Аймақтар • 02 Ақпан, 2018

Аудандық музей деген аты ғана...

699 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тарихымызды танып, өткенімізді білуде музей ерекше орын алады. Музей төріндегі құнды жәдігерлер бағзы замандағы бабалар рухын танытып, ұлы даланың ұлағатын алдымызға тартады. 

Аудандық музей деген аты ғана...

Ғасырлар көшімен ілескен керуендер елесі, ұлттың ұлан-байтақ қа­зы­насын сақтаудағы аласапыран кезеңдер көрінісі, ұлы даламызда өмір сүрген саңлақтардың тағдыр жолындағы естеліктер, жалпы, ұлттық мәдениет, салт-дәстүрдің бәрі де осы музей төрінде. Мәдениеті дамыған озық мемлекеттердің бәрінде де музей ерекше құрметке ие. Ал өңірлердегі музейлер өңір тарихынан бастап, тұтас ұлттың қазынасын қамтитын, оны халыққа таныстыратын ерекше орын. 

Қазақ даласының қай қиыры да өзіндік қасиетімен, табиғатымен ерекше. Қолтаңбасы қалыптасқан қоңыр даланың қоңыртөбел тірші­лі­гінің өзі қазақтың кенен болмысын көр­сетеді. Сол сияқты Шу өңірі де қазақ тарихында, халық әндерінде көп кездесетін көне мекеннің бірі. Бір ғана Қазақ хандығының Шу өл­ке­сінде ірге көтергенінің өзі тари­хи маңызы зор дерек. Бұдан өзге де халықтың рухани інжу-мар­жан­дарында Шу келбеті жайлы дерек­тер көп-ақ. Дегенмен өңірдің та­ри­хын, тағдырын танытатын Шу аудандық тарихи-өлкетану музейі бү­гінде ғимаратқа зәру. Облыс­тық деңгейде көрсеткіші жақсы аудандардың бірінен саналатын Шу ауданындағы бұл жағдай шынында да ұлттық руханиятқа деген селқостықты аңғартқандай. Өңірдің тас дәуірінен бастап сыр шертіп, шежіре айтатын музей 1986 жылдан бастап қоғамдық негізде пайдалануға берілген екен. Кейіннен музейге екі қызметкер жұмысқа қа­был­данып, мәдени мекеме тұрақты түрде жұмыс істей бастаған. Алайда 1997 жылы музей отқа оранып, құн­ды жәдігерлердің басым бөлігі ғимаратпен қоса жанып кетеді. Соншама ен байлық далада қалып, ақыры сол кезде аудандық музей ескі шіркеу ғимаратына көшіріледі. Бұл ғимарат 1914 жылы салыныпты. Алай­да бұл ғимараттың да ешқандай құ­жаты болмаған, одан кейін жылу да жоқ екен. Әйтеуір әупірімдеп жү­ріп құнды дүниелерден көз жазып қал­мау үшін мамандар осы жерде жұ­мысын жалғастыра береді. 

Ескі болса да жәдігерлерді сақ­тап қалуға, жалпы ұлттық құнды­лықтарды жұрт көзінен таса етпеуге ықпал етуде септігін тигізеді деген шіркеу ғимараты да кейіннен жергілікті биліктің шешімімен славян қауымдастығының еншісіне беріледі. Бұрынғының өзіне шүкір деп жүрген музейліктер үшін енді бұдан да қиын кезең туады. Жалпы, бір мекемені халықтың игілігіне айналдыру үшін де жұмысшылар қажет. Оған қоса қызметкерлерге төленетін қаржының керегі тағы бар. Осы орайда мекеменің қарауылы мен еден жуушы қызметкеріне аудандық бюджеттен қаржы қарастыру қолға алынады. Бірақ 2012 жылы еден жуушы қызметі қысқартылып кетеді. Қызметкерлері аз, еден жуушысы тіпті жоқ мекеме мұңын шулық ше­неу­ніктер тыңдай қоймайды. 

Бүгінде Шу аудандық тарихи-өл­ке­тану музейі аудандық өнер мек­­тебінің екі бөлмесінде 2014 жыл­дың қараша айынан бері отыр. Жә­ді­­гер­лерінің жартысы ескі шіркеу ғи­ма­ратында қалса, қалған жартысы аудандық өнер мектебінің екі бөл­месінде. Көбісі тілсіз жаудың тұт­қынында қалды дегенмен, бүгін­нің өзінде аудандық музейдің бай қоры бар. Мәселен, аудан іргесіндегі Баласағұн қалашығынан табылған жәдігерлер, 500-ге жуық экспонат, түрлі құжаттар мен ел ішінен жиналған құнды дүниелер музейдің бар байлығы. Мұнда негізгі қорға 2988, ал ғылыми негізгі қорға 792 жә­ді­герлер мен құжат жатады. Де­ген­­мен, осынша рухани байлықты аядай екі бөлмеге сыйдыру бүгінде тағы мүмкін болмай отыр. Оның үстіне, көпшіліктің мұнда келіп жә­дігерлерді тамашалауы үшін де жағ­­дай жоқ. Ара-тұра оқушыларды ер­тіп келген мұғалімдер болмаса, қа­­рапайым көпшілік мұнда келе де бер­мейді екен. 

Ал аудандық тарихи-өлкетану му­зейінің қызметкері Ләйлә Сада­ба­­еваның айтуынша, бүгінде олар жылжы­малы көрмемен жүруге мәжбүр. Әйтпесе рухани байлықтың мұнда шаң басып, шыңырауға кететін түрі бар. 

2014 жылы Шу аудандық бюд­жетінің есебінен аудан орталығы Төле би ауылындағы тозығы жетіп тұрған «Қаракөз» мейрамханасы 3 миллион 700 мың теңгеге арнайы аудандық музейдің ғимараты үшін сатып алынған. Бірақ арада та­лай уақыт өтсе де оның жөндеу жұ­­­мыстарына қаражат қарас­ты­рылмай келеді. Өткен жылы ау­дан­­дық мәдениет және тілдерді да­­мы­ту бөлімінің басшысы Клара Қожа­ға­панова аудандық музей ғи­ма­ра­ты­на жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін оның жобалық-сметалық құ­жат­тары сараптамадан өтіп, 36 мил­лион 670 мың теңгеге әзірленіп қой­ғанын айтқан еді. Тіпті бұл мә­се­ле ке­лер жылдың қаржылық жағ­да­йы қа­ралатын қараша айында-ақ бел­гі­лі болуы тиіс еді. Алайда бұл да орындалған жоқ.

Қараша айы келмек түгілі, жыл бітіп, жаңа жылдың екінші айына аяқ бастық. Дегенмен, аудандық тарихи-өлкетану музейінің тағдыры әлі жұмбақ күйде. Ескі болса да аудан есебінен алынған ғимараты бола тұра, енді оның күрделі жөндеу жұ­мыстарына қаражаттың қол­бай­лау болуы түсініксіз нәрсе. Енді қаражат қашан бөлініп, аудан­дық музей қашан қалпына кел­ті­ріледі деген сауалымызға Шу ауданы әкімінің орынбасары Ербол Ай­манбетов 30 миллион теңгеден астам қаражатты аудан әкімдігінің көтере алмайтынын айтып жауап берді. Ал облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев өткен жылы мемлекет тарапынан «Жол картасы» бағдарламасының алынып тасталғанын, сондықтан да қаражат бөлуге ешқандай негіздің жоқ екенін айтып отыр. Егер аудан әкімдігінің қаражат бөлуге шамасы келмесе, не ол облыстық бюджеттен қарастырылмаса, сонда музейдің тағдыры мұңды күйде қала бермек пе?!.

Аудандық музей өртенбей тұ­рып, мұнда 7 бөлім жұмыс істе­ген. Кейіннен музей өртенген соң оның 2 бөлімі қысқарып кеткен. Бү­гінде өнер мектебінде музейдің 3 бөлімі тұр. Қалған бөлімі ескі шір­кеу ғи­маратында қалып қойған. Ен­ді олар­д­ың бәрін алып келуге ғима­рат­тың жоқтығы тағы кедергі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынған еді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы аталған бағдарламаның жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейтінін де айтқан. Ал «Туған жер» бағдарламасы бойынша Жамбыл облысында бір­қа­тар жұмыстардың атқарылғаны бел­гілі. Тіпті жергілікті кәсіпкерлер өзі­нің туған жеріне спортзал, ба­ла­бақша, мешіт сияқты нысандар­ды салып беріп жатқаны да халық­тың көз алдында. Бірақ осы бір музей мәселесінің талай жылдан бері түйіні тарқамай келеді. Жер­гі­лік­ті музей қорын байыту былай тұрсын, сол бай қорды бір ғи­ма­рат­қа орналастырудың өзі мұң бо­лып отыр. Егер бұл мәселе әрі қа­рай осылай жалғаса беретін болса, онда ғасырлардан бері аман жеткен жәдігерлердің жоғалып, құнды құ­жат­тардың қолды болып яки жыр­ты­лып кетуі де ықтимал. Тіпті қара­жат қарастыру жағы мүмкін болмай жатса, Шу ауданының әкімдігі жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен болса да музей ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізсе тіпті дұрыс болар еді. Алдағы уақыттарда бәлкім аудандық музей жаңа ғимаратқа көшіп, шашылып кеткен жәдігерлер жинақталып, халықтың рухани байлығымен қайта қауышатын күні де туар. Қалай болған күнде де мәдени нысандарымыздың мұңды күйде емес, асқақ кейіпте көрінгені дұрыс-ақ.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы