Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарындағы әріптестеріміздің біразы бүгінде арамызда жоқ. Өмірдің өз заңдылығы дегенін жасайды. «Жетісу» газетін жұмыла жүріп шығарған сол кезеңдердегі адамдардың ешқайсысы ойдан кетпейді. Қайтып оралмас және қимас күндерден қалған сағынышты сәттер ұмытылмайды. Жадыңда жаңғырады, қуантады, күрсінтеді. Адами қатынастардың күрделі күрмеуі тарқатылады. Өткенге бүгіннің биігінен қарайсың, айтарлықтай іс тындырсаң, марқайып қаласың. Әсіресе бұл, біздер – журналистер – қалың қауымның алдында жүретін мамандық иелері үшін өзгеше сын. Жазғаның қағаз бетінде қалады. Оны кейін қайта қарағанда, сол кездегі ойларың мен сөздерің үшін ұялмайтындай болсаң, жарағаны. Міндетіңді қалай атқарғаның да сол қалпында көрініс табады.
Біз – журналист Марат Тоқашбаев (қазір «Президент және халық» газетінің бас редакторы), ақын Рахымжан Өтегенов (марқұм) үшеуміз 1975 жылы секретариатта бірге қызмет еттік. Аудандық «Советтік шекара» газетінде алғашқы журналистік мектептен өткен менің бұл талантты да іскер серіктерімнен үйренгендерім де аз емес. Газеттің мазмұндылығымен қатар оның тартымдылығын, жаңашылдығын ойластыру үрдісі қалыптасқан ұжымда жұмыс істеу қызықты еді. Шығармашылық ізденіс, бәсекелестік болған жерде тез шыңдаласың. Кезектесіп, әр нөмірді шығару міндетін мойнымызға алған біздер жарыса жазатынбыз. Тың нәрселерді ойлап тауып, іске асырудың жолдарын іздейтінбіз. Сәтті ойластырылған айдарларымызды ұзатпай «Социалистік Қазақстан» бетінен көретінбіз. Үлкен басылым иемденіп кетеді. Дауласа алмайсың. Екінші қабаттағы асханада немесе баспаханада жолыққанда аға газеттегі ағаларымызға әзілдеп: «керемет жаңа айдар аштық, өзімізде жариялаған соң сіздерге береміз» дейтінбіз. Әрине, газеттер ол кезде бір – бірінен жақсысын үйреніп, пайдалана беретін. Арнайы сенбілік бет шығару, ғылыми-танымдық «Көкжиек» бетін дайындау, «Күлкі – көңіл көркі» әзіл-оспақ бұрышын тұздықтап отыру шаруаларын, біздің тікелей міндетіміз болмаса да, өз қолымызға алатынбыз.
Мараттың әр күні атқаратын шаруаларының сала-құлаш тізімі ішінде, газет жұмысынан бөлек, іні-қарындастарының, туыс-жақындарының, достары мен жолдастарының мәселелері де жүретін. Ресми ақпараттар, баяндамалар қаптаған күні дайын бетті бұзып, қайта жасаудың қарбаласы басталады. ТАСС пен ҚазТАГ-тан топырлап түсетін, түзетулері таусылмайтын материалдарды дереу сұрыптап, керектісін терімге жібертіп, макетін жасап, орналастырудың машақаты жетерлік. Сонда да Марат бәріне үлгеретін. Ұқыптылығына, тыңғылықтылығына редактор Пернебек Бейсеновтен бастап, бет қаттаушыларға дейін риза еді. «Жетісу» газеті Орталық комитеттің баспаханасынан шығатын көп газеттердің ішінде алдымен басылатын. Жұмысқа ертеңгі сағат тоғызда келіп, ертесі күні сол шамада үйге қайтатын кездер де ұшырасатын. Партияның құрылтайлары, пленумдары тұсында газеттегі кезекші журналистердің көздері қызарып жүретін. Жастықтың құдіреті сол, кейде редакцияда таңды атырып, еш демалмастан іс-сапарға кете беретінбіз.
Газетімізді мақтан тұтып, желпініп жүргенімізде, ашық аспанда найзағай жарқылдағандай «сұмдық» болды. «Правда» газеті «Жетісуды» жерден алып, жерге салғандай мақала басыпты. Тақырыбы «Сегізінші комиссияны күтуде». Бәрін «бүлдірген» «тыныш жүрмейтін Жөкең» – Жолдасхан Бозымбеков, редакциядағы азулы, мықты журналист. Үнемі сын мақалалар жазып, жұртты дүрліктіріп қояды. Әділет іздегендер, араша сұрағандар, қиянаттан зардап шеккендер Жөкеңді табады. Арнайы іздеп келеді. Редакцияға түскен арыз-шағымдардың көбін редактор Жөкеңнің қолына ұстатады. Ол не фельетон, не журналистік зерттеу мақаласы болып, жарыққа шығады. Автордың, газеттің абыройын көтереді. Ал «Правданың» найза ұшына ілуі соның бәрін жоққа шығарғандай. Партияның ең жоғарғы билігінің органы саналатын газеттің ақ дегені – алғыс, қара дегені– қарғыс. Оған қарсы келу айға шауып, мерт болумен тең. Ондағы мақаланың жағымсыз кейіпкеріне айналғандар қызыл билеттен айырылып, қызметтен қуылып тынады. Сөгіспен құтылғанына қуанады.
Сол күні редактор қатты қобалжыды. Діріл қаққан қолындағы газетте маза жоқ, тынымсыз сыбдырлайды. Көзәйнегін алып, хатшысына: «Қайда Бозымбеков? Таптыңдар ма өзін? Дереу табыңдар!» деп алқына бұйырды. Жұмысқа кешігіп келетін жайбасар Жөкеңнің жолын тосқандар көбейіп кетті. Бәрі бастықтың тапсырмасымен бірінен кейін бірі ұзын дәлізде, төменгі қабаттарда оны тағатсыздана күтуде. Ақырында тарп-тарп басқан, асықпаған, абыржудың орнына күлімсіреген Жөкеңнің сұлбасы көрінді. Қолында ширата ұстаған «Правдасы» бар. «Жігіттер, «Жетісуды» бүгіннен бастап күллі советтер одағы білетін болды!» дейді сүйінші сұрағандай. Ал керек болса! Редакциядағылар қырылып қалатындай әбігерленіп жатса, Жөкең мәз. «Жолдасхан, несіне жетісесің. Бастықты жоғарғы жаққа шақыртып жатыр. Бірге барып сыбағаңды аларсың», деді егделеу келген тілші кісі табалағаны, не жаны ашығаны белгісіз кейіпте. «Дүрліктірмеңіз, Сары аға! Біздің жазғанымыз дұрыс. «Кенеден келген кесел» деген мақаламыздың барлық дәлелі, құжаты қолымда. «Правданың» тілшісі бізге ақыл айтқанша, журналистік әдепті алдымен өзі сақтасын» деп күшейгенін қайтерсіз.
Оқиға былай басталған. Алматыдағы малдәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының екі қазақ қызметкері қудалауға түскен. Шындық іздегені, жалғандыққа қарсы тұрғаны үшін. Олар түбі ресейлік, заты әйел әріптесінің кенеге қарсы сиырға егетін, емдік пайдасы бар дәрі жасадым деп қорғаған кандидаттық жұмысын жоққа шығарады. «Сынақтарының бәрі тек қағаз жүзінде, нақтылы тәжірибе жасалмады, оның дәрісінен пайда жоқ», дейді тиісті орындарға арызданып. Институт басшылығы «іштен шыққан жаман жаудан», екеуінен құтылмаққа кіріседі. Әр қадамын қадағалап, ескерту, сөгіс беру, ақырында қызметтен кетіру амалын қолданады. Арызды тексерушілер ғылыми жұмыстағы дауға араласпай, екеуіне жұмыла жабылғандардың жамандауларына сеніп, соларды қолдайды. Қалалық, республикалық газеттегілер де әлгіндей тексерулердің қорытындыларымен танысқан соң, екеуіне сенімсіздікпен қарайды. Сүйеніштері мықтыларға ұрынып қалмауды ол кезде журналистер қатты ескеретін.
Қысқасы, олар «Бозымбеков деген ешнәрседен жасқанбайтын, тәжірибелі, мықты журналист бар. Соған барыңдар» деген біреулердің кеңесінен кейін «Жетісуға» келген.
Жөкең өз зерттеуін жүргізіп, сын мақала дайындады. Мұндай даулы немесе кейіпкерлері осал еместер туралы ашық жазылған сындарды бір-бірімізге оқытатынбыз. Пікірлесеміз, кейде дауласып та қаламыз. Бұл жолы да солай болған еді. «Мақаланың тақырыбын «Кенеден келген кесел» деп қойыңыз. Қатып кетеді!» дейміз. «Жоқ. Кенеден малға қандай кесел келтіргенін зертханада анықтамағанын айтқандары үшін өздері жұмыстан қуылды. Шындық үшін шырылдағанын тақырыпқа шығару керек. Кеселдің келген – келмегені белгісіз». Жөкең өзінікін жөн санайды. Бізде қоймаймыз: «Мәселе астарлап жеткізуде. Кенеден сиырға кесел келмесе де, адамдарға келді ғой. Екі ғалымның шеккен зардабы сол кенеден емес пе!». Ақырында біздің ұсынысымызды қабылдады.
«Кенеден келген кесел» енді «Жетісудың өзіне «кесел» болып жабысқалы тұр. Онда сыналған ғалымсымақты «Правданың» Қазақстандағы тілшісі қанатының астына алып, ашық қорғаған. Қарсы тұрған екеуді даттаған, газетіміздегі мақаладан «шикілік» тапқан. Сойқан басталғалы тұр...
Әңгіменің тоқетері: сегізінші комиссия одақтық газет пен облыстық газеттің қос мақаласын қатар ұстап, мұқият тексерді. Нәтижесі Алматы облыстық партия комитетінің бюросында қаралды. Парткомиссияның қорытындысына қарағанда, газетіміздегі мақаланың көтерген мәселесі орынды, ғылыми атақ беруде кемшіліктер кеткен, кандидаттық жұмыс одақтың бекітуінен өтпеді, ал оған қарсы тұрған қызметкерлердің қудалануы заңсыз, ғылыми мекемедегі қолайсыздықтарға басшылық кінәлі екен. «Жетісуда» сол қателіктер дұрыс көрсетілген. Бірақ облыстық газеттегі мақала авторы өзі сынап отырған кейіпкерімен кездеспеген, журналистік әдепті ескермеген, кейбір деректердің жете тексерілмегеніне редакция басшылығы назар аудармаған дегендей аса ауыр емес мін тағады. «Правданың» тілшісі де ағаттық жасаған, «Жетісу» газетіндегі мақала авторымен, редактормен жолықпаған деген тұсқа жеткенде, баяндамашының сөзін облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров бөліп жібереді. Атағы дүрілдеп тұрған басшы А.Асқаров әзілге бұрады. «Бойымызға қарап секірейік. Алматыда отырып Мәскеуді қорқытқанымыз қалай болар екен?». Бюроға қатысушылар ду күледі. Сөйтіп бас жаққа барыспай-ақ мәселені барынша бейбіт шешеді. Аса қаталдыққа жол бермейді. «Жетісу» журналистеріне ескерту мен сөгіс арқалатқан мақаланың қысқаша тарихы осындай.
Бірақ күнде өзін және өзі көп жыл жұмыс істеген «Жетісуын» бүкіл одаққа танытқан қайран Жөкең не көрмеді? Бұл сұрақтың жауабын қазбаласақ, тым ұзап кетерміз. Оларды да ақ қағазға түсірудің сәті келер. Әзірше әкесі Бозымбектің «халық жауы» болып сотталғаны, балалық шағында аштық пен қиындықты көп көргені, оқуға ұмтылып, білім алып журналист атанғаны, «Лениншіл жас» пен «Жетісуға» жастық жігерін, күш-қуатын арнағаны, нақақтан, жаламен сотталып, ақталғаны туралы ақпаратпен шектелейік. Еліміз тәуелсіздік алған соң Жолдасхан Бозымбеков «Қазақ батырлары» газетін шығарды, оның бас редакторы болды. Тарих қойнауына терең бойлап, ақтаңдақтарды ақтара ашып, шығармашылық кемеліне келген шағында небір ауыртпалықты көтерген алып жүрегі кенеттен тоқтады. Біздер, жетпісінші, сексенінші жылдардағы «Жетісудың» жас журналистері –Марат Тоқашбаев, Қуандық Түменбай, Мейрамбек Төлепбергенұлы, Гүлсан Сағымбекова, Жанкүміс Жаманкина және осы жолдардың авторы ол кісіні өзімізге Тәлімгер санадық. Адамгершілігі, адалдығы, қамқоршылдығы, шыншылдығы да өнеге тұтарлықтай еді. Жөкеңді – үлкен-кіші оны осылай атайтын – бәріміз ерекше құрметтейтінбіз, жасымыздың алшақтығына қарамастан әзілдесіп, еркелейтінбіз. Бүгінде арамызда жүрмегенімен сол құрметіміз мәңгіге сақталады.
Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ