Білім • 02 Ақпан, 2018

Техникалық гимназия – тәуелсіздік құрдасы

1932 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

1991 жылы Атырау қала­сын­да ағылшын тілін те­рең­детіп оқытатын ма­мандандырылған мектептің іргетасы қаланды. 1996 жылы мектеп техникалық гимназия болып қайта құрылды. Бүгінде мұнайлы аймақтағы озық ойлы өрендер білім алатын гимназия сондықтан да өз та­ри­хын тәуелсіздікпен бай­ланыстырады. Мұнай­лы өңірде шет тілін же­тік білетін жергілікті маман­дарға сұраныстың жоғары болуы осы гимназияның ашылуына түрткі болған еді. 26 жыл ішінде білім ордасынан мыңдаған шәкірт түлеп ұшты. Қазір олар шетелдерде де білім алып, еңбек етіп жүр. Бірінші сыныптан ағылшын тілін, жетінші сыныптан математиканы тереңдетіп оқытатын гимназия – еліміздегі іргелі білім ошақтарының бірі. 

 

Техникалық гимназия – тәуелсіздік құрдасы

 Мектеп – кеме, білім – теңіз

Мектепке барған сәтте «Кі­тап оқу күні» шарасының куә­сі бол­­дық. Өңірлік «Рухани жаң­ғыру» жобалық кеңсесі ұйым­дастырған флеш-моб облыстағы барлық мектептерде өтті. Техни­калық гимназия шәкірттері де оқы­ған кітаптары жайлы ойларымен бөлісіп жатыр екен. «Адам­­заттың негізгі құнды игі­лік­терінің бірі – кітап. Әр оқы­ған кітаптан білім жиналады, таным көкжиегін кеңітіп, өмір­ге деген көзқарасымның қа­лыптасуы үшін кітаптың маңызды екенін білемін. «Кітап оқу күнінде» жақында ғана оқып бітірген Тахауи Ах­тановтың «Шырағың сөн­бесін» романы жайлы айттым», дейді 9-сынып оқушысы Аяу­лым Латиева. Ал гимназия кітапханашысы Ирина Ухо­ва осы шарада белсенділік та­ныт­қандар облыстық жас кітап­құмар оқушылар қоғам­дастығына мүше болатынын айтты. «Балалар кітап оқы­майды дей алмаймын, – дейді ол. – 4,5,6-сынып оқушы­ларының кітапханаға келу бел­сенділігі жоғары. Оныншы сынып оқушылары да бос уақыттарында кітап оқиды. Әңгімелесуден аң­ғар­ғаным, 8,9-сыныптағылар ке­рек мағ­лұ­матты интернеттен алған тиімді деп санайды екен. Ба­лаларды кітапханаға тар­ту мақсатында «Жылдың үздік оқырманы», «Ең көп кітап оқы­ған сынып» деген бай­қаулар ұйымдастырамыз».

Мұғалім мерейі 

Ағылшын тілін тереңдетіп оқы­татын техникалық гимназия директоры, «Құрмет» орденінің иегері София Али­баева «Білім ордасының бас­­ты мақсаты – білім беру дең­гейінің сапасын көтеруде оқы­тудың жаңа инновациялық тех­нологиялық ізденісін енгізу, сол арқылы саналы, рухы биік ұрпақ тәрбиелеу», дейді. Қа­­зір ұжымда 105 мұғалім бар, оның 45-і жоғары санатты. Екі мыңнан астам оқушы бі­лім алып жатыр. Биылғы оқу жылының басты жаңалығы – гимназия жаңа ғимаратқа көш­ті. Бұған дейін бұрынғы ба­лабақшаның орнында оқып келген еді. «Теңізшевройл» ком­паниясының «Игілік» бағ­дарламасы аясында «Нұрсая» шағын ауданында кең де жайлы ғимаратқа орналасқан білім ошағында сапалы білім алу үшін қажет жағдайдың бәрі бар. 

«Гимназияның материалдық ба­засын нығайтуда облыс бас­­шысы Нұр­лан Ноғаев әркез қолдау көр­сетіп оты­ра­ды. «НКОК», «ТШО» ком­панияларының көмегі де зор. Біздің басты мақта­нышымыз, жетіс­тігіміз – шәкірттеріміз. Әр салада еліміздің өсіп-өр­кен­деуі­не өз үлестерін қосып жүрген шәкірт­терімізді үлгі етеміз». 

«Сауат ашу» «Әліппедей» болмай тұр

– «Егемен Қазақстан» газетінің білім, тәрбие, тәлім тақырыптарын назардан тыс қалдырмай жүргені қуантады, – дейді гимназияның жоғары санатты мұғалімі Эльмира Есмұ­қанова. – Еліміздің түкпір-түкпіріндегі әріптестеріміздің жаңар­тылған білім беру жүйесі жайындағы ой-пікірлерін де басылым бетінен оқып жүрміз. Менің айтайын дегенім – жа­ңа бағдарлама туралы. Жетіс­тігі жазылып та, айтылып та жүр. Бұл бағдарламада бала­лардың тіл байлығын да­мытуға басымдық бе­рілген. Ги­мназияда сегіз бірінші сынып бар. Қиындығы – барлық баланың деңгейі, қабылдауы бірдей емес.

Үндемей отырып сөйлейтін де балалар бар. Ал бағдарлама талабы көбіне баланы сөйлетуге негізделген. Бұл оңай емес. Әр баланың таби­ғаты, даму деңгейі әр­түрлі. Білгенін көрсете алмайтын оқушылар да бар. «Сауат ашуды» мысалға алсақ, ба­лаларға күрделі тапсырмалар, терминдер берілген. Ми­нис­трлік бекіткесін, мұға­лімдер оқытып отыр, алайда кітаптың ішінде керек те, керек емес те мәліметтер барын айтқым келеді. Баланың жас ерекшелігіне сай емес мағ­лұматтар бар. «Сауат ашуда» да, математикада да жазудан гөрі ауызша тапсырмаларға көп көңіл бөлінген».

Тәуелсіздіктің текті ұр­пақ­тарын тәрбие­леу жолында аянбай қызмет етіп жүрген ұстаз­дардың еңбегі қандай құрметке де лайық. Сол мәртебеге лайықтардың қата­­рында Атырау қала­сын­дағы ағылшын тілін терең­детіп оқытатын тех­ни­калық гим­назияның мұғалімдері де бар екені көңілге қуа­ныш ұя­латады. Ұстаз үшін шәкірт жетіс­тігінен қымбат не бар? Жақында республикалық олим­пиаданың екінші кезе­ңінен командалық есеп бо­йын­ша бірінші орынды же­ңіп алған гимназияның әр шә­кірті өнегелі. Өйткені олар тәуелсіздікпен бірге білім айдынына жол тартқан білім ке­месінің өрендері. 

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ