Иә, көлік саласындағы өзгерістердің жылдам өріс алғаны соншалық, адамдардың өмір сүру салтын ғана емес, шаһарлардың тыныс-тіршілігі мен келбетін де айтарлықтай өзгеріске алып келе жатыр. Соның бірі – жүргізушісі жоқ көліктер.
2010 жылы Google компаниясы алғаш рет жүргізушісіз жүретін көлік жасап шығаратынын мәлімдеді. «Нью-Йорк Таймс бестселлер» сериясымен жарық көрген Эрик Бриньолфсон мен Эндрю Макафидің «Машинаның екінші дәуірі» атты кітабында авторлар 2012 жылдың жазында Кремний жазығындағы Google штаб-пәтерінде компанияның осы бағыттағы, яғни Chauffeur жобасы шеңберіндегі алғашқы өнімімен серуендегенін қызықты етіп суреттейді. 101-ші тасжолда ызғытқан көліктің артқы орындығына жайғасқан олар бастапқыда көлік тізгініне ешкім отырмайды деп ойлағандарын, алайда жүргізушісі жоқ көлік жаяу жүргіншілер мен басқа да көлік жүргізушілерін шошытып, үрейлендіріп алмау және полиция қызметкерлерінің назарын аудармау үшін алдыңғы орынға компанияның екі қызметкері отырғанын айтады. Бұл түзу даңғыл болғанымен әсте тыныш жатқан көше емес еді. Десе де қозғалысы тығыз жолда көліктің мінсіз жүргені соншалық, тест-драйв жасаушылар жолай түк істемей отырғандықтан зеріге бастағандарын да жазады. Google бұл көліктерді 2020 жылы жаппай саудаға шығаруды жоспарлап отыр. Қазір осы саладағы сынақтарды KIA Motors, General Motors, Toyota, Uber сияқты компаниялар да жүргізуде. Басқа да кәсіпорындар аз емес. Мәселен, Tesla компаниясы 2015 жылдың қазан айында жаңартылған бағдарламамен қамтылған жартылай автоматты жүргізу қызметі бар көліктерді саудаға шығарды. Тіпті қазақстандық қымбат көліктер иелері клубының негізін салушы Бейбіт Әлібеков Tesla электрокарын Алматы қаласының көшелерінде сағатына 80 шақырымдық жылдамдықпен сынақтан өткізгені де есте. Көлік кептелісінде, бұрылыстарда жол белгілеріне қарай өздігінен қозғалған көліктегі отандық кәсіпкер «Шынында қорқып отырмын. Рульді қолға алып, тежегішті басқым келеді. Менің үш балам бар, әлі өмір сүруім керек» деп әрі әзілдеген, әрі таңғалған бейнежазбасын интернет желілеріне жүктеген болатын. Яғни жүргізушісі жоқ көліктер жақын арада көшедегі үйреншікті көріністердің біріне айналуы ғажап емес.
Жалпы, жүргізушісіз қозғалатын «ақылды» көліктердің уақыт өткен сайын адамдар жүргізетін көліктерге қарағанда, тиімділігі мен қауіпсіздігі жоғарылай бермек. Бұл қозғалыс құралдары урбанизация дәуірінде алып мегаполистердегі кептелістерді жоюға, тасымалдау мен логистика саласында қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтар көлемін азайтуға септігін тигізбек. Сонымен бірге жолдағы кейбір жүргізушілердің агрессиялық қимылдарын шектеуге, яғни өзгенің өміріне қауіп төндірмеуге, жүйкеге түсетін салмақты төмендетуге де оң әсер етеді. Қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың да қатынау деңгейін жеделдетуге көмектеседі делінеді. The Boston Consulting Group сарапшыларының айтуынша, автономды көлікті енгізу жол апаттарының санын 90 пайызға, улы газдар шығарылымын 80 пайызға, жол қозғалысы қарқынын 60 пайызға төмендетеді. Әрине кері әсер ететін тұстары да бар. Мәселен, жұмыс күшінің қысқаруына алып келуі ықтимал. Такси жүргізушілері, жүк көліктері, автокөлік өнеркәсібі саласында еңбек күші қажет болмай қалады. Сондай-ақ бюджетке көлік қозғалысындағы айыппұлдан түсетін кіріс төмендеуі мүмкін. Жүргізушілер даярлаумен айналысатын заңды ұйымдар да жұмысын тоқтатады. Сондай-ақ хакерлікпен шұғылданушылар жасанды интеллектке ие көліктердің басқару қызметіне бұйрық бере алады.
Міне, Елбасы биылғы Жолдауында басымдық берген төртінші өнеркәсіптік революцияның дамуы таңдай қақтырарлықтай жедел, ауқымы ауыз аштырарлықтай кең екенін осы өзгерістердің бір саласынан ғана көруге болады. Қазір елімізде 4,5 млн шамасында автокөлік бар екен. Жартысына жуығы тұрақты болмаса да ішінара тасымал қызметін көрсетеді. Олар алдағы он жылға жетпей нәпақасыз қалуы мүмкін. Одан басқа да көптеген әлеуметтік мәселелер пайда болады. Атқарушы билікке көлік жүйесінің жаңа трансформациясын жүзеге асыру қажет. Біз осы өзгерістерді лайықты қарсы алуға қаншалықты дайынбыз? Бүгінгі басты сауал осы болса керек.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»