Ақтөбе – көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға өте ыңғайлы өңір. Ең бастысы, мұнда оны өрге бастырудың жаңа мүмкіндіктері мен пайдаланылмаған резервтері бар. Актив жиналысы кезінде бұл үшін бірінші кезекте жергілікті және республикалық маңызы бар автокөлік жолдарына күрделі жөндеулер жүргізу қажеттігі атап өтілді. Биыл облыс аумағында Ақтөбе – Атырау – Астрахань халықаралық автомобиль жолының құрылысы қызу қарқын алмақ. Сондай-ақ Шалқар – Ырғыз автожолын күрделі жөндеуден өткізуге, әрі облыс орталығындағы айналмалы аспалы көпірлер құрылысына байланысты жаңа шешімдер белгіленбек.
Жолдауда қойылған бесінші міндетке байланысты облыста құрылыс саласында және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторында да жаңа өзгерістердің түндігі түрілмек. Соның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруға орай 870 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілмек.
Ақтөбе инновация мен өндірісті дамыту ісінде және инновациялық қаражаттар тарту тұрғысында республика өңірлері арасында көш бастаушы өңірлердің қатарынан орын алады. Бұған мысал ретінде өткен жылы өңірге 437 миллиард теңге инвестициялық қаражат тартылғанын айтсақ та жеткілікті. Ал биылғы меже – жарты триллион тенге көлемінде болмақ.
Мемлекет басшысы Жолдауының биылғы басты өзегі адами капиталды дамыту екені белгілі. Осы орайда облыста білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, саламатты өмір салтын орнықтыру мәселелері бойынша жаңа көкжиектер ашылмақ. Соның ішінде 2020 жылға дейін бүлдіршіндерді балабақшамен 100 пайыздық деңгейде қамту жөнінде нақты іс-шаралар кешені жасалған. Сондай-ақ өткен жылы облыста 15 орта мектеп үйінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, биыл 26 мектеп ғимараты тұрғызылуда. Жолдауда қойылған цифрландыру мен ақпараттық-анықтамалық жүйені бір ізге келтіру үшін өңірде арнайы жұмыс тобы құрылған.
Әрине, аймақта барлық қоғамдық-тұрмыстық мәселелердің шешімі табылған десек, шындыққа көлеңке түсіріп алармыз. Айталық, облыс аумағы интернет жүйесімен 100 пайызға жуық қамтылғанымен, Ойыл, Ырғыз, Шалқар, Темір секілді шалғай аудандарда оның жылдамдығы төмен екені де рас. Кәсіптік-техникалық білім беру орындарының тиімділігін көтеру мен информатика саласына қажетті мамандар әзірлеу және дуалды оқыту әдісін жетілдіру ісінде өз кезегін күтіп тұрған істер де жеткілікті.
Еркін елдің ертеңі – бүгінгі бүлдіршіндер мен жеткіншектер. Кез келген қоғам мен мемлекеттің ізгілігі оған қаншалықты деңгейле қамқорлық жасалғанымен көрінбек. Осы тұрғыда адами капиталдың жаңа сапасын айқындап берген Президенттің биылғы Жолдауының орны айырықша. Мұнда елдің болашағы жастарға қатысты мерейлі міндеттерді дәстүр сабақтастығына қоса, бүгінгі жаңаша көзқарас жағдайында жүзеге асыру жолдары айтылған. Қалай дегенде де, бүгінгі жастар тәрбиесінің басты өзегі патриоттық тәрбие, отаншылдыққа үндеу, өнегелік салт-дәстүрімізді одан әрі дамыту болып қала бермек. Бұл ретте активте сөйлеген сөзінде Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев биылғы жыл облыста балалар жылы болып жарияланғанын жеткізді.
Түйіп айтқанда, актив жиналысында Жолдауда қозғалған міндеттерге сәйкес өңірі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытудың барлық мүмкіндіктері жан-жақты сараланды.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе