Қазақстан • 30 Қаңтар, 2018

Еңбек – өмір қуаты

399 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда ұстазым Ғалия Кәрім­жан­қызын жолықтырдым. Педагоги­калық училищеде сабақ беріп, тобымыздың жетек­шісі болған еді. 

Еңбек – өмір қуаты

Сексеннің сең­гіріне келген ұстаздың жүрісі ширақ, дау­ысы жас адамның дауысындай. Жас көрінуінің сыры неде екен деген ойға қалдым. Бұл, ең алдымен адам­ның тегіне, өмір сүру ортасына және мамандығына байланысты болса керек. Мамандыққа байланысты дегеніме таң қалатындар да, дау айтатындар да табылар. Менің ойымша, бұл бірден-бір ескерілетін дүние. Адамның жас көрінуіне бірден-бір әсер ететін мамандықтың бірі – мұғалім. Себебі мұғалім жеткіншектермен жұмыс істейді, балалардың қуанышты жүздерін көріп, бірге қуанады. Демек қуанышы еселене түседі. Әрине мұғалім болу, бала тәрбиелеу – қиын да жауапты іс. Сол қиындықпен бірге қуанышы да екі есе көп. Бұған жастардың күмәні болмауы керек. Жастарда қуат көзі бар. Жастардың ортасында рухтанасыз, қанаттанасыз, қартаймауға тырысасыз. Өмірдегі асыл мамандық – мұғалімнің алдынан президент те, әкім де, ғалым да өтеді. Сондықтан әр адам жастық шағымен бірге мұғалімін де есіне алары анық.

Ал Ғалия Кәрімжанқызы мұғалім­дер­дің мұғалімі болды. Келешек мұға­лім­дерді оқытты, тәрбиеледі. Қырық жыл­дан астам уақытын мұғалімдікке арна­ған ол өзі де мұғалімдер отбасында дүниеге келген болатын. Бұл туралы бір­де «Менің әкем де, анам да өз өмір­ле­рін бала оқытуға сарп етті. Жұ­мыс­­та­рына адал болды. Дастар­қан басын­да үнемі шәкірттерінің жетістіктері ту­ра­лы айтып отыратын. Мен де сол кісі­лер­дей болғым келетін. Анам Шәрбан Хасанқызы ағарту ісінің үздігі болды. Бірде анамды көп жылдық адал еңбегі үшін төсбелгімен марапаттады. Бұл менің таңдауымды одан сайын нақтылай түсті», деген еді. 

Ғалия Кәрімжанқызы Абай атын­дағы Қазақ педагогикалық институтын тә­мам­­дап, институт ректоры Мәлік Ғабдул­лин­нің өз қолынан дипломын алған соң оқу ор­нының жолдамасымен туған елі Көк­­ше­тауға қайта оралды. Жер­гілікті тех­ни­кум­да орыс тілі пәні­нен сабақ берді. Өзі сияқты Алматы ме­дициналық институтын аяқтап, жол­дамамен дәрігер болып жұ­мыс істеп жүрген жігітке тұрмысқа шық­ты. Күйеуі Төлеухан Бертісханов қыз­мет бабымен Павлодарға ауысқанда, Ғалия Кәрімжанқызы партия жолдамасымен алғашқыда №9 кәсіби лицейде директордың оқу-тәрбие ісі бойын­ша орынбасары болса, бір жылдан соң В.Воровский атындағы Павлодар пе­да­гогикалық училищесіне (қазіргі Бей­сен Ахметов атындағы Павлодар педа­го­ги­калық колледжіне) ұстаздық қызметке кел­­ді. Ал өмірлік қосағы қала ауруханасын­да ішкі ағзаға ота жасаушы хирург болып еңбек етті. Демек екеуінің де жұмыс­та­ры адам өмірімен байланысты болды. 

«Қазір білімнің жаңа жүйесі қа­лып­тасуда. Шетелдің оқу жүйелері мен тәжірибелері енгізілуде. «Елу жылда – ел жаңа» деген осы. Десе де теледи­дардан кө­ретін мұғалім мен оқушы ара­сын­дағы түрлі келеңсіздіктерді санамыз қа­был­дай алар емес. Мұның бәрі адамның тым әлеуметтеніп кетуінен деуге бола­ды. Сондықтан бір сәт бір-бірімізге деген құрметімізді, ілтипатымызды, ада­ми қарым-қатынасымызды естен шығар­ма-
й­ық», дейді ардагер ұстаз.

Ғалиябану РЕЗУАНОВА,
филология ғылымдарының кандидаты