Аталған нысандардың құрылысы екі жыл бұрын қолға алынған болатын. Мысалы, КБКБ Красногор кенішінің №17 жаңа карьеріндегі кен жыныстарын ашу жұмыстары 2016 жылғы қаңтарда басталған еді. Тәулігіне 18 мың текше метр шамасында кен жынысы тиеліп, шығарылып отырды. Ұзындығы – 2 шақырым, ені – 0,9 шақырым, тереңдігі 111 метр карьерден аршылатын жыныстың жалпы көлемі 53 млн текше метрден астам болатын. Оның құрылысымен қатар боксит төгетін қоймаға апарар көлік жолы төселіп, су тартқыш және кернеуі 6 кВ электр қуатының үш желісі тартылды. Қазір №17 карьердегі таза кеннің алғашқы тоннасы өндірілді. Жыл басынан жұмыс үдерісі қарқын алды. Оған бес экскаватор, тоғыз автосамосвал, үш бульдозер мен бір автогрейдер іске жұмылдырылған. Осы карьерден жылына 1 млн тоннаға дейін боксит кенін өндіру жоспарланып отыр.
Ал Аят кенішінің №9 карьерінде боксит өндірісі қаңтар айының соңында басталмақ. Бұл карьердің ұзындығы – 700 метр, ені – 600 метр, тереңдігі 119 метр болады. Жарылыс жұмыстарынан кейін боксит кенін өндіру қолға алынады. Автожол, сорғы стансасы, су бұрғыш, электр қуаты желісі, жарықтандыру үшін бағандар құрылысы аяқталған. Бүгіннің өзінде карьерде екі экскаватор, төрт автосамосвал, бульдозер және автогрейдер жұмыс істеуде.
– Кеніштердегі карьерлерді жаңғырту құрылысына 6 миллиард теңгеден астам инвестиция жұмсалды. Жоба Аят және Красногор кеніштері қуатын және шахтаның сапалы көрсеткіштерін сақтау, 2018 жылға арналған өндірістік жоспарды толық орындау үшін жүзеге асырылды. Біз өндірістік көрсеткіштерді орындауға және Павлодар алюминий зауытына бокситті жеткізуге дайынбыз, – деді «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалы – Краснооктябрь боксит кен басқармасының директоры Сергей Щелоков.
Қазір Краснооктябрь боксит кен басқармасының Шығыс Аят кен орнында тағы бір карьердің құрылысы жүріп жатыр. Кеніштердегі мұндай жаңғырту құрылыс жұмыстары 2020 жылға дейін жалғасады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Лисаков қаласы