Аймақтар • 29 Қаңтар, 2018

Оқушылар құс санауға шықты

808 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтау қаласындағы химия-биолгия бағытындағы Назар­ба­ев зияткер­лік мек­те­бінің оқу­шылары биыл үшінші жыл қата­ры­нан International Water­bird Census (IWC) ата­латын 52-ші халықаралық қысқы суда жү­зе­тін және су маңындағы құс­тар санағына шықты. Олар Қазақ­стандағы ерекше орнитоло­гия аумағы болып есептелетін Қа­ра­көл көліндегі құстарды санады. 

Оқушылар құс санауға шықты

Бұл сулы-батпақты алқапта әр мерзімде 175 түрлі суда жүзетін және су маңында өмір сүретін құстар тіршілік етеді. Оның ішінде сұңқылдақ аққу, бұйра және алқызыл бірқазан, сары, египеттік және кішкентай аққұтан, фламинго, қалбағай, қарабай, қарабасты өгізшағала, аққұйрық су бүркіттері секілді 20-дан аса құс Қазақстанның Қызыл кітабына енген.

«Қолдау-Қазақстан» көпбейінді коммерциялық емес холдингі жанын­дағы «Қолдау-Экология» маман­дан­дырылған орталығының жетекшісі Ә.Қозыбақовтың сөзінше, құстар санағы әлемнің 100-ден астам елінде 1967 жылдың қаңтар айының ортасынан бас­тап жүргізіле бастаған. Қазірде бұл санақ жыл сайын ұйымдастырылады.

Қарақия-Қаракөл мемлекеттік эко­логия­лық қорықшасының бөлігі болып есеп­телетін Қаракөлдегі құстар сана­ғының нәтижесінде, балалар 6 сұң­қылдақ аққуды, 4 мыңға жуық сы­бырлақ аққуды, 300-ден аса барыл­дауық (жабайы үйрек), 70 ­сүңгуір үйректі, 50-ге жуық өзен қар­қыл­дау­ығын, 2 анықталмаған ителгі, 3 аққұй­рық субүркітін және 200-дей әр түрлі ша­ға­лаларды санады және жас эколог­тар сараптама үшін ауаның, су­дың, топы­рақ­тың сынамаларын алды. PASCO әм­бебап құралының көмегімен су­дың, топы­рақтық, ауаның температура­сын анық­тап, ауа ылғалдылығын, баро­мет­рия­лық қысымды су мен топырақ қыш­қыл­дығын өлшеді.

– Қаракөлдегі құстардың саны жөніндегі біздің үш жыл бойы жинаған деректеріміз орнитолог-мамандарға суда және оның маңында өмір сүретін құстар жөніндегі ақпаратты жаһандық тұрғыдан көруге көмек береді деген үміттеміз. Санақ барысында алынған үлгілер Қаракөлдегі тіршілік ететін жануарлардың проблемаларын зерттеу үшін жүргізілетін ғылыми жобаларға пайдаланылады, – дейді аталған мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Бақытгүл Жақсылықова.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы