«Вашингтон Таймста» «Ауғанстан проблемасын шешудің жолын іздеу» мақаласы жарияланып, онда АҚШ арнаулы мақсаттағы күштері тікұшағының бұрынғы ұшқышы Тодд Вуд былай деп атап өтеді: «Ауғанстанды қалпына келтіру үдерісінде маңызды рөл атқара алатын елдердің бірі Қазақстан болып табылады. Астана Ауғанстандағы созылмалы дертті халықаралық назардың алдыңғы жағына шығару жөнінде міндеттеме алды. Және менің олардың бізге көмектесуіне мүмкіндік берейік дегім келеді».
«Daily Caller-де» АҚШ-тың бұрынғы елшісі Адам Эрелидің «Қазақстан АҚШ пен Ресейдің жақындасуына бітімгер бола ала ма?» деген мақаласы орналастырылған.
«The Hill» порталы АҚШ Сараптама кеңесінің аға ғылыми қызметкері, АҚШ мемхатшысы көмекшісінің экс-орынбасары және Ұлттық қауіпсіздік кеңесіндегі Орталық Азия жөніндегі департаменттің бұрынғы директоры Д.Меркельдің «Трамптың Қазақстан Президентімен кездесуі – ынтымақтастықтың маңызды белгісі» деген мақаласын жариялады.
«The Wall Street Journal-да» сарапшы Джеймс Фриман Трамптың мәлімдемесінен үзінді келтіреді: «Қазақстан жағдайды жақсы жағына қарай өзгерте отырып, табысты іс-қимыл танытады; Қазақстан кейбір елдердің алдында көптеген басымдықтарға ие; ашығын айтқанда, оларда да қиын жағдайлар болып тұрады, бірақ Қазақстан Президенті үлкен құрметке ие және ауқымды жұмыстар атқарып келеді».
CNBC-ке берген сұхбатында АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесіндегі Ресей және Еуразия жөніндегі департаменттің бұрынғы директоры, Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері П.Стронски: «Президент Д.Трамп Президент Н.Назарбаевты Ақ үйде оның ядролық қаруды таратпау жөніндегі бастамасын қолдау жолында атқарған ұзақ жылғы зор еңбегін мойындаудың белгісі ретінде қабылдады», деп мәлімдеді. Сондай-ақ «Орталық Азия – бұл Ауғанстанға айналмалы құрғақ жолды канал. Сонымен қатар бізге Пәкістанмен проблемалар бар кезде алыс-берістің басқа бағыттары қажет, сондықтан Қазақстан аса маңызды стратегияға айналады», деді ол.
Heritage Foundation қоры жанындағы Дэвис атындағы Ұлттық қауіпсіздік пен сыртқы саясат проблемаларын зерттеу институтының сарапшысы Люк Коффи «The Daily Signal» порталында «Қазақстан, АҚШ үшін көптеген жаһандық сын-қатерлер тоғысатын, ол энергетикалық қауіпсіздік, ядролық таратпау, өз күшін сезіне бастаған Қытай, «қайта өрлеу үстіндегі Ресей», тұрақсыз Ауғанстан немесе өсе түсіп отырған экстремизм қатері бола ма, өңірдің кіндік орталығында орналасқан», деп атап өтеді. «Егер АҚШ өзінің көптеген мүддесі бар Еуразияда айтарлықтай ойыншы болғысы келсе, Қазақстанға асқақ қарауына болмайды. АҚШ үшін ең ұтымды тәсіл осы проблемаларды еңсере білуі – бұл Қазақстанмен тығыз екіжақты қарым-қатынасты жолға қою. Назарбаевтың сапары, міне, осы себепті маңызды».
Америкалық БАҚ-тар жариялаған пікірлер мен комментарийлердің ортақ үндестігін «Capitol Intelligence Group» талдау тобының сараптама қорытындысымен түйіндеуге болады. Осы топтың бағалауынша, «АҚШ Президенті Д.Трамп Қазақстан Президентін АҚШ-пен және оның қарсыластары – Ресеймен және Қытаймен арадағы жаңа Үлкен ойында «адал брокер» ретінде көрінуге үндеу үшін америкалық бизнесті ұтымды пайдалана білді».
Сіздің АҚШ-қа сапарыңызға қатысты аса оң бағалаулар «Forbes» басылымындағы «Қазақстан тәуір атқаруда, бірақ өңірде жағымсыз жағдайлар пісіп-жетіліп келеді» деп аталатын мақалада жинақталып қорытылған болатын. Оның авторы М.Кайлан «Назарбаевтың елдегі тәртіп пен тұрақтылықты жиырма жылға жуық уақыт бойы сақтап келе жатқан табысы – бұл шын мәнінде ғажап нәрсе» екеніне сенімді. «Н.Назарбаев астананы елдің географиялық орталығына ауыстырып, халықтың әл-ауқатының айтарлықтай өсуіне ықпал етті. Осының бәрі бей-берекеттік пен қантөгіс ықтималдылығы жоғары екеніне, әсіресе, алаңдатарлық ахуал туындатып, қаратүнек басқан көрші елдер ықпалына қарамастан мүмкін болды», деп атап өтеді.
М.Кайланның пайымдауынша, «Бұрынғы кеңестік республикалар өздерін асқақ ұстаған жағдайда Мәскеудің Грузияда, Оңтүстік Осетияда, Абхазияда, Украинада, Қырымда, Донбаста не істегенін, Балтық елдеріне үздіксіз кибершабуылдар жасайтынын бәріміз білеміз. Осыған қарамастан, Қазақстан өзін мұның бәрінен НАТО-ның, ЕО-ның немесе сыртқы достарының көмегінсіз-ақ арашалап қала алып отыр. Сонымен Батыстың Назарбаевтың басқаруына қатысты айтылатын барлық сынына осы уақытқа дейінгі ең үздік жауап өзін екіжүзділіктен арашалауы болып табылады. Осындай жағдайдағы таңғаларлық бейбіт прогресс пен өсіп-өркендеуге қанағат етіңдер... Мәскеудің әскерін енгізіп, аумақтың үлкен бөлігін тартып алмағанына риза болыңдар. Қытай да экономикалық тұрғыдан қатал емес. Назарбаев олардың бәріне тұрақтылық пен дәстүрлі бейтараптықты сақтап тұру үшін негіз берді. Ол жақында ғана Сирия бойынша өткен басқосулар секілді Астананы халықаралық бейбіт келіссөздердің орталығына айналдырды. Ол Қытайға мұнай және газ құбырларын жүргізді. Ол Қазақстан отынының экспорты үшін Ресей құбырларын пайдаланып, Мәскеуге қосымша табыс беруде. Ол АҚШ-тың мұнай алыптарымен Теңіз кен орнындағы орасан зор қорларды игеру келісіміне қол қою үшін Вашингтонға келіп, сонысымен елден алыс жатқан жерлерге де зәкір тастау арқылы АҚШ-тың да Қазақстанның өсіп-өркендеуіне үлесін қостырып отыр. Осындай кең-байтақ өңірде Сингапур ұмтылуға қажетті дара әрі аса функционалды модель болып табылады және Назарбаев өзінің елін дұрыс бағытқа дәйектілікпен бастап келеді.
Ресей БАҚ-тарындағы комментарийлерде біршама скептицизм байқалғанымен, аса беделді ресейлік сарапшылар оң көзқарастағы шолуларымен есте қалды.
Ресейлік және америкалық саясаттанушы, Жаһандық мүдделер орталығының президенті (Вашингтон қаласы) Н.Злобиннің пікірі кеңінен көрініс тапты: «Қазақтар жарады. Президент Назарбаевтың АҚШ-қа 3 күндік (!) сапары – Америкамен істі қалай прагматикалы және тиімді жүргізудің, Вашингтонда идеологиялық стереотиптер мен жеке насихатына бас қатырмай, өз экономикасының мүддесін табандылықпен ілгерілетудің және ұтымды шешім қабылдауға ықпал етудің үлгісі болды. Міне, посткеңестік мемлекеттің көз бояйтын алдамшы емес, нағыз табысты сыртқы саясаты».
ТМД елдері институтының Орталық Азия мен Қазақстан бөлімінің жетекшісі А.Грозиннің көзқарасынша, «Назарбаевтың АҚШ-қа сапарының басты қорытындысы – бұл Назарбаевтың Владимир Путинмен де, Трамппен де және Си жолдаспен де жақсы қарым-қатынаста екенінің жарқын көрінісі, жалпылай айтқанда, Қазақстанның тұғыры биікте тұр». Жалпысында, Назарбаевтың биліктің дамыған инстинктіне ие екені және ешкімге де: Ақ үйге, Кремльге немесе басқаға да өзінің алдын орап кетуге мүмкіндік бермейтіні әуелден-ақ белгілі болатын. Қазақстан басшысы – тісқаққан саясаткер, ол кімді болса да өз пайдасына жарата алады».
Саясаттанушы және журналист А.Дубновтың пікірінше, «Трамптан шақырту алып, Вашингтонға келу, сонымен қатар мұндай сапардың бенефициары Ақ үй қожайынының өзі де болып табылатынын білдіреді. Бүгінде оның Америка билігі ғимаратының архитектурасындағы орны осал көрінетіні соншалықты, Трамптың беделді әлемдік саясаткермен кез келген кездесуі, қазіргі кезде Назарбаев дәл сондай саясаткер ретінде көрінеді, оған ұпай әпереді».
Орталық Азия мен Ауғанстан проблемаларын зерттеу орталығының директоры А.Казанцев: «АҚШ-тың Қазақстанмен Ауғанстан желісі бойынша байланысқа мүдделі екені сөзсіз... АҚШ-тың барлық президенттерімен әркез жақсы қарым-қатынаста болған және Ресей Президенті В.Путинмен дос болып табылатын Назарбаевтың өзі әрі қарай да Ресей мен АҚШ арасында бітімгершілік желісін жүргізетін болады. Қазақстанның дәл Сирия бойынша, Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынас және Украина жанжалы бойынша бітімгер болғаны сияқты», деп санайды.
Саясаттанушы Л.Крутаков Америка – Қазақстан қарым-қатынасының жылынуына тек Астана ғана емес, сондай-ақ Вашингтон да мүдделі екенін атап көрсетеді.
Украина БАҚ-тарындағы жарияланымдар арасынан әлеуметтік желідегі белгілі Украина құқық қорғаушысы, ОСК-нің және Венеция комиссиясының экс-мүшесі М.Ставнийчуктің хабарламасын бөле-жара көрсеткен жөн. «Н.Назарбаевты Президент Д.Трамптың құрметпен қарсы алғаны дәйексөздерден көрінеді. Келіссөздерден кейінгі бірлескен брифинг. Ортақ әңгіме, екі президенттің әлемдік геосаясат проблемаларына қатысты сұрақтарға жауаптары. Инвестициялық саясаттың қорытындысы 50 млрд доллардан астам қаржы, перспективалар – 7 млрд доллардан астам. Бәрі хаттама бойынша. Байыпты, бір-біріне деген құрметпен! Ешқашан қандай да бір жеке нәрселерге қатысты іштарлық танытпаймын, ал мемлекетке деген осындай көзқарасқа, мемлекетті осылай дамытуға қызыға қарайтынымды жасырмаймын. Әсіресе біздің Президенттің АҚШ Президентімен кездесуінен кейін Ақ үй қақпасының алдында брифинг ұйымдастырып, жаман түйенің жабуындай желпілдеп жүргені еске түседі (Украина Президентінің өткен жылдың қыркүйегіндегі АҚШ-қа сапары кезінде)».