Қазақтың батыр қызының ерлігі мен өмірін аса қызығушылықпен зерттеген тарихшы Дарья Тимошенко ол туралы бұрын белгісіз болып келген деректерді, құжаттарды тауып, тарихи айналымға қосыпты.
– Германияның «Север» армиясының тобын күл-талқан етуді мақсат тұтқан Қызыл Армияның стратегиялық шабуылының бірінші күні Әлия ерлік көрсетті, сол күнгі ұрыста қаза тапты. Кітаптың негізгі мақсатының бірі де осы ұрыстың белгілі, белгісіз жағын бүгінге жеткізу, ондағы Әлияның ерлігін көрсету болатын, – дейді кітап авторы Дарья Тимошенко.
Кітапты жоғары бағалаған рецензенттер «Әскери тарихшы Дарья Тимошенконың бұл кітабы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова туралы барлық естеліктерді, сұхбаттарды, газеттерде жарияланған мақалаларды, хаттар мен архив материалдарын ұсынады. Олар алуан түрлілігімен батыр қыз өмірі мен өлімінің жай-жапсарын жан-жақты аша түседі», деп жазады.
– Әлия қаза болғаннан кейін, яғни 1944 жылдың ақпан-маусым айлары аралығында майдандағы суретші Николай Дмитриев салған екі портретін ұсынып отырмын. Бұл оның майдандас құрбылары берген немесе жеке заттарынан алынған фотосуретіне қарап салынған болуы керек. Суретші салған Әлияның құлақшын киген бейнесін Ақтөбедегі музейге оның туыстары берген суретіне қатты ұқсаттым. Әлияның әскердегі айлығы 8 рубль 50 копеек бола тұра, бақандай 100 рубль әскери қарызға жазылған ақша аттестатын таптым, – дейді Дарья Александровна.
Автор Әлияның суретші Николай Дмитриев салған портретінің бірін кітаптың мұқабасына пайдаланыпты. Біз батырды негізінен пилотка киіп, қолына винтовка ұстаған бейнеде елестететін едік, енді мына суретте оқырманға қазақтың қара қызы бұрынғыдан да ыстық көрінетіндей әсер береді. Сонымен қатар автор кітапқа 1944 жылы маусымда Әлияға Кеңес Одағының Батыры атағы берілгеннен кейін майдандас құрбыларының әскери газеттің журналисіне батыр қыз туралы жазған хатының толық мәтінін келтіргенін айтты.
– Онда құрбыларының Әлияны ешқандай жасандылықсыз, шынайы сипаттағанына куә боласыз. Қыздар Әлияның сөздерін келтіреді. Бұл хат қазақтың өжет әрі қайсар қызының болмысын аша түскендей болады. Алайда әскери журналист сол уақыт үшін хаттың кейбір тұстарын артық санап, қысқартқанын байқадық, – дейді Дарья Александровна.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ