Дегенмен, бүгінгі жетістіктерге тоқмейілсіп отыратын уақыт емес. Үнемі алға ұмтылып, жаңғырып, жаңарып отырмағандарды заман көші артқа ығыстырып, даму жолынан тайдырып жіберетіні анық. Қазіргі дүниежүзілік экономикалық дағдарыс, ғаламдық саяси тұрақсыздық пен әскери қақтығыстар етек-жеңімізді жиып, уақыт талабына сай әрекет етуіміз керектігін көрсетіп отыр.
Қазақстанды небір тар жол, тайғақ кешулерден, терең дағдарыстардан аман-есен алып шыққан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тағы да көреген шешім қабылдап, батыл қадамдар жасай білді. Соның дәлелі Мемлекет басшысының ұлттық экономика мен әлеуметтік-мәдени дамудың барлық салаларына заман талабына сай цифрлы технологияларды енгізудің жолдарын айқындап берген «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері атты» Қазақстан халқына арнаған Жолдауы дер едік.
Осынау күрделі кезеңде түпкілікті технологиялық реформаларды жүзеге асырудағы басты мақсат – дүние жүзіндегі бәсекеге барынша қабілетті отыз мемлекеттің арасынан ойып тұрып орын алып, Мәңгілік Елге айналу. Бұл тарихи жауапкершілікті бүкіл ел тұрғындарымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысының халқы да толықтай сезініп отыр.
Өздеріңізге белгілі, Елбасының биылғы Жолдауындағы негізгі 10 бағыт – алдағы мақсаттарымызды түсіндірудің ең басты құжаты. Президент Жолдаудың бірінші бағытында ел экономикасын индустрияландыруды жалғастыру қажеттігін, осы салаға жаңа цифрлы технологияларды енгізуде көшбасшы болуы керектігін айтып өтті. Бұл – өте орынды байлам. Себебі, бүгінде барлық бәсекеге қабілетті, дамыған елдерде өндіріс орындары цифрлы технологиялардың негізінде жұмыс істейді. Соның арқасында олар тауар өндіруге жұмсалатын жұмыс күші мен энергияны үнемдеп, өнімділікті барынша арттыруда. Демек, біздің отандық тауар өндірушілеріміз де жаңа технологияларды қолданбайынша халықаралық нарықтарда бәсекеге төтеп бере алмайды. Ескі технологиялар бойынша өндірілген, өзіндік құны қымбат тауарларға қазір сұраныс жоқ.
Жалпы, Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша облысымызда жалпы құны 1,3 трлн теңгені құрайтын 137 жоба жүзеге асырылуда. Онда 18 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын болады. 2017 жылы құны 36,4 млрд теңге құрайтын 18 жоба іске қосылып, 1 200 жаңа жұмыс орны қалыптасты. Оның ішінде жоғары заманауи талаптарға сәйкес келетін «Рахат Шымкент» ЖШС-нің вафли түтікшелерін өндіретін зауыты, «Химфарм» АҚ-тың қатты формадағы дәрілер шығаратын цехы, «Hill Corporation» ЖШС-нің қолданылған майларды регенерациялау мен консистенттік материалдарды өндіретін зауыты және «Бөрте Милка» серіктестігінің сүт өнімдері зауыты секілді кәсіпорындар бар.
Жоғарыда айтылған кәсіпорындардың барлығы Елбасы Жолдауында айтылғандай, жоғары цифрлы технологиялардың негізінде жұмыс істейді. Сондай-ақ биыл Шымкент мұнай өңдеу зауыты («ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС) және Шардара су электр стансасында («ШарСЭС» АҚ) жаңғырту жұмыстары аяқталатын болады. Бұл көрсеткіштердің барлығы – облыс экономикасына инвестиция тарту бағытындағы ауқымды жұмыстың нәтижесі. Өткен жылы инвестиция көлемі 20,2 пайызға өсіп, 482 млрд теңгені құрады. Инвестиция көлемінің өсуі жөнінен облысымыз республикада алғашқы орынға көтерілді.
Елбасы Жолдауында екінші міндет ретінде ресурстарды тиімді пайдалану, ол үшін жаңа технологияларды энергетика саласына да енгізу мәселесі айтылған. Бұл бүгінде барынша өзекті міндеттердің бірі. Себебі сарапшылардың болжамдары бойынша 2050 жылы энергетикалық дағдарысқа байланысты әлемдік экономика құлдырауы мүмкін. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінен кейін бұл бағытта да жұмыстар өңірімізде белсенді түрде қолға алынды.
Өткен жылдың өзінде Сайрам, Қазығұрт аудандарында гидроэлектр стансалары іске қосылды. Ал Шымкент қаласында кәріз су қалдықтарынан биогаз алатын Орталық Азияда баламасы жоқ кешен пайдалануға берілді. Мұның бәрі мемлекеттің қолдауы арқасында жүзеге асып отыр.
Президенттің биылғы Жолдауында жаңа, цифрлы технологияларды агроөнеркәсіп кешеніне енгізу мәселесі айтылды. Қазіргі кезде Қазақстанның агроөнеркәсіп секторы тұрақты даму үстінде. Дегенмен, бұл саланы әлі де дамыта түсуіміз қажет. Себебі қазір әлемде экологиялық тұрғыдан таза азық-түлік өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары. Қазіргі кезде оқу бағдарламаларын жаңартып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибені меңгеруді алға қойдық.
Біздің облысымыз аграрлық өңір болғандықтан, бұл бағытта да жаңа технологиялар енгізу бойынша жұмыстар жүйелі түрде атқарылып отыр. Интенсивті бақ, тамшылатып суару, жылыжайлар бағыттарында жаңа технологиялар енгізу арқылы өнімділіктің жоғары деңгейіне жетіп отырмыз. Тарқатып айтар болсақ, 2017 жылы 212 гектар жылыжай салынып, жалпы алаңы 1 335 гектарға жетті. Бұл республикадағы барлық жылыжайлардың 75 пайызы осы өңірде орналасқан деген сөз. Ал тамшылатып суару әдісі өткен жылы өңірде 8 606 гектарға ендіріліп, осы әдіспен ылғалдандырылатын егістік көлемі 59 673 гектарды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша облыстың республикадағы үлесі – 72 пайыз.
Осы істердің барлығын атқарудағы негізгі мақсатымыз ауыл шаруашылығы, оның ішінде азық-түлік өнімдерінің экспортын арттыру. Жалпы, былтыр ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 522,4 млрд теңгені құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 2 пайызға өсті. Облыс республикадағы ауылшаруашылық өнімінің үлесі 12,8 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш бойынша республикада 2-орынға көтерілдік.
Былтыр Оңтүстік Қазақстан облысы аусылдан азат аймақ мәртебесін иеленді. Бұл өңірдегі ет экспортының артуына жол ашты. 2017 жылдың басынан бері облыстан алыс-жақын шетелдерге 218 тонна ірі қара мал еті, 110 тонна қой еті экспортталды. Бұдан бөлек, «Ордабасы құс» ЖШС 2017 жылдың 11 айында Ресей мен Қырғызстанға 2 485 тонна күрке тауық етін жөнелткен. Сонымен қатар Иран Ислам Республикасына жүгері мен қой етін тасымалдау мәселесі бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда, Сауд Арабиясы, БАӘ мен Ирак мемлекеттеріне қой етін экспорттау бойынша алдын ала келісімдер бар. Жалпы 2021 жылға ауылшаруашылық тауарлары экспортын кем дегенде 3 есеге арттыруымыз қажет.
Ағымдағы жылы облыста 3000-нан кем емес үй шаруашылықтарынан біріктірілген 102 кооператив құрамыз.
Президентіміз суармалы жерлердің тиімділігін көтеру жөнінде арнайы тапсырма берді. Облыс бойынша 457 мың гектар суармалы жерлерді ағын сумен жалпы ұзындығы 14 мың км құрайтын 2325 канал қамтамасыз етеді. Оның 9 мың км коммуналдық меншіктегі 1105 каналдың 4,6 мың км жөндеуді қажет етеді. Үш жыл ішінде су шаруашылығы құрылыстарының 50 пайызы қалпына келтіріледі.
Жолдаудағы төртінші бағыт көлік-логистика саласына жаңа технологияларды енгізуді көздейді. Бұл бағыт бойынша Президент интеллектуалды көлік жүйесін енгізу туралы айтты. Бұл дегеніміз – инфрақұрылымның жарқын келешегі. Заман үдерісіне ілесе отырып, сапалы өнім алуға және артық шығыннан құтылуға болады.
Осы орайда, өткен жылдың соңында Шымкент қаласында «Continental Logistics Shymkent» атты мультимодалды көліктік-логистикалық орталық іске қосылғанын айта кеткен жөн. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолына және халықаралық теміржол желісіне өте жақын орналасқан бұл орталық шығыс – батыс, оңтүстік – солтүстік тауар ағымына қызмет көрсетеді. Құрғақ және климаттық жүк қоймалары, контейнерлік терминал, кедендік ресімдеу аймағы мен ілеспелі құрылымдары бар орталық жылына 1 миллион тонна жүк өкізуге қабілетті.
Оңтүстік Қазақстан облысында 2017 жылы 1 543,3 шақырым жол жөндеуден өтіп, нәтижесінде 2016 жылға қарағанда жөнделген жол ұзындығы 58,5 пайызға артты. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары желісін қалпына келтіру мақсатында бюджеттен 2017 жылы 9,8 млрд теңге қаралса, ал 2018 жылы бұл мақсатқа 19,7 млрд теңге бағытталып, жыл бойында бөлінген қаржы көлемі өсетін болады. Бұл Жолдауда қойылған республика бойынша 150 млрд теңге қарау қажеттігі бойынша талаптың 13,1 пайызын құрайды. Яғни облысымызда автомобиль жолдары саласына бөлінетін қаржыны ұлғайтуға қатысты қойылған талап толығымен орындалған деуге болады.
Жолдаудағы бесінші бағыт құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу бойынша да өңірде белсенді жұмыстар жүргізілуде. Елімізде мемлекеттік қолдаудың арқасында тұрғын үй құрылысының көлемі жыл сайын артып келеді. 2017 жылдың басынан «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы іске қосылды. Осы бағдарлама аясында облысымызда 721 мың шаршы метрді құрайтын жалпы саны 7500-ге жуық пәтер берілді. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 36 пайызға көп. Тұрғын үй көлемінің ұлғаюы осы салаға инвестициялардың өсуімен қамтамасыз етілді. Бұл бағдарламаны одан әрі жалғастыру мақсатында заманауи технологияларды пайдалану мақсаты тұр.
Жолдаудағы алтыншы бағыт отандық қаржы жүйесінің қызметін жетілдіру мәселесін қарастырған. Банк капиталының есебінен ел экономикасын қаржыландырудан басқа қор нарығы арқылы қаржыландыру механизмі де маңызды болып табылады. Елбасы, әсіресе отандық бизнесті төмен пайыздық кредиттермен қолдауды жүктеді. Облыстағы кәсіпкерлік саласының жеңілдетілген несиеге деген құлшынысы жоғары. Біз «Максимум» аймақтық қаржы орталығы арқылы 8 млрд 312 млн теңгеге 2 342 жобаны қаржыландырдық. Нәтижесінде 4618 жұмыс орны ашылды. Жалпы өткен жылы өңір тұрғындары банктерден 299,4 млрд теңге алса, оның 43,9 млрд теңгесі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған.
Жетінші бағыт, адами капитал – қоғамның әлеуетін анықтаушы негізгі факторлардың бірі. Адами капиталды дамыту мәселесі әрқашан елдің саяси басшылығы қабылдаған мемлекеттің және қоғамның даму стратегиясын, сондай-ақ нақты іс-қимылдарын анықтайтын тұжырымдамалық құжаттардың және нақты іс-қимылдардың фокусында болды.
Осы орайда Оңтүстік Қазақстан облысында да білім саласына ерекше назар аударылып отырғанын айта кеткен жөн. Облыста бірінші кезекте шешуді қажет ететін басымдықтардың бірі апатты, үш аусымды, ыңғайластырылған мектептердің мәселесі болып табылады. Сонымен қатар облыста туу көрсеткіші жоғары. Өткен жылы 78 810 бала өмірге келсе, 73 417 бала мектеп табалдырығын аттады. Жылдан жылға бала өсімі тұрақты артып келеді. Осыған орай облыста жыл сайын орта есеппен 40 мектеп құрылысын жүргізу қажет.
Жалпы, 2017 жылы 29,8 млрд теңгеге 82 білім нысандарының құрылысы жүргізіліп, жыл соңында 32 нысанның құрылысы аяқталды. Оның ішінде 8 апатты және 13 үш аусымды мектептердің мәселесі оң шешілді. Қалған 12 апатты және 12 үш ауысымды мектепті үстіміздегі жылы шешуді жоспарлап отырмыз. 2018 жылы 63 нысанның құрылысына 14,4 млрд теңге қарастырылды. Жыл соңында 50 білім беру мекемесінің жаңа ғимараттарының құрылысы аяқталады.
Облыста жаңадан 140 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары ашылып, онда 14 мыңға тарта орын құрылды. Балабақшамен қамту деңгейі 87,1 пайызға жетті. Биылғы жылдың соңында бұл көрсеткіш 90 пайызға жетеді деп күтілуде.
Елбасы Жолдауда еліміздің қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуы екендігін атап көрсетті. Сондай-ақ тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға қашықтықтан қойылатын диагностиканы қолдану арқылы басқаруға, сол сияқты сырттай емдеу жолына көшкен жөн дегенді де алға тартты. Мұның сыртында онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспарлар қабылдауды, ғылыми онологиялық орталық құруды да қадап тапсырды. Елбасы халықты алаңдатқан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне де кезең-кезеңмен көшу қажеттігін ескертті.
Оңтүстік Қазақстан облысында Жолдау жүктеген осы міндеттерді орындау мақсатында ауқымды істер атқарылуда. 2017 жылы жалпы құны 6,8 млрд теңгені құрайтын, ауысымына 500 адамды қабылдауға мүмкіндік беретін 4 емхананың құрылысы басталды. Биыл бұл емханалардың құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, жаңадан 600 млн теңгеге 20 медициналық тірек орнатылды.
Өткен жылдың қорытындысында облыста денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды. Атап айтқанда, ана өлімі – 35,1 пайызға, нәресте өлім-жітімі – 3,4 пайызға, туберкулезден болатын өлім-жітім 8 пайызға төмендеді.
Жолдауда, біріншіден, мемлекеттің қатысуы аса жоғары салаларда тәртіп орнатып, кәсіпкерлік құрылымдарға әкімшілік қысымды қысқарту міндеті қойылып отыр. Екіншіден, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға және олардың азаматтармен қарым-қатынастарын жетілдіруге ақпараттық технологияларды дамыту үлкен ықпал етеді.
Елбасының қатаң ұстанымы сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталғанын Жолдаудағы тоғызыншы міндеттен көре аламыз. Сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетудің маңызды шарасы – халықпен және бизнеспен өзара іс-қимылды қоса алғандағы мемлекеттік органдарда жүргізілетін процестерді цифрландыру болып табылады.
Қазіргі таңда бұл салада оң үрдіс бар. 2018 жылдан бастап еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Электронды басқарудың дамуы индексінде 48 позицияға, яғни 81-орыннан 33-орынға көтерілді. Мемлекеттік қызметті электронды форматқа ауыстыруға қатысты жұмыстар мен бәсекелік ортаны сыбайлас жемқорлықты жоюдың басты факторы ретінде жандандыруға өз үлесімізді қосуымыз керек.
Жолдауда айтылған оныншы басымдық «Ақылды қала» жобаларын жүзеге асыруға қатысты. Халықаралық тәжірибе бойынша «Ақылды қала» жүйесі қаладағы көшелерді жарықтандыруға берілетін электр энергиясын 60 пайызға, коммуналдық желілер мен жылуды қолдану қызметтерін 30 пайызға, электр энергиясына жұмсалатын есепшоттарды 26 пайызға дейін арзандатуға мүмкіндік береді.
Үкіметтің «Smart Сity» жобасын енгізу жоспарында еліміздің ірі 5 қаласы бар, олар – Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Ақтөбе. «Ақылды қаланың» негізгі ерекшеліктері – жайлылық, қауіпсіздік, тиімділік және экологиялық тазалық.
Елбасының бұл Жолдауының өзегі қанша жерден технологияландыру мен цифрландыру болғанымен, онда мәдениет пен руханият мәселелері де ұмыт қалмаған.
Президент мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға оңтүстік-қазақстандықтар өз үлестерін қосуда. «Туған жер» бағдарламасының аясында жалпы құны 31,5 млрд теңгені құрайтын 577 жоба қолға алынды.
Біздің қолдауымызбен түсірілген «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы фильмнің тұсаукесері таяуда өтті. Сонымен бірге «Рухани жаңғыру» аясында алғаш рет тарихи-танымдық «Күш атасы – Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдері дайындалып, көреремендердің ыстық ықыласына бөленді.
Елбасы айтқан Қазақстанның киелі орындарының картасына Оңтүстік Қазақстан облысынан 35 нысанның қосылуын да мақтанышпен айта аламыз. Сондай-ақ қазақ тілін латын графикасына көшіру жөніндегі Елбасы бастамасы жүзеге асуда. Бұл Қазақстан халқын өркениетті әлемге, заманауи білім, ғылым мен технологияларға жақындата түсетін тарихи таңдау.
Жолдауда технологиялық дамуға басымдық берілді екен деп Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттер екінші кезекке ысырылып қалмауы тиіс. Демек, технологиялардан да қалмай, әрі адамгершілік қалыбымыз бен ұлттық негіздерімізден, ұлттық кодымыздан қол үзбей, таразының басын тең ұстай отырып дамуға тиістіміз.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі