Сурет өнеріне қызығушылығы ерте жастан оянған Алмас Нұрғожаев осы уақытқа дейін талай белестерді бағындырып, алдыңғы толқын ағаларының алғысына бөленіп жүрген қылқалам иесі. Алмас шығармаларында көшпелі халқымыздың тұрмыс тіршілігі, салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы кеңінен көрініс табады. Тұяғымен ор қазып, ауыздығымен алысқан тұлпар да, жауына жебедей атылған хас батыр да, самалмен жарысып іңкәріне жан сөзін айтуға асыққан бозбала да, тіршіліктің тынымсыз қозғалыстар мен үздіксіз күрестерден тұратынына үңілдіреді, философиялық тереңдікке тартады. Алмас шығармаларының рухынан халқымызға тән мінез байқалады.
Оның «Түнгі шолу» атты туындысы жайлы өнертанушы Батиза Әди: «Бұл автордың ішкі жан дүниесімен астасқан көркем туынды. Қараңғылық басқан түнгі сәт, яғни ел тыныштығын ойлаған бір топ сарбаздың алау жағып кеңес құрған сәтін бейнелейді. Композицияның орта бөлігінде ер адамның кішкентай баланы қаусыра құшақтап толғаныста отырған сәті тақырып аясын барынша кеңейте түскендей. Ел тағдыры мен ұрпақ болашағын ойлаған, бейбітшілік пен тыныштықты аңсаған ел ағаларының үміті, кейінгі ұрпаққа аманат екенін оқиға мазмұнымен аша түседі. Оқиғаның айтар тағылымы осында жатыр. Тарихи жанрға қалам тербеген Алмастың шығармашылығы қазақ бейнелеу өнеріне қосылған үлкен үлес» деп бағалайды.
Шығармашылық иесімен аз-кем әңгімелескенімізде, суреттерінен ғана емес, өзінің өне бойынан да өнерге деген тазалықтың тұнбасы көрініп тұрды.
– Әкем де кәсіби сурет маманы. Осы өнерге бала жасымнан баулыды. Кішкене күнімде жазып-сызған шимайларым, ермексаздан жасаған түрлі дүниелерім жәй әншейін ермек емес, өмірлік қалауымның, шығармашылық тынысымның алғашқы әліппесі екен. Қанапия Темірболатұлы, Жұмақын Қайранбаев ағаларымыздың ұлттық тақырыптағы дүниелері арманыма қанат бітірді. Суретшіге ғана емес, жалпы кез келген өнер адамына ең керек қасиет – ізденіс. Композициялық құрылым, ой, түс таңдау, ерекшелік тұрғысынан үнемі ізденіс үстінде жүремін. Шығармашылығымның негізгі өзегі – табиғи болмысымызға тән ұлттық тақырыптар. Алдағы уақытта, ұстаздарымыздың бағыт-бағдары бойынша осы дүниелерді заманауи тұрпатта дамытсам деген ойым бар, – дейді Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Алмас Нұрғожаев.
Уақыттың тынысын, даланың рухы мен бабаның ғұрпын іздесеңіз Алмас салған суреттерге үңіліп көріңіз. Туған жердің табиғатына суретшінің көзімен қарасаңыз, өзіңіз байқамаған талай таңғажайыпқа тәнті боласыз. Қазіргі таңда Алматыдағы Орал Таңсықбаев атындағы Сәндік қолданбалы өнер колледжінің «Кескіндеме, мүсін, сәндік декорация бөлімінде» сабақ беретін ол отыз жасында үлкен өнерге олжа салды. Оның кенебіндегі мәңгілік қозғалыс мәңгілік елдің мұратын асқақтатып тұрғандай.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ