Кітап тәуелсіздігіміздің ширек ғасырында білім беру саласындағы қол жеткен жетістіктер, білім беруде үздік әдістемелерін қалыптастырған ізденімпаз ұстаздар мен мектебінің мерейін үстем еткен дарынды шәкірттер жөнінде сыр шертеді. «Өткен ғасырдың 40-шы жылдары өмірге келген біздер ұстаз дегенде биязы да кішіпейіл, жүзінен мейірім шуағы төгілген, үстіндегі көнетоз киіміне шаң жуытпайтын, қашан көрсең де дауыс көтеріп сөйлемейтін, бар ынта-ықыласы шәкірт санасына білім құйсам дейтін, үнемі білсем, үйренсем деп ізденіп жүретін білімді де қарапайым жан көз алдымызға елестейді», деп жазады кітапты құрастырушы қазақ журналистикасының ардагері Қажи Қорғанов. Ал бүгінгі ұстаздың уақыт өзгерістеріне байланысты еңбегі ауырламаса жеңілдеген жоқ, сонымен қатар еңбекқорлық, мейірімділік, адамгершілік, ізденімпаздық секілді асыл қасиеттер ұстаз тұлғасының басты ерекшелігі болып қала береді.
Ағартушы Ыбырай Алтынсарин «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қалай болса, мектебі һәм сондай болмақшы», деген болатын. Қазақ даласына білім дәнін шашқан кемеңгердің осы пікірі қанша уақыт өтсе де маңызын бір өзгерткен емес. «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет өте ауыр», деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі – соның айғағы. «Қалдырған ізің мәңгілік» атты кітапта облыс аудандары мен қалаларындағы дәстүрі бар озық мектептер, ұстаздар әулеті, үздік әдістемелермен жұмыс істейтін мұғалімдер жайында қысқа да нұсқа жазылады. Кітап құрастырушының Қостанай өңіріндегі мектептер түлегі қоғам қайраткері Ілияс Омаров, атақты мүсінші Кәкімжан Наурызбаев, белгілі ғалым-ұстаз Әбілфайыз Ыдырысов, академиктер Сағындық Сатыбалдин, Кенжеғали Сағадиев, мемлекет және қоғам қайраткері Нығметжан Есенғарин, өнер тарланы Сейтім Жақыпов пен баспагер Хайдолла Тілемісов және тағы басқалар туралы жылы жазылған естеліктерінен жас буынның алары болуға тиіс. Ұстаздар мен мектептер шежіресін жасаған кітапта білім ұяларындағы қалыптасқан дәстүрлер де елеуге тұрарлық. Мысалы, Әулиекөл ауданындағы Сұлтан Баймағамбетов атындағы мектеп-гимназия ұжымының батыр ерлікпен қаза тапқан Ресей жеріндегі мектеппен байланыс орнатуы, Сарыкөл ауданындағы Урицкий орта мектебіндегі оқушылардың «Поиск» клубының мектеп түлегі, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Леонид Беданың ерлігін зерттеуі нағыз патриотизмге тәрбиелеудің үлгісі деп айтуға болады. Әр мектепте өмір қайнап жатады, тамаша бастамалар туындайды. Кітап болашақтың адамын мүсіндеген ұстаздар қауымының бақыты да осында екенін көрсетеді. Шежіре-кітап жетістікке жеткен, жоғары наградаларға ие болған ұстаздар туралы да хабардар етеді.
Облыс өңірінде бүгінде 529 мектеп бар, соның ішінде 131 мектеп қазақ тілінде білім береді. Тәуелсіздік жылдары білім саласындағы басты өзгеріс, басты жетістік те осы екені сөзсіз. Қай тілде білім берсе де, бүгінгі мектептерге жас ұрпақты ұлтжандылыққа, елін, жерін сүйетін патриоттыққа тәрбиелеу жүктелген. Сонда ғана Елбасы мақаласында айтылған рухани жаңғыру жүзеге асып, ұлттық кодты жоғалтпаймыз. Кітап білім ұяларында қызмет етіп жүрген еңбек торысы және зиялы қауым – мұғалімдер еңбегін ардақтауды, мектепке, ұстазға деген құрметті насихаттауды мақсат етеді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ