Қазақ халқының өткен ғасырдың басындағы тұрмыс-тіршілігі, кәсібі мен қолөнері, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары бейнеленген фотосуреттердің авторлары С.Руденко және Ф.Фиельструп. 1926 жылы КСРО Ғылым Академиясының Одақтық және автономиялық республикаларды зерттеу жөніндегі ерекше Комитетінің профессор С.Руденко бастаған Антропологиялық отряды Ақтөбе губерниясы мен Адай үйезіне далалық ғылыми-зерттеу экспедициясын жүргізген. Ойыл, Сағыз өзендерінің аңғарындағы кіші жүздің көшпелі және жартылай көшпелі қазақтарының мәдениеті мен тұрмысын жан-жақты зерттеген ғалымдардың еңбектері енді кітаптан көрініс тауып отыр.
-Жалпы Атырау өңірінің тарихына қатысты, оның ішінде өлкенің байырғы тұрғындары - қазақтарға қатысты анықталған фотосуреттер өте аз. Ал оларды іздеп-табу арнайы археографиялық ізденіс жұмыстарын қажет етеді, - дейді Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы Мұхамбетқали Кипиев.
-Ресейдің федералдық архивтерінде бір істегі материалдың 30 пайызын ғана көшіруге рұқсат етеді. Кітап-альбомға енген архив Ресей Ғылым Академиясына қарайтын болғандықтан және біз аталған құжаттарды жарыққа шығаратынымызды айтқандықтан, архив әкімшілігі Антропологиялық отрядтың 300-ден астам фотосуреттен тұратын альбомынан 200 фотосуретті көшірмелеуге рұқсат берді.
Альбомдағы 150 сурет бұрын еш жерде жарияланбаған. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта құнды суреттердің қатарын көбейтіп, үш тілде шығаруды жоспарлап отыр. Ал әзірге қолда бар 500 дана басылым облыстағы барлық кітапханаларға таратылатын болады.
АТЫРАУ