Ақын Ғафу Қайырбековтің «Алматыда көшесі бар Гогольдің...» деп басталатын атақты өлеңіндегі:
«Айхай шіркін,
Алматыда көктемде,
Аппақ күміс ай сәулесін төккенде.
Сол көшемен жібек толқын секілді
Тамаша ғой қыздар көшіп өткенде»,
деген жолдарына арқау болған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті бүгінде еліміздегі әлем таныған, жер жүзінің көптеген жоғары оқу орындарымен байланысы бар іргелі білім ордасына айналып отыр. Алғаш 1944 жылы ашылған кезінде қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, физика-математика деген үш мамандық бойынша білім беруді бастаған институт жылдар өте келе біртіндеп ұлғайып, тәуелсіздік жылдарында университет дәрежесіне жетті.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институты ашылғанда, оған халқымыздың Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Омаров сияқты көрнекті тұлғалары мен өнер-білім саласындағы қайраткерлері қызу қолдау көрсетіп, ақ тілектерін білдіріп еді. Сол кезде М.Әуезовтің «Тәңір жазса, бұл институт қазіргі және болашақтағы қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі ешқашан сөнбесін дейік» деген болатын. Ұлы жазушының аузы дуалы екен, оқу орны шынында да осы жылдардың бәрінде білім жолын қуған, ұстаз болуды мұрат тұтқан қазақ қыздарының шамшырағына, қасиетті қара шаңырағына айналды.
Қыздар білім алатын жоғары оқу орнына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ерекше қамқорлық жасап келеді. Осы орайда еске түседі, 1991 жылдары Кеңес Одағы ыдыраған тұста бұл институттың басына да қара бұлт үйіріліп, оның күні аяқталуға шақ қалған еді. Себебі бұрынғы КСРО-дағы, қазіргі ТМД елдеріндегі тек қана қыздар оқитын білім ордалары жаппай жабыла бастады. Бірақ Президенттің тікелей қолдауы мен қорғауы арқасында Қазақ қыздар педагогикалық институты аман сақталып қалды.
Бұдан кейінгі жылдары оқу орны тек жоғары өрлеумен келеді. Оның ғимараттары қатарына бірнеше корпус қосылды. Бүкіл әлемді жайлаған дағдарыс салқыны тиіп тұрғанына қарамай, «Студенттер үйі» комфортабельді жатақхана, «Қазақ аруы» субұрқағы мен бассейн салынды. Бүгінде мұнда қыздар тарихынан сыр шертетін «Ақтұмар» мұражайы, үлкен кітапхана үйі, спорт кешені жұмыс істейді.
Осы жылдарда институт мәртебесін де өзгертті. Ол 2008 жылы 11 қыркүйекте Үкіметтің қаулысымен университет атанды. Бір қолымен білім нәрімен сусындатса, бір қолымен бесік тербететін қазақ аруларын даярлайтын оқу орны Елбасы қамқорлығымен жылдан-жылға дамудың даңғыл жолына бет бұрып келеді. Бұған университеттің әлемнің көптеген жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс жасап, халықаралық оқу және академиялық ұтқырлық негізінде өткізіп келе жатқан машықтану жұмыстары дәлел. Айталық, Лондон басқару және студенттермен алмасу ғылым академиясы (Ұлыбритания), Борис Гринченко атындағы Киев университеті, Т.Шевченко атындағы Ұлттық Киев университеті (Украина), Пендидикан Сұлтан Идрис университеті (Малайзия), Герцен атындағы Ресей мемлекеттік педагогикалық университеті (Ресей, Санкт-Петербург), Кастамону университеті (Түркия), Шяуляй университеті (Литва), Экономика, басқару және құқық институты (Ресей, Татарстан), Санкт-Петербург мемлекеттік психология және әлеуметтік жұмыстар институты (Ресей, Санкт-Петербург), Шыңжаң педагогикалық университеті (Қытай), Сумы мемлекеттік университеті (Украина), Чукуров мемлекеттік университеті (Түркия, Адана қ.), Нигде университеті (Түркия, Нигде қ.), мемлекеттік университеті (АҚШ, Миссиссиппи), Эстония әлеуметтік-гуманитарлық университеті (Эстония, Таллин қ.), Том политехникалық университеті (Ресей), Халықаралық педагогикалық білім және ғылым академиясы (МАНПО) (Ресей, Мәскеу қ.), Ұлтаралық біліктілікті көтеру және ғылыми ақпарат орталығы (Германия, Дюссельдорф қ.). Міне, университет сайтында ілулі тұрған бұл деректің растығын сол жерде оқитын магистр-докторанттармен қатар, таныс мұғалімдер арқылы да құлағымыз естіп, көзіміз көріп отыр. Мұнда Қазақстандағы жоғары оқу орындарымен де бір семестр жақсы оқитын студенттер алмасу жұмысы жақсы жолға қойылған.
Оқу орнының алғаш құрылған күнінен бастап есептегенде, университетті 60 мыңнан астам студент бітірген екен. 700-ден астам профессор-оқытушылар құрамы жұмыс істейді. Бүгінде университетте заманауи талаптарға сай кредиттік технология жүйесі негізінде 43 мамандық бойынша 9000-ға жуық студент білім алады. Сондай-ақ 22 магистрлік және 4 докторантура мамандықтары бойынша кадрлар дайындалады. Университеттің жетістіктері мен үздік көрсеткіштері бағаланып, 2013 жылы «Сала көшбасшысы» Ұлттық сертификатымен марапатталды. Осы мәліметтермен қатар Қыздар университеті Ұлттық рейтинг бойынша педагогикалық жоғары оқу орындары арасында алдыңғы қатарды иеленіп келе жатқанын баспасөз беттеріне шыққан материалдардан байқап келеміз.
Осы университеттегі музыка пәнінің мұғалімдерін даярлайтын музыка факультеті туралы айтпай кету мүмкін емес. Белгілі композитор Бақытжан Байқадамов басқарған бұл факультетте 1968 жылы Ескендір Хасанғалиевтің ұйымдастыруымен құрылған «Айгүл» квартеті кейін Марат Балтабаев жетекшілік ететін вокалды-аспаптық ансамбльге айналып, 1970-1980 жылдары Бүкілодақтық жастар сыйлығының лауреаты, халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегері атанды.
Қазір бұл өнердің өрісі ұлғайып, елімізге әйгілі «Айгүл» ансамблі, «Ұлар» ұлт аспаптар оркестрі, «Томирис» би тобы, 150 адамнан тұратын үлкен хор, «Өнер – жастан» опера студиясы және «Жан сарайы» драма театры, «Тек қана қыздар» көңілді тапқырлар клубы бар. Еліміздің әр облысында жалғасын тауып келе жатқан тек аруларымызға арналған танымдық «Қыз Жібек» клубы қазірде қоғамдық бірлестікке айналды.
Тек қана бұл емес, мұндағы ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша студенттердің де биіктен көрініп келе жатқанын байқауға болады. Ал спорт ареналарында атой салып жүрген Майя Манеза, Карина Горичева, Айзада Мұхитова, Дидар Әділнұр секілді көптеген жеңімпаз қыздарымыз жөнінде сөз басқа!
Ақын Серік Қалиев өзінің «Арулардың кие қонған мекені» деген өлеңінде:
Әсемдікке іңкәр еткен гүл мекен,
Парасаты, адалдығы үлгі екен.
Ана ардақтап, қыз сыйлаған халқымның,
Дәлеліндей дараланған бұл мекен,
дегеніндей, расында қазіргі өсіп-өркендеуіне қарап, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне «ұлттық» дәреже берілсе, несі айып дейміз. Қайта ақын, сазгер, атбегі Қажытай Ілиясұлы айтқандай,
Жайлаудың бірің бейне – қоңыр гүлі,
Аққудың бірің құдды көгілдірі.
Әркімді жер шетінен іздеп, тауып,
Құраған қалай, қайтіп өмір мұны?!
– деп таң қалмай ма?
Секен ТҰРЫСБЕК,
республикаға еңбегі сіңген әртіс,
күйші-композитор