Жалпы, Жолдауда айтылған маңызды мәселелер Қазақстан үшін тың жобаларды қолға алудың мүмкіндіктері болып қана қоймай, әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің қатарына қосылуға да ықпал ететін жүйе екені анық. Әсіресе аграрлы-индустриялық аймақ саналатын Жамбыл өңірі үшін Төртінші өнеркәсіптік революция өнеркәсіпті өркендетудің таптырмас жолы болып отыр. Кәсіпорындарды автоматтандыру, еңбек өнімділігін арттыру, барлық салаға цифрлы жүйені енгізу мәселесі бүгінде күн тәртібінде. Бұл мәселеде облыста тиісті алғышарттар жасалған.
Елбасы Жолдауында көрініс тапқан барлық саланы цифрландыру міндеті облыс кәсіпорындарында цифрлы технологияларды енгізу жұмыстары арқылы жүзеге асуда. Мәселен, отандық химия өндірісін дамытуда айрықша маңызға ие «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңа технологияларды енгізу, күрделі жөндеу және қайта жарақтандыру кезінде жұмыс істеп тұрған құрылғыларды жаңғырту мақсатында 2011-2020 жылдарға арналған жаңғырту жоспарын әзірлеген. Сонымен қатар осы кезеңде 29,4 миллиард теңгені құрайтын 11 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделсе, оның 1,2 миллиард теңгесі технологиялық процесті автоматтық жүйеде басқаруға арналған.
Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру барысында өңір өнеркәсібін автоматтандыруға және компьютерлендіруге ұмтылыс жасап отырған бірқатар кәсіпорындар бар. «Цифрлы кеніш» жобасын қолға алған «Алтыналмас» компаниясы цифрлы инновацияның көмегі арқылы өнімділік пен кірісті арттыруды және шығындарды 15 пайызға дейін азайтуды көздеп отыр. Ал «Оргстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңа технологияның көмегімен блоктарды жарылыссыз әзірлеуде гипс, мәрмәр және гранит өндіру жобасын қолға алып келеді.
Мемлекет басшысы Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері жайлы айтқан Жолдауында өнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге жеткізу міндетін қойды. Бұл өз кезегінде аграрлық саладағы еңбек өнімділігін арттыруға, сондай-ақ, өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға да мүмкіндік береді. Әсіресе бұл бастама шаруа қожалықтары үшін тиімді болмақ. Мәселен, Қордай ауданындағы «Самғау» шаруа қожалығы «Джон Дир» маркалы тракторына GPS бақылау технологиясын енгізіп, егін шаруашылығын интенсивтендіруді қолға алып отыр. Ал «Грин Вилл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Оңтүстік Корея инвесторларымен бірлесу арқылы 4 гектар өндірістік жылыжайды климатты бақылау және ылғалдандыру процестерін компьютерлік бақылау жүйесіне негіздеп, автоматтандырған. Енді аталған серіктестік Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылдық округінде инновациялық аквапоникалық әдіспен 1 гектар жерге жылыжай салуды жоспарлауда. Алдағы уақытта жылыжайларда өсімдіктің 50 түрінен жылына 800 тоннаға дейін өнім өндіріледі.
Өңір өнеркәсібіндегі өзгерістер өрлеуге бастайды. Бүгінде әлемнің дамыған мемлекеттерінде технологиялық мүмкіндіктерді пайдалану, игеру арқылы даму көрсеткішіне қол жеткізіліп келеді. Елбасы өз Жолдауында осы мәселерді айта отырып, отандық өнеркәсіптің өрлеу кезеңін қалыптастыруды міндеттеді. Ал өңірлерде өнеркәсіптің өрлеу мүмкіндігі жоғары болған жағдайда, серпінділік стратегиясын қалыптастыруға болады.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы