Осы орайда ойға түседі, Мемлекет басшысының «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деген сөзінде шын мәнінде терең мән бар. Көне тарихымызға үңіле көз салсаңыз, Тараз тарихына қатысы жоқ дәуірді кездестірмейсіз. Басқасын айтпағанда, күні кеше ғана бүкіл ел болып 550 жылдығын атап өткен Қазақ хандығы осы өңірден тамыр алғандығы сөзіміздің айқын дәлелі.
Қайбір дәуірлерде ғылым, білім, әдебиет өкілдері Тараздың тумасы екенін, сол шаһарда тұрып жатқанын мәртебе санаған. Бұған көрнекті ғалым Әбсаттар Дербісәлі жұртшылыққа жария етіп келе жатқан әр ғасырлардағы Таразилер куә. Ал біз әңгімемізге арқау етпек болып отырған Шейх Ахмет Тарази кім? Бұл есім қайдан және қалай мәлім болып отыр?
2002 жылы Елбасының қамқорлығы мен тікелей қолдауының арқасында көне шаһар Тараздың 2000 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде атап өтіліп, егемен еліміздің өміріндегі зор тарихи әрі мәдени оқиға болып есте қалды.
Мерейтойдың ең басты жетістіктерінің бірі – қазақ тарихына, Тараз тарихына қатысты әдеби, ғылыми еңбектердің жарыққа шығарылуында еді. Мұның өзі ел мәдениетін өркендетуге қосылған елеулі үлес болды.
Осы мерейтой шеңберінде жарық көрген заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев ағамыздың «Талайғы Тараз», білімдар ғалым Жанғара Дәдебаевтың «Атыңнан айналайын», тарихшы-жазушы, журналист Бақтияр Әбілдаевтың «Тараз. Қарахан. Айша Бибі» кітаптары оқырман қауым жылы қабылдаған тұшымды дүниелер болды.
Көне Тараз мерейтойы себепкер болған тарихи жаңалықтар да жоқ емес еді. Осы айтулы оқиғаға арналған халықаралық конференцияда «Шейх Ахмет Құдайдад Тарази – ақиық ақын, ғұлама ғалым» деген тақырыпта баяндама жасағанымыз бар. Бұған дейін Ахмет Таразидің есімі бүгінгі оқырманға беймәлім болатын. Сол кезде Тараз мемлекеттік университеті конференция материалдарын топтап жарыққа шығарды. Бұған қоса осы екімыңжылдыққа арнап шығарылған «Тараз. Жамбыл облысы» энциклопедиясына («Қазақ энциклопедиясы», Алматы, 2003) Шейх Ахмет Құдайдад Тарази туралы осы жолдар авторының мақаласы жарияланды. Мұны айтып отырғанымыз, ол туралы елімізде жарияланған алғашқы материалдар осы ғана болатын.
Әлқисса, аталмыш мерейтойға әзірлік барысында Тараз тарихына қатысты тұлғаларды іздестіргеніміз бар. Сол тұста Бабырдың «Мұқтасарында» атап өтілген Шейх Ахмет Тарази деген есімге назар аудардық. Оның «Фонун-әл-бәлағе» деген еңбегі Англияның Оксфорд қаласындағы кітапханадан, көшірмесі Ташкенттен табылды. Сөйтіп қолжазбаның көшірмесін Қазақстанға, алғашқы парағынан бастап жазылған жері Таразға алып келдім. Осы миссия кезінде жергілікті тарихшы-жазушы Бақтияр Әбілдаев, мәдениеттанушы Әлібек Әмзеев бірге болды. Түркі тілінде жазылған бұл туынды әдебиеттану, әдебиет теориясы саласындағы зор ғылыми дүние болып шықты. Оның үстіне қолға тиген өлеңдері Ахмет Таразидің аса дарынды ғалым ғана емес, өз дәуіріне танылған ақиық ақын болғандығына көз жеткізеді.
Шейх Ахмет Таразидің «Көркем сөз өнері» («Фонун-әл-бәлағе») еңбегі хижра бойынша 840 жылы, яғни XV ғасырдың бірінші жартысында, 1436-1437 жылдары жазылған. Өзі Таразда өмір сүрген ғалым сол замандағы шығыс оқымыстыларымен, шайырларымен пікірлес, сыйлас болған. Мауераннаһрды билеп тұрған Ұлықбекпен достық қатынас ұстаған, оны ғалым, қаламгер, әмір ретінде құрметтеген, сондықтан да аталмыш еңбегін соған арнайтынын жазады.
«Көркем сөз өнерінде» белгілі, белгісіз есімдер, біз үшін тың деректер, оған қоса парсы тіліндегі мәтіндер, қиталар да кездеседі. Мұның өзі оның бірқатар тілдерді меңгергендігін, өз дәуіріндегі және оған дейінгі әдебиетті терең білгендігін көрсетеді.
Парсы, көне түркі тілдерінің үлкен білгірі, бүгінде белгілі ғалым ислам Жеменейден Алматыдан Таразға қызмет бабында көшіп келуін өтініп, екеуміз бірге аталмыш еңбекті біраз бедерінде шама-шарқымызша қазақшаладық, бірімізді біріміз толықтырып отырдық.
Шейх Ахмет Таразидің осы рисаласы өлең теориясы туралы түркі тілінде жазылған алғашқы зерттеушілік-талдамалық еңбек. Бұл еңбекте автор өзімен замандас түркі тілдес шайырлардың, сондай-ақ парсы-тәжік классиктерінің шығармаларынан үзінділер келтірген. Мұның өзі түркі ғылым, әдебиет тарихының тереңірек тамыр жайғанын айғақтайды. Аталмыш трактаттың мазмұны көркем сөз – өлең жүйесі туралы, ұйқас және рәдифті ұйқас, жалпы өлең өнері, әрі ғаруз (аруз) өлең уәзіндеріне арналған мысалдармен ғылыми талданып, анықтамалары берілген. Түркі халықтары поэзиясында орын алған осы өлең өлшемі «ғарузи түрки» деп аталып, әсіресе шағатай тілі үстемдік еткен заманда дүниеге келген поэзия әлемінде толық көрінісін берді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жоғарыда айтылған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсетілгендей, «V-XV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлығының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатанас тілі болды. Мәселен, Алтын Орданың бүкіл ресми құжаттары мен халықаралық хат-хабарлары негізінен ортағасырлық түркі тілінде жазылып келді. Халқымыз Ислам дінін қабылдаған соң руникалық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала бастады. X ғасырдан XX ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды».
Міне, Шейх Ахмет Таразидің «Көркем сөз өнерін» көне түркі тілінде араб қарпімен жазуының себебін осыдан түсінуімізге болады.
Әдебиетші ғалым Мекемтас Мырзахметов былай деп жазады: «Түркі өлең құрылысының негізін қалаушы Шейх Ахмет ибн Құдайдад Таразиден көп кейін Науаи мен Бабырдың ғарузи түрки өлең өлшемі туралы жазылған зерттеу еңбектері жазылып танылғанын білеміз. Осы зерттеу еңбектерінен кейін солармен ілесе шыққан атақты ақын, тарихшы М.Х.Дулатидың «Жаһаннама» дастаны да тікелей ғарузи түрки өлең өлшемінің түрімен жазылуы көп нәрсенің сырын танып білуге бастайды».
Расында, XV ғасырдың бірінші жартысында Мауераннаһрда әдеби өмір қайнап жатқан кезде түркі тілімен парсы тілі қатар жаппай өріс алды. Шейх Ахмет Таразиден біраз кейін қазақ ғалымы, ұлы тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулат (1499-1551) өзінің әйгілі әдеби тарихи еңбегі – «Тарих-и Рашиди» кітабын парсы тілінде, ал «Жаһаннама» дастанын сол уақытта түркі халықтарына тән ортақ шағатай тілінде жазды. Мұның өзі екі тілдің, яғни түркі мен парсы тілдері Мауераннаһр мен Хорасан аймағында аралас-құралас болғанын байқатады. Сондықтан қазақ даласы да екі тілдің ықпалынан тыс қалмады. Соның салдарынан қазақ топырағынан шыққан шайырлар, ғалымдар мен ойшылдар түркілер мен парсылардың әдебиетіне, мәдениетіне, тіліне бірдей мән беріп, қоғам өміріне жете көңіл бөлді, тілдік ерекшеліктерін зерттеп отырды.
Шейх Ахмет Тарази көптеген мысалдармен «бәлағе» – көркем сөз өнерінің, яғни өлеңнің қыр-сырын ашуға тырысады. Түркі өлеңдерін парсы поэзиясының уәзіндерімен салыстыра отырып сарапқа салады. Танылған өлең түрлері мен өлең өлшемдерін (уәзіндерін) айрықша назарда ұстайды. Тарази өз еңбегінде сөз өнері турасында былай деген: «Тіл – адамзатқа тән, әрбір адамның көңілі мағыналы сөзді қалайды. Мағыналы сөз көңілге қонымды келеді. Сонда көңіл мен сөз ажырамас болар. Бұл азаматтың қастерлі сезімі шеңберінде болмақ, одан тысқары емес. Ғалымдар «сөздің екі түрі бар, бірі – қара сөз (нәсір), екіншісі – өлең (нәзім) деп бөлуді жөн көрген».
Шейх Ахмет Тарази өзінен бұрын және кейін өмір кешкен ғалымдар сияқты Аллаға иманы кәміл және ислам жолына бас иген ойшылдар қатарына жатады. Бұл пікірімізді ғалымның мынадай сөздері қуаттайды: «Алла тағалаға шүкір, өйткені адамзаттың болмысына қараңғылықтан жарық сәуле көре білу үшін, қиыншылықтардың түйінін шеше білу үшін көре алатындай және түсіне білетіндей күш берген. Әрі сөзбен ішкі жан дүниесінің ұғымдарын һашида тәсілімен (қағаз беттеріне түсіріп) көркем түрде әртүрлі қырынан баян ете алады. Мұның бәрі – шүкіршілікке тұрар тарту». Сөзден артық гауһар болғанда, ол сөздің қай жағында тұрар ед, – деп өз ойын бір шумақ өлеңге арқау етеді. Шейх Ахмет Тарази Алла тағалаға тіл бергені үшін, әрі тілге сөйлеу құдіретін сыйлағаны үшін шексіз алғысын айтып, шүкір еткен соң, мұны сол заманның даналарының бойына дарыған біліммен қатар имандылықтың үлгісі деп білсек болар.
Шейх Ахмет Таразидің «Фонун әл-бәлағе» еңбегі бес тараудан тұрады. Бұл – парсы мен түркі әдебиетінің теориясын екі тілдегі көптеген өлең жолдарын мысалға келтіре отырып, егжей-тегжейлі айқындауға мақсат еткен аса құнды зерттеу жұмысы, талдауларымен қатар шығыс әдебиетінен мол мағлұмат беретін теңдессіз туынды.
«Шейх Ахмет Құдайдад Таразидің айтуынша, – деп жазады филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев, – оның өзіне дейінгі ғалымдар жазған бір де бір еңбекте өлең сөздің барлық тектері мен түрлері бір-бірімен ұштастырылып, біртұтас қарастырылмаған. сондықтан да оның пейі-
лі осы өзекті мәселеге ауады, көңілінің пердесін асқан құштар әуестікпен ашып, қолына қалам алады, қара сөз бен өлең сөздерге ниет білдіргендерді олардың жалпы заңдылықтары, түрлері жайында хабар етуді мақсат етеді. «Кім де кім сөз өнерін қаласа және шешендік қабілеті болса, осы еңбектен пайда көрмек», – деп білді ол. XV ғасырдың бірінші жартысында ұсынылған бұл болжам біздің заманымыз үшін де қымбат, бағалы».
«Көркем сөз өнерінде» бізге беймәлімдеу шығыс шайырларының да есімдері аталады дедік. Олардың кім екенін зерттеп білу, Шейх Ахмет Таразидің шығармашылығына тереңірек үңілу өз алдына үлкен жұмыс болмақ. Бұл алдағы уақыттың шаруасы, оған әдебиеттанушы, әдебиет зерттеуші қауым белсене атсалысады деп сенеміз.
Кеңесбек ДЕМЕШ,
әдебиеттанушы, аудармашы