Фото: Қазақстан шахмат федерациясы
Спортшы жақында жеңімпаз атанған Norway Chess туринирінің оқу-жаттығу жиындарына өз қаражатымен қатысқанын айтып, секунданттарының еңбекақысы әлі толық төленбегенін жеткізді.
«Маған спорт саласының басшыларымен жұмыс істеу барған сайын қиындап барады. 2023 жылы әлем чемпионатындағы екінші алтын медалімді жеңіп алғаннан кейін министрлік бекіткен 1 млн теңге көлемінде жалақы алып жүрдім. Алайда 2025 жылдан бастап бұл жалақы үш есе қысқартылды. Қазақстан шахмат федерациясы тарапынан маған бұрын да, қазір де жалақы төленген емес. Ал шахматтан әлем чемпионатындағы жеңіс үшін берілетін сыйақы небәрі 2 мың долларды құрайды. Бұл Олимпиада жүлдесі үшін қарастырылған 250 мың долларлық сыйақымен салыстырғанда әлдеқайда төмен», деді Бибісара Асаубаева.
Шахматшы министрмен кездесуде қаржыландыру мәселесін көтеріп, қолдау уәде етілгенін, алайда бөлінген қаражаттың тек бір бөлігі ғана түскенін айтты.
Бибісара Асаубаева Norway Chess турнирінің жеңімпазы атанды
«Қаңтар айында біз бапкеріммен бірге министрмен кездесіп, федерация бөлген қаражаттың жеткіліксіз екенін айттық. Министр Sport Qory қолдау қоры арқылы көмектесуге уәде берді. Қорға өтінім бергенімізбен, тек қаражаттың бір бөлігі ғана бөлінді. Соның салдарынан секунданттар қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болды. Мен осындай маңызды жарысқа секундант ертіп бара алмаған жалғыз шахматшы болдым. Нәтижесінде турнирде екінші орын алдым», деді ол.
Сонымен қатар спортшы II дәрежелі «Барыс» орденін алуға тиіс болса да, марапаттау рәсімінің бірнеше рет кейінге шегерілуіне байланысты оны әлі ала алмағанын мәлімдеді.
Norway Chess Women-2026: Бибісара Асаубаева әлем чемпионын жеңді
Айта кетейік, бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров ақпан айынан бері жалақы алмағанын мәлімдеген болатын. Кейін бұл мәселеге қатысты Туризм және спорт министрлігі түсініктеме беріп, спортшыға жаңа келісімшарт ұсынылғанын хабарлаған еді. Сондай-ақ жақында спортшы 30 жас спортшының әрқайсысына 200 мың теңгелік сертификат табыс етті.