Мектеп – кеме, білім – теңіз
Мектепке барған сәтте «Кітап оқу күні» шарасының куәсі болдық. Өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі ұйымдастырған флеш-моб облыстағы барлық мектептерде өтті. Техникалық гимназия шәкірттері де оқыған кітаптары жайлы ойларымен бөлісіп жатыр екен. «Адамзаттың негізгі құнды игіліктерінің бірі – кітап. Әр оқыған кітаптан білім жиналады, таным көкжиегін кеңітіп, өмірге деген көзқарасымның қалыптасуы үшін кітаптың маңызды екенін білемін. «Кітап оқу күнінде» жақында ғана оқып бітірген Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романы жайлы айттым», дейді 9-сынып оқушысы Аяулым Латиева. Ал гимназия кітапханашысы Ирина Ухова осы шарада белсенділік танытқандар облыстық жас кітапқұмар оқушылар қоғамдастығына мүше болатынын айтты. «Балалар кітап оқымайды дей алмаймын, – дейді ол. – 4,5,6-сынып оқушыларының кітапханаға келу белсенділігі жоғары. Оныншы сынып оқушылары да бос уақыттарында кітап оқиды. Әңгімелесуден аңғарғаным, 8,9-сыныптағылар керек мағлұматты интернеттен алған тиімді деп санайды екен. Балаларды кітапханаға тарту мақсатында «Жылдың үздік оқырманы», «Ең көп кітап оқыған сынып» деген байқаулар ұйымдастырамыз».
Мұғалім мерейі
Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназия директоры, «Құрмет» орденінің иегері София Алибаева «Білім ордасының басты мақсаты – білім беру деңгейінің сапасын көтеруде оқытудың жаңа инновациялық технологиялық ізденісін енгізу, сол арқылы саналы, рухы биік ұрпақ тәрбиелеу», дейді. Қазір ұжымда 105 мұғалім бар, оның 45-і жоғары санатты. Екі мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Биылғы оқу жылының басты жаңалығы – гимназия жаңа ғимаратқа көшті. Бұған дейін бұрынғы балабақшаның орнында оқып келген еді. «Теңізшевройл» компаниясының «Игілік» бағдарламасы аясында «Нұрсая» шағын ауданында кең де жайлы ғимаратқа орналасқан білім ошағында сапалы білім алу үшін қажет жағдайдың бәрі бар.
«Гимназияның материалдық базасын нығайтуда облыс басшысы Нұрлан Ноғаев әркез қолдау көрсетіп отырады. «НКОК», «ТШО» компанияларының көмегі де зор. Біздің басты мақтанышымыз, жетістігіміз – шәкірттеріміз. Әр салада еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген шәкірттерімізді үлгі етеміз».
«Сауат ашу» «Әліппедей» болмай тұр
– «Егемен Қазақстан» газетінің білім, тәрбие, тәлім тақырыптарын назардан тыс қалдырмай жүргені қуантады, – дейді гимназияның жоғары санатты мұғалімі Эльмира Есмұқанова. – Еліміздің түкпір-түкпіріндегі әріптестеріміздің жаңартылған білім беру жүйесі жайындағы ой-пікірлерін де басылым бетінен оқып жүрміз. Менің айтайын дегенім – жаңа бағдарлама туралы. Жетістігі жазылып та, айтылып та жүр. Бұл бағдарламада балалардың тіл байлығын дамытуға басымдық берілген. Гимназияда сегіз бірінші сынып бар. Қиындығы – барлық баланың деңгейі, қабылдауы бірдей емес.
Үндемей отырып сөйлейтін де балалар бар. Ал бағдарлама талабы көбіне баланы сөйлетуге негізделген. Бұл оңай емес. Әр баланың табиғаты, даму деңгейі әртүрлі. Білгенін көрсете алмайтын оқушылар да бар. «Сауат ашуды» мысалға алсақ, балаларға күрделі тапсырмалар, терминдер берілген. Министрлік бекіткесін, мұғалімдер оқытып отыр, алайда кітаптың ішінде керек те, керек емес те мәліметтер барын айтқым келеді. Баланың жас ерекшелігіне сай емес мағлұматтар бар. «Сауат ашуда» да, математикада да жазудан гөрі ауызша тапсырмаларға көп көңіл бөлінген».
Тәуелсіздіктің текті ұрпақтарын тәрбиелеу жолында аянбай қызмет етіп жүрген ұстаздардың еңбегі қандай құрметке де лайық. Сол мәртебеге лайықтардың қатарында Атырау қаласындағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияның мұғалімдері де бар екені көңілге қуаныш ұялатады. Ұстаз үшін шәкірт жетістігінен қымбат не бар? Жақында республикалық олимпиаданың екінші кезеңінен командалық есеп бойынша бірінші орынды жеңіп алған гимназияның әр шәкірті өнегелі. Өйткені олар тәуелсіздікпен бірге білім айдынына жол тартқан білім кемесінің өрендері.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ