– Жанат Бостанұлы Қазақстанның бүгінгі сақтандыру нарығын цифрмен қалай сипаттайсыз?
– Сақтандыру нарығында 32 сақтандыру ұйымы жұмыс істейді, оның 7-нің «өмірді сақтандыру» саласы бойынша және 25-нің «жалпы сақтандыру» саласы бойынша лицензиясы бар.
Сақтандыру компанияларының жиынтық активтері соңғы 5 жыл ішінде 2 есе өсіп, 2018 жылғы 1 қаңтарда 927 млрд теңгені құрады. Жиналған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 2017 жылы 370 млрд теңге болды. Оның шамамен жартысын мүлікті ерікті сақтандыру және ерікті жеке сақтандыру мен міндетті сақтандырудың әрқайсысы төрттен бірін құрайды.
Ерікті сақтандыру түрлері, оның ішінде азаматтық-құқықтық жауапкершілікті (АҚЖ), автокөлікті сақтандыру және өмірді сақтандыру айтарлықтай белсенді дамуда. Сақтандырудың осы түрлері бойынша сақтандыру сыйлықақылары 2 еседен аса ұлғайды.
Халық арасында сақтандыру қызметтеріне деген сұраныстың өсуі байқалады. Жеке тұлғалармен жасалған шарттар бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі соңғы 5 жылда 2,2 есе ұлғайды. Жеке тұлғалармен жасалған 5 млн-нан аса шарт бар, оның 2,9 млн-ы көлік құралдары иелерінің АҚЖ міндетті сақтандыру жөніндегі және шамамен 1 млн-ы өмірді ерікті сақтандыру жөніндегі 404 мыңы жазатайым жағдайлардан сақтандыру жөніндегі және 183 мыңы ауырған жағдайдан сақтандыру жөніндегі шарттарды құрайды.
– Сақтандыру сыйлықақылары көлемінің республика экономикасының мөлшеріне арақатынасы айтарлықтай төмен. Бұл сақтандыру нарығын әлі де дамыту қажет дегенді білдіре ме?
– Көрсеткіштердің қарқынды өсуіне қарамастан, сақтандыру нарығының Қазақстан экономикасының дамуындағы маңызы әлі де төмен күйде қалуда.
Сақтандыру сыйлықақыларының елдің ішкі жалпы өніміндегі (ІЖӨ) үлесі мен сақтандыру сыйлықақыларының жан басына шаққандағы көлемі нарық дамуының жалпыға танымал индикаторлары болып табылатыны белгілі. Қазақстанда бұл көрсеткіштер 2016 жылы 0,80% және 20 104 теңге болды, ал бұл әлем бойынша тиісінше 84 және 73-орын.
Салыстыру үшін: сақтандыру сыйлықақыларының ІЖӨ-дегі үлесінің көрсеткіші Ресей Федерациясында – 1,36%, Украинада – 1,41%, Орталық және Шығыс Еуропа елдерінде – 1,92%, дамушы елдерде (Қытайды қоспағанда) – 2,53%, ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде 7,60% болды.
Осы көрсеткіштерді ескере отырып сақтандыру нарығының әзірге экономика қажеттілігіне сәйкес келмейтіндігі, халық пен бизнестің мүдделерін қорғаудың тиімді құралы болмағаны, дегенмен айтарлықтай іске асырылмаған даму әлеуетінің бар екендігі туралы қорытынды жасауға болады.
Серпінді өсуді тежейтін себептер:
1) азаматтардың өмірі мен денсаулығын ерікті сақтандыру, халықтың мүлкін және кәсіпкерлікті түрлі тәуекелдерден сақтандыру тәсілдері жеткілікті түрде дамымаған;
2) міндетті сақтандыру түрлері бойынша талаптар стандартталмаған, клиенттің сақтандыра отырып қорғауға деген қажеттілігін толық қамтымайды, клиенттің нақты неден қорғалғанын дәлме-дәл түсінуі үшін өтелетін тәуекелдерге қатысты ол толық хабардар емес;
3) ақпараттың жеткіліксіздігі мен көрсетілетін сақтандыру қызметтері сапасының төмендігінен, сақтандыру өтемақысын алу проблемасына байланысты бұған дейін қалыптасқан жағымсыз тәжірибеден халықтың және бизнестің сақтандыруға деген сенімсіздігі сақталып отыр;
4) сақтандыру қызметтерінің республиканың барлық өңірлерінде қолжетімді болмауы;
5) сақтандыру компанияларын капиталдандыру көлемінің жеткіліксіздігі, бұл олардың сақтандыру тәуекелдерін қабылдаудағы, қызметін автоматтандырудағы, өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді сан және сапасы жағынан дамытудағы қаржылық мүмкіндіктерін шектейді;
6) бизнестің, оның ішінде тиімсіз қайта сақтандырумен және делдалдарға айтарлықтай комиссиялық сыйақылар төлеумен байланысты шығасылары деңгейінің жоғары болуы;
7) сақтандырушылардың заманауи инновациялар мен цифрлы технологияларды өздерінің бизнес-процестеріне енгізу деңгейінің төмендігі.
Ықпалдастыру процестерін ЕАЭО шеңберінде жаһандану жағдайында қаржылық тұрғыда орнықты және бәсекеге қабілетті, экономиканың, халықтың және бизнестің мүддесіне жауап беретін ұлттық сақтандыру индустриясын қалыптастыру өте маңызды. Республиканың ДСҰ-ға қосылуы бізге шетелдік нарықтарға, ал ірі шетелдік компанияларға ұлттық нарыққа шығуға жол ашып отыр. 2020 жылы сақтандыру секторы шетелдік компаниялар филиалдарының нарыққа шығуы үшін ашық болады.
– Қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ұсынылғаны белгілі. Бұл заң жобасын әзірлеу қандай қажеттіліктен туындады және оның негізгі жаңалықтары қандай?
– Жалпы алғанда, заң жобасы төрт негізгі міндетті шешуге бағытталған, бұлар сақтандыру нарығының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету, сақтандыру қызметтерінің өңірлерде қолжетімділігін арттыру, сақтандыру тәсілдерінің сапасын арттыру және құнын төмендету, сондай-ақ сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту.
Сақтандыру полистерін электронды нысанда енгізу және сақтандыру компанияларының қызметтерін өздерінің интернет-ресурстары арқылы көрсету көзделген. Операциялық шығыстарды азайту, сақтандыру агенттерінің қызметтерін алып тастау есебінен халық пен бизнес үшін сақтандыру өнімдерінің құны төмендейді. Сақтандыру компаниялары міндетті де, ерікті де сақтандыру түрлері бойынша электронды қызметтерді (полистерді сатудан бастап сақтандыру төлемдерін ұйымдастыруға дейінгі толық циклды көздей отырып) енгізе алады.
Туристік салада Қазақстан туристерінің өмірі мен денсаулығын қорғау мүддесінде сақтандырудың пәрменділігі көтеріледі. Заң жобасында туристік фирмалардың жауапкершілігін сақтандырудан Қазақстан турисін тікелей сақтандыруға көшу көзделген. Бұл ретте ЭЫДҰ елдерінің сақтандырудың туризм саласындағы халықаралық практикасы ескерілді.
Сондай-ақ халықаралық тәжірибе ескеріле отырып, қолданыстағы заңнама міндеттелген сақтандыру ұғымымен толықтырылады. Міндеттелген сақтандыру шеңберінде сақтандырудың міндетті түрлері бойынша бөлек заң қабылдау талап етілмейді. Сақтандырудың ең төменгі (үлгі) талаптары заңнамамен регламенттелуі, ал клиенттің қызметі мен мүддесінің ерекшелігі ескеріле отырып, ол тараптардың келісімімен айқындалуы мүмкін.
Сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін заң жобасында сақтандыру нарығының инфрақұрылымын дамыту жөніндегі шаралар кешені көзделді. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі шеңберінде азаматтарды сақтандырудың әлеуметтік маңызды топтары бойынша қорғау тетіктері қарастырылған. Дауларды сотқа дейін реттеу мақсатында сақтандыру омбудсменінің барлық міндетті және ерікті сақтандыру тетіктері бойынша қызмет ауқымы кеңейтілді. Сақтандыру шарттарының эталонды базасы ретінде Сақтандыру бойынша бірыңғай статистикалық дерекқордың (СБСД) сақталуын және дамуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар көзделді.
– Қаралып отырған заң жобасы сақтандыру саласындағы цифрландырудың төмен деңгейі проблемасын шеше ме? Қазақстандықтарға сақтандыру қызметтері онлайн режімде қашан қолжетімді болады?
– «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде экономикаға заманауи цифрлы технологияларды белсенді түрде енгізу көзделген. Елдің цифрлы дамуының басты факторларының бірі интернетке кең ауқымды қолжетімділік болып табылады.
Қазақстан Республикасы Статистика комитетінің деректері бойынша қазіргі кезде ел халқының төрттен үш бөлігі интернетті пайдаланушы болып табылады. Алайда дамыған елдерден айырмашылығы, бізде онлайн тауарлар мен қызметтерді сатып алуда интернетті пайдаланушылардың саны 10%-ға да жетпейді.
Қазақстанның электронды коммерция нарығы өсуі бойынша ауқымды әлеуетінің бар екені айқын, ол әзірше елдегі бөлшек сауданың жалпы көлемінің 1%-ына ғана жуық. Бұл ретте соңғы жылдары жеке тұлғалардың мобильдік байланыс пен интернет-банкингті пайдалана отырып жүргізген төлемдер нарығының айтарлықтай өскені байқалып отыр (көлемі 2016 жылы 2015 жылмен салыстырғанда 2,3 есе ұлғайды).
Онлайн-сақтандырудың дамуы сақтандыру компанияларының барлық бизнес-процестеріне IT-технологияларды енгізуге мүмкіндік береді: е-полис жасау, сақтандыру сыйлықақыларын төлем жүйелері арқылы төлеу, электронды нысандағы қолданыстағы шарттың болуын растау, клиентпен 24/7/365 режімінде кері байланыс, деректерге жедел қолжетімділік және тәуекелдерді бағалау.
Қызметтердің толық циклы шеңберінде клиенттерге қашықтан «сатудан кейінгі» қызмет көрсету көзделді: сақтандыру шартын қайта ресімдеу (бұзу), сақтандыру оқиғасы туралы хабарлама, келтірілген зиянның мөлшерін анықтау бойынша рәсімдерді ұйымдастыру, сақтандыру төлемін алу үшін өтініш пен құжаттарды жіберу, төлемдерді сақтандырушының сайтындағы сақтанушының «жеке кабинеті» арқылы бақылау.
Сақтандыру компанияларын автоматтандыруға және олардың интернет-ресурстарына, дербес деректерді қорғауға және киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге, процестің барлық қатысушылары арасында электронды ақпарат алмасу тәртібіне қойылатын талаптар көзделеді.
Онлайн-сақтандыру, сондай-ақ клиенттерді қашықтан сәйкестендіруді іске асыруды болжайды. Бұл СБСД-ны мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және дерекқорлармен ықпалдастыруды талап етеді.
Заң қабылданғаннан кейін электронды сақтандырудың 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетіні жоспарланып отыр. Онлайн-сақтандыру сақтандыру саласын цифрландыру деңгейін, оның бәсекеге қабілеттілігін, халықтың қаржылық қызметтерге қашықтан қолжетімділігін арттырады.
Операциялық шығыстар мен делдалдық қызметтер үшін ақы төлеу шығыстарын төмендету есебінен электронды полистердің құны төмендетіледі. Электронды полисті сатып алу кезінде сақтандыру компаниялары сақтанушыларға заңда көзделген базалық тарифтің 10%-ына дейінгі мөлшерде жеңілдік көздей алады.
Жалпы алғанда, KPMG (The Pulse of Fintech: Q2 2017) ғаламдық есебіне сәйкес, цифрлы сақтандыру технологиялары мен қаржылық-техникалық экожүйелерді белсенді енгізу кезінде сақтандыру нарығының қаржылық қызметтердің басқа секторларынан артта қалуын жою үшін үлкен әлеует қамтылады.
– Сақтанушылардың интернет арқылы жіберілетін деректерін қорғау жүйесі қаншалықты сенімді болады?
– Ұлттық Банк сақтандыру компанияларының сақтанушы мен сақтандырушы арасында ақпарат алмасуды, электронды сақтандыру шарттарын жасауды қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық құралдарына және интернет-ресурстарына қойылатын талаптарды әзірлейді. Осы шаралар клиенттердің ақпараттық қауіпсіздігіне және дербес деректерін қорғауға бағытталған.
Онлайн-сақтандыруда СБСД-да сақтанушы (сақтандырылушылар) туралы мәліметтерді қашықтан сенімді өңдеу, СБСД және мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен дерекқорлар арасында ақпарат алмасу (олар ықпалдасқаннан кейін), сақтанушы төлеуге тиіс сақтандыру сыйлықақысын автоматты есептеу, СБСД-да сақтандыру шартын бірегей нөмір бере отырып тіркеу және сақтанушыға электронды растаманы сақтандыру полисінің бірегей нөмірін және өзге мәліметтерді көрсете отырып жіберу (мысалы, мобильдік телефонға және/немесе «жеке кабинетке») көзделеді.
– Ұсынылып отырған заң жобасы қазақстандық туристердің мүддесін қалай қорғайды және бұл туристік жолдамалардың құнына әсер ете ме?
– Қолданыстағы заңнама бойынша туроператорлар және турагенттер өздерінің туристер алдындағы жауапкершілігін сақтандырады. Егер туроператордың немесе турагенттің кінәсі бойынша турист зардап шеккен болса, онда сақтандыру компаниясы оған төлемді жүзеге асырады деп болжанады. Алайда бұл жүйе бірқатар себептерге байланысты туристі толық қорғамайды.
Мысалы, қазіргі кезде турист шетелде бола тұра сақтандыру оқиғасы басталған кезде қажетті қызметтерді ала алмайды. Ол сақтандыру өтемін қайтып оралғаннан кейін және соттың шешімі негізінде ғана ала алады, яғни іс жүзінде турист сапарда қорғалмайды.
Сақтандыру тәуекелдері заңнамада қатаң айқындалмаған, сол себепті туристерде шетелге шығар алдында сақтандыра отырып қорғаудың қандай жағдайларда қолданылатындығы туралы ақпарат жоқ. Сонымен қатар барлық зардап шеккен туристердің мүдделерін қорғау үшін сақтандыру өтемінің сомасы шектеулі болады. Туроператордың жауапкершілік лимиті 10 000 АЕК (24 млн теңге) құрайды, ал «Гүлнар Тур» ЖШС-нің банкрот болуы салдарынан туристерге келтірілген зиянның сомасы 400 млн теңгеден астам болды.
Заң жобасы шетелге шығатын туристің мүдделерін міндетті сақтандыруға өтуді көздейді. Туроператор туристі туризм саласында міндетті сақтандыру бағдарламаларының бірі бойынша белгілі бір елге және сапар күндерінің санына байланысты сақтандыратын болады. Туристі міндетті сақтандырудың ұсынылып отырған бағдарламалары халықаралық өнімдерге сәйкес келеді және жазатайым оқиға, шұғыл/жедел көмек, репатриация сияқты туристің өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге байланысты базалық әлеуметтік тәуекелдерді қамтиды. Қазақстандық турист міндетті сақтандыру шартында сақтандырылған тұлға дегенді білдіретіндігін атап өткен жөн.
Қазақстандық туроператорлардың қызметтерін сатып алушы бірде-бір турист сақтандырусыз қалмауға тиіс. Туристердің саны есебінен осы сақтандырудың құны қолжетімді болады (күніне 1 АҚШ долларына жуық) және турпакеттің бөлігі болып табылады. Шетелге шығу туризмі саласында барлық сақтандырудың құны барлық туроператорлар үшін бірдей емес. Ол туроператор шетелге жіберетін туристер санына, сапардың ұзақтығына, баратын елге және турист сапарда ұшырайтын нақты тәуекелдерге тікелей байланысты болады. Сақтандырушының сақтандыру бағдарламалары бойынша жауапкершілік лимиті әрбір турист бойынша 10 мың АҚШ долларынан 50 мың АҚШ долларына дейін. Бұл осы елдерге кіру кезінде сақтандыру құжаты қажет болатын елдердің талаптарына сәйкес келеді.
Қазақстандық турист сақтандырушының ассистанс-компаниясының тәулік бойы қолдауын қоса алғанда, шетелде сақтандыру оқиғасы басталған сәтте көмек ала алады. Сақтандыра отырып қорғау туристің шетелде болған барлық кезеңінде қолданылады. Бірінші сақтандыру оқиғасының басталуы сақтандыру шарты қолданылуының тоқтатылуын білдірмейді.
Турист өзінің қалауы бойынша қосымша қорғауды, мысалы, шетелге бармай қалған, паспортты немесе жүкті жоғалтқан жағдайда, сақтандыру өтемінің барынша жоғары лимитін көздей алады. Бірақ бұл үшін шетелге шығатындар ерікті сақтандыру полисін дербес сатып алуы тиіс.
– Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесінде қандай өзгерістер болмақ?
– Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі Қазақстанда 2003 жылдан бастап табысты жұмыс істейді. «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату кезінде сақтанушыларға сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жөніндегі жалғыз коммерциялық емес ұйым болып табылады. Қордың құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болды. Қазіргі уақытта 22 сақтандыру ұйымы – қордың қатысушылары мен акционерлері.
Сақтандырудың кепілдік берілген түрлеріне көлік құралдары иелерінің, тасымалдаушының жолаушылар алдындағы, туроператордың және турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру сыныптары жатады. Қолданыстағы жүйе әзірше сақтандырудың кепілдік берілген түрлерінің шектеулі тізбесін қамтиды. Кепілдік беру резервтері және қор акционерлерінің меншік қаражаты арасындағы, оның ішінде инвестициялық кірістерді есепке алу кезінде ара-жігін ажырату жоқ.
Халықаралық практиканы ескере отырып заң жобасы қордың жинақтаушы сақтандырудың әлеуметтік маңызды сыныптары бойынша, атап айтқанда, зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша және қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бойынша аннуитет шарттары бойынша кепілдіктерін енгізуді көздейді. Қор сақтандыру компаниясы таратылған жағдайда аннуитеттік төлемдердің үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз ететін болады.
Заң жобасында кепілдік беру жүйесіне қатысушы сақтандыру компанияларының жарналары есебінен қалыптастырылған активтерді және акционерлердің салымдары есебінен қалыптастырылған активтерді бөлек есепке алу көзделген. Осы және басқа шаралар кепілдік беру жүйесінің қаржылық орнықтылығын нығайтуға, сақтанушыларды қорғауға, сақтандыру компаниясын мәжбүрлеп тарату кезінде әлеуметтік шиеленісті азайтуға, жалпы алғанда, халықтың сақтандыру индустриясына деген сенімін арттыруға бағытталған.
– Ұлттық Банк Қазақстанда енгізуді ұсынып отырған «міндеттелген сақтандыру» дегеніміз нені білдіреді? Оның міндетті сақтандырудан өзгешелігі қандай?
– Заң жобасында халықаралық практиканы ескере отырып міндеттелген сақтандыру деп аталатын сақтандыруды енгізуді көздейтін міндетті сақтандыруды бұдан әрі дамыту көзделген. Көптеген дамыған елдердің тәжірибесі дәстүрлі міндетті сақтандырудан оның өзгертілген түріне – міндеттелген сақтандыруға көшу үрдісін көрсетіп отыр. Мысалы, Францияда міндетті сақтандырудың 120-дан астам түрі бар, оның ішінде тек төртеуі Сақтандыру кодексі, яғни жеке заңнамалық акт деңгейінде реттеледі.
Міндеттелген сақтандыру кезінде сақтандыру шартының болуы туралы талап және оның маңызды талаптары, әдетте заңнамалық актімен бекітіледі. Сақтандырудың жан-жақты талаптары арнайы заңда емес, сақтандыру шартында немесе сақтандыру қағидаларында айқындалады. Мысалы, егер адвокаттардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндеттелген сақтандыру қағидаты бойынша міндетті сақтандыру енгізілетін болса, онда «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында кем дегенде, адвокаттың сақтандыру шартын жасасуы туралы талап, сақтандыру оқиғалары және ең төменгі сақтандыру сомасы көзделуге тиіс. Басқа талаптар тараптардың келісімі бойынша айқындалады.
Міндеттелген сақтандыруды енгізу сақтандыру шартының тараптарына клиенттердің мүддесіне жауап беретін, сақтанушы қызметінің ерекшелігіне және тәуекелдеріне сәйкес келетін сақтандырудың икемді талаптарын көздеуге мүмкіндік береді, бұл сақтандыру өнімдері сапасының және қолжетімділігінің артуына әкеледі.
– Өмірді ерікті сақтандыру бойынша сақтандыру өнімдерін сатып алуға халықты ынталандыру жөнінде жоспарлар бар ма?
– Халық үшін өз өмірін бір мезетте сақтандыра отырып, ұзақ мерзімді жинақ ақшаны қалыптастырудың қолайлы режімін көздейтін салық нормалары жинақтап сақтандыру өнімдерін дамытудың маңызды ынталандыру шараларының бірі болып табылады. Дамыған елдердің практикасы бұл бірінші кезекте салық салудан өмірді ұзақ мерзімді жинақтап сақтандырудың өнімдері үшін сақтандыру төлемдерін алып тастауды көздейтіндігін көрсетеді.
Бұл азаматтарды олардың ерікті сақтандыру құралдарын пайдалануы арқылы әлеуметтік қорғау бойынша шаралар кешенін кеңейтуге, халықтың жинақ ақшасының деңгейін арттыруға, экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландырудың қосымша көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ұзақ мерзімді жинақтап сақтандыруды ынталандыру бойынша тиісті нормалар Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексінде көзделген.
– Заң жобасы сақтандыру омбудсменінің қызметіне қандай өзгерістер әкелмек?
– Сақтандыру омбудсмені институты 2008 жылы енгізілді және көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру нарығының қатысушылары арасында дауларды сотқа дейін реттеуде өзінің тиімділігін көрсетті. Сақтандыру омбудсменінің сақтандырудың қалған түрлері (сыныптары) бойынша дауларды реттеуі әзірше тек тараптардың келісімі бойынша жүзеге асырылды.
Заң жобасында сақтандыру омбудсменінің міндетті және ерікті сақтандырудың барлық сыныптары бойынша дауларды реттеуі бойынша өкілеттігін кеңейту көзделген. Егер келіспеушіліктер бойынша мәлімделген талаптардың сомасы 10 000 АЕК-тен аспаған жағдайда, жеке тұлғалар және шағын кәсіпкерлік субъектілері сақтандыру омбудсменіне өтініш жасай алады. Басқа заңды тұлғалардың да көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шеңберінде даулар бойынша омбудсменге өтініш жасауға құқығы бар.
Бұл дамыған елдердегі сияқты сақтандыру төлемдерін, әдетте клиенттің сотқа жүгіну қажеттілігінсіз сотқа дейінгі тәртіппен жүзеге асыру процесін жылдамдатуға мүмкіндік береді.
Әңгімелескен
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»