Жекпе-жек • 30 Қаңтар, 2018

Елордада киокушинкай-кан каратэден Азия чемпионаты өтеді

237 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясының президенті Омархан Өксікбаев федерациясының алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Елордада киокушинкай-кан каратэден Азия чемпионаты өтеді

«Күнтізбелік жоспарға сәйкес, республикалық деңгейдегі Қазақстан кубогы мен Қазақстан чемпионатын өткізбекпіз. Бұл біздің кезекті жарыстарымыз. Онымен қоса басқа федерациялармен біріккен жарыстар ұйымдастырылады. Ең маңыздысын айтсам, маусым айының ортасында киокушинкай-кан каратэден Азия чемпионатын өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Ол - халықаралық жарыс. Қазіргі уақытта Халықаралық киокушинкай-кан каратэ федерациясы бізге қолдау білдірді. Соған сай дайындық жүргізіліп жатыр. Біздің құрамамыз нәтиженің ең жоғарғы көрсеткішін сол жерде көрсетсе екен деген тілегіміз бар», - дейді Омархан Өксікбаев Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде спортшылармен кездесу барысында.

Еске сала кетсек, Украинаның Одесса қаласынан «алтынға толы» қоржынмен оралған саңлақтарымыздың басын Ұлттық республикалық Киокушинкай-кан каратэ федерациясы бүгін Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде қосқан болатын. Қазақ спортшылары аталған додадан 12 алтын, 4 күміс пен 1 қола медаль алып келіп отыр. Федерация президенті Омархан Өксікбаевтың айтуынша, Қазақстан спортшылары бұрын соңды киокушинкай-кан каратэден Әлем чемпионатында мұндай зор жетістікке қол жеткізбеген.