Бұл мектеп бастапқыда Жаңақазан (бұрынғы атауы Новая Казанка) өңірінде орналасқан екі көлдің атымен «Қамыс-Самар» мектебі деп аталған екен. Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде өзіндік қолтаңбасы бар қасиетті орын 1886 жылы 29 қазанда бір сыныптық болып ашылды. Алғашқы мұғалімі Шинкин деген қазақ болған. 1886 жылы Қамыс-Самар мектебінің Жаңақазан ауылындағы оқу үйі салынған. 1893 жылы Қазан мұғалімдер семинариясын бітірген И.Сиротов мектеп басшысы және мұғалім болып жұмыс істеген. 1895 жылы Жаңақазандағы медресе жанынан орыс сыныбы ашылады. 1917 жылы мектепте А.Оразбаева мұғалімдік қызмет атқарған. Алғашқы шәкірттері ішінде С.Меңдешев, Н.Занов, Б.Мапақов, К.Оразалиев, Н.Ақжанов, Т.Құдайбергенов, Ш.Бұлқашев сияқты азаматтар болған. 1926 жылы мектеп жетіжылдық мектепке айналды. 1927 жылы революцияның 10 жылдығына орай Жаңақала ауылында тұтынушылар қоғамының төрағасы Хайролла Әбікешов есімді азаматтың бастауымен тұтынушылар қоғамының қаражаты есебінен жаңадан мектеп салынып, 7 қараша мейрамында ашылып, пайдалануға берілді. Сол кезде мектеп корпусының сырты қызыл сырмен сырланып, жергілікті тұрғындар кейіннен «Қызыл мектеп» деп атап кетті. 1929-1930 жылдары мектеп «Колхозшы жастар мектебі» деп аталған. 1935 жылы мектепке С.М.Киров аты берілген. 1973-1974 жылдары С.М.Киров атындағы қазақ орта мектебі мен М.Жүнісов атындағы сегіз жылдық орыс мектебі бірігіп, Киров атындағы аралас мектеп болып іріленді. Типтік мектеп үйі салынды. 1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай Кеңес Одағының Батыры Мәжит Жүнісовтің аты берілді.
Ауылдастар өз мектебін мақтаныш етеді. 1945 жылдан бері қырықтан астам мектеп түлегі «Алтын медальмен» және «Үздік аттестатпен» аяқтады. Мектептің білім беру, саясат, экономика, қызмет көрсету, медицина саласының көрнекті қайраткерлеріне айналған түлектері жетерлік. Олардың қатарында Кеңес Одағының Батырлары Садық Жақсұғылов, Сәлім Айтқұлов және Мәжит Жүнісов, ҚазЦИК-тің бірінші төрағасы Сейітқали Меңдешев, Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрі Ахмет Дауылбаев, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Өтеу Есенов, Қазақ КСР Су мелиорациясы шаруашылығы министрінің орынбасары Б.Кенжеғұлов, Социалистік Еңбек Ері Төлеген Мерғалиев, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессоры Нәсіпқали Дәулетов, КСРО халық әртісі, Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің дирижері Шамғон Қажығалиев, генерал-майор Наурыз Өтегенов, генерал-лейтенант Оқас Сапаров, Қорғаныс министрінің орынбасары Батырхан Шайхимов, Ұлы Отан соғысының ардагері, полковник, Польша әскерінің поручигі Қабдол Бектасов, тарих ғылымдарының докторы Хамит Маданов, экономика ғылымдарының докторы Мажекен Бутин, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бектілеу Қаражанов, профессор Әбілхамит Нарымбетов, заң ғылымдарының докторы Калимолла Халықов, философия ғылымдарының докторы Тілекжан Рысқалиев және басқа да белгілі азаматтар бар. 1947-1961 жылдары республика көлемінде «Үлгі тірек мектебі» атағына ие болған.
Қазіргі таңда М.Жүнісов атындағы білім ордасы жаңа технологиялармен жұмыс жасауға мүмкіндігі бар оқу орны. мектептің басты құндылығы сөзсіз – талантты педагогтер. Еліміздегі білім беру саласындағы өзгерістерге сай деңгейлік бағдарламалар бойынша, үштілділік және білім берудің жаңа мазмұнына сай білімін жетілдірген мұғалімдер еңбек етеді. Мектеп педагогтері негізгі басымдық ретінде Қазақстанмен қатар түрлі шетелдік жаңашыл педагогтердің озық идеяларын қарастырады. Дегенмен өздерінің де мақтаныш тұтатын жетістіктері бар. Мысалы, химия пәнінің мұғалімі, ІІ (негізгі) деңгей бойынша білімін жетілдірген Гүлнара Зайдуллақызы білім беру стандартына үш тілде сабақ беру әдістемесін енгізуге байланысты тәжірибе алмасу мақсатында Корея елінде болды.
Қазір еліміздің түрлі аймақтарында өмір сүріп жатқан түлектеріміз ауыл тарихы, мектеп, түлектер жайлы мәліметтер мен дерек көздерін, құнды жәдігерлерді, тарихи құжаттарды жинауға атсалысып жатыр.
Аида ГУБАШЕВА,
М.Жүнісов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің директоры
Батыс Қазақстан облысы,
Жаңақала ауданы,
Жаңақазан ауылы