен реттеледі. Сарапшы­лардың бағалауы бойынша Қазақстан да Еуразия құрлығындағы су ресурстары­нан ішінара тапшылық көру­ші елдердің біріне жатады. Республиканың жер үсті су­ларының жартысына жуығы шек­а­ралас мемлекеттердің аумағынан келеді. Соңғы 15 жыл­да жер үстілік судың таби­ғи ресурстарының азая бас­тағандығы да бақылануда. Соның ішінде 90 пайызы көр­шілес елдерден келетін ағын­ды суға жатады. Көршіміз Қытай елі де өзінің өнеркә­сіп, ауыл шаруашылығы және өсіп келе жатқан қалалары­­ның су қажеттілігіне байланыс­ты сұ­­ра­­нысын толық қанағат­тан­­дыруға ша­масы жетпей, Ертістің суын тежей түсуде. Ал бұл трансшекаралық өзен­дерді пайдалану бойынша БҰҰ Конвенциясының талабын бұзуға ішінара жол бере­ді. Жалпы айтқанда, Қазақ­стан Республикасы мен Қы­тай Халық Республикасы аума­ғы­нан 24 транс­шекаралық өзен ағатынына сарапшы­лар келіс­кен. Соның ішінде Ер­тіс, Іле, Текес және т.б. өзен­дер­дің ағын су көлемі мен са­па­­сы бойынша екі мемле­кет жасалған келісімшарт­тың негізін­де ақпараттармен алмасып тұрады. Алай­да Қытай тарапының өзендердің суын гидро тоғандармен іркіп отыруы се­бе­бінен туып отырған проблемалар көп.

Міне, осындай мәселелерді халық­аралық құқық шеңберінде шешуге Ға­­лам­дық топ белсенді атсалысады. Алайда көптеген мемлекеттер осы Ға­лам­дық топ­тың жұмысына қызу аралас­пай отыр, мәселен, 400-ге жуық про­б­ле­ма­лы трансшекаралық ағын сулар­ға байла­нысты осы күн­ге дейін алтауы бойын­ша ға­на екіжақты келісімдер жасалған.

Айта кететін жайт, Д.Тюрк басшы­лы­ғымен қызмет етіп жатқан Ғаламдық топтың есебі жеті тараудан тұрады. Олар топ сараптамасының негізгі бағыттары мен нәтижелерін қамтыған.

Д.Тюрк Қазақстан Сырт­қы істер министрі Қ.Әбдірах­мановпен кездес­кенде өз то­бы­­ның «Тірі қалу мәселесі» ат­ты осы есептерімен оны ег­жей-тег­жейлі таныстырып, қол­дау­ға шақырды. Өз тарапы­нан Қ.Әбдірахманов бұл есеп­тің ма­ңызды екенін айтып, қол­дайтынын жет­кізді. Қазақ­стан тарапынан Ғаламдық топ­тың мү­ш­елігіне Ерлан Нысанбаев ұсы­ныл­ған. Қазір ол да Топ құрамында еңбек етуде.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»