Елбасы бұдан бұрын да «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйвері болуы керек» деп атап көрсеткен еді. «Тәуелсіздік дәуірі» деп аталатын еңбегінде Президент дамымай, біржақты ғана қалыптасқан аграрлық шаруашылықтан бас тартып, оны жетілдіру және көпсалалы мемлекет құрудың философиялық тұжырымдамасын баяндады.
Енді аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Бұдан былай қайта өңдеудің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Ол үшін ауыл шаруашылығында ғылым жетістіктерін батыл енгізуді қолға алғанымыз жөн. Бұл орайда, тұтастай елімізде мол әлеует бар. Әсіресе, еліміздегі аграрлық жоғары және орта арнаулы оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас жасаудың тиімді жолдарын пайдалана білсек, жаңа технологияларды трансферттеуге де мүмкіндік аламыз.
Аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиіс. Ол ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысуы қажет. Осыған орай аграрлық университеттер ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауы қажет. Елбасы Жолдауда: «Жоғары оқу орындарынан оқу бағдарламаларын жаңартып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибені тарататын орталықтарға айналу талап етіледі», деп атап көрсетті. Бұл орайда Мемлекет басшысы аграрлық білімнің дамуына, оның деңгейін инновациялық деңгейге жеткізу, білім мен ғылымның байланысын одан әрі тереңдету жөнінде айтып отыр. Сондықтан, негізгі мақсат: «Білім – Ғылым – Өндіріс» болу керек. Сонда ғана инновациялық білім мен инновациялық инфрақұрылым дамып, жоғары оқу орындарында корпоративтік орта құрылады.
Бүгінгі талап, жоғары оқу орындарына қойылып отырған мақсат – жоғары оқу орнын бітіретін жас мамандарды инновациялық экономикаға бейімдеу. Аграрлық институттар оқу бағдарламаларын мемлекеттік стандарттармен қатар, қазіргі заманғы технологияларды пайдаланып, жоғары өнім алып жүрген шаруашылықтардың сұранысын ескере отырып жоспарлауы керек. Сол кезде өндіріс пен оқу орнының арасында тығыз байланыс орнайды.
Тағы бір ескеретін мәселе – студенттердің жоғары курстарда өтетін практикаларға барғанда ол қай салада, қандай мамандық бойынша жұмыс істейтінін білуі керек. Сол сала бойынша қазіргі заманғы технологияны қолданатын шаруашылықта тәжірибеден өтіп, соған байланысты дипломдық жұмыстарын дайындап, магис-
тратурадан өтіп, кандидаттық және докторлық диссертациясын қорғаса білікті маман ретінде тәжірибе жинақтаған болар еді. Сонымен бірге бұл өз саласында ғылыммен жетік қаруланған маман болуына сенімді негіз қалайды. Мұндай маман ғылымда да, тікелей өндірісте де теория мен тәжірибені сәтті ұштастыра білетін тұлға ретінде қалыптасады.
Келесі бір өзекті мәселе, ол осы саладағы маман даярлау саясаты. Сол мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындары Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынышты болғанымен, мемлекеттік гранттарды бөлетін Білім және ғылым министрлігі. Менің пайымдауымша, бұл мәселені де АШМ-ның құзырына берсе, ауыл шаруашылығы университеттері аграрлық өнеркәсіп кешенінде сұранысы мол мамандар даярлауға бет бұрған болар еді.
Қазір малдәрігерлік мамандығы бойынша қызмет істеп жүргендердің орташа жасы 50-дің үстінде және жалақы мөлшері де 50-60 мың теңге аралығында. Осы жағдайды көріп, университет қабырғасынан енді шыққан жастардың ауылға барып еңбек етуге аса қызығушылығы жоқ. Демек, жастарды ауылға тартудың неғұрлым тиімді жолдарын қарастыру керек.
Елбасының бастамасымен 1993 жылғы 5 қарашада «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалған болатын. Бағдарламаның мақсаты – еліміздің басым секторлары үшін дүниежүзінің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алған, жаһандық талаптарға сай келетін білікті маман даярлау. Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырдан астам уақыты аралығында даярланған сол мамандарды тікелей ауыл шаруашылығына, аграрлық ғылымды өрістетуге тарту керек. Мемлекет қамқорлығына лайықты қайтарым болуы тиіс.
Жас мамандарды ауылға тарту үшін оларға берілетін көтермеақыны шартты түрде 5 жылға қайтарусыз беріп, егер маман бұл мерзімге қатысты талапты орындамаса, көтермеақыны кері қайыруға міндеттеу керек. Сонымен бірге осы саладағы мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүрген мамандарға жоғарыда аталған мемлекеттік қолдау көрсетілсе деген ұсыныс бар.
Жолдауда: «Егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есе артыруға болады», деп жазылған. Осыған орай, Ақтөбе облысында агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру белсенді қолға алынуда. Мысалы, суармалы жерлерді игеру үшін «ақылды технология» бойынша суару машиналары ауа райына байланысты қай уақытта және тәулігіне қанша рет, қандай тереңдікте, қалай суаруды өзі компьютер арқылы анықтайды. Агротехника жолға қойылған бірқатар ірі шаруашылықтарда егіс алқаптарына тұқым салған кезде электрондық құралдардың көмегімен ауа райының ауытқу ерекшеліктеріне қарай суарылады. Зиянкестермен күрес те озық технологиялардың көмегімен жүзеге асырылатындықтан, егіс алқабының қай нүктелерінде мұндай қауіптің басым екендігі дәл анықталып, тиісті шаралары жасалады.
Ал «АкТеп» ЖШС-нда мал союда қалдықсыз технология қолданылады. Яғни сойылған мал тұтастай терең өңдеуден өтіп, дайындалған өнім сұраныстарға сәйкес жасалған келісімшарт бойынша тиісті жерлеріне жіберіледі. Сол сияқты, сиыр сүтін өндіріп, өңдеумен айналысатын «Аис» ЖШС-нда ең озық технологиялар қолданылады. Цифрландыру нәтижесінде мұндағы әрбір сауын сиыры ерекше бақылауға және күтімге алынған. Мәселен, сауынға келген сиыр белгілі бір тексеруден өткенде оған орнатылған электронды қондырғы арқылы оның барлық жай-күйі: өнімділігі, денсаулығы, азықтану мөлшері тағы басқа жөнінде бірден ақпарат алынады. Егер сауын сиыр ауырып немесе басқа да жағдайда болса, сауын сиырлар өтетін қақпа оған жабылып қалады да, ол ветеринарлық дәрігердің «қабылдауына» баратын қақпаға қарай өтеді.
Ақтөбеде голландиялық технологиямен «қаруланған», заманауи жылыжай кешендері жылына шамамен 10 000 тонна көкөніс өндіріп, облыс тұрғындарының сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, артық өнімді экспортқа да шығара алады. Жылыжай кешендері осы бағыттағы ғылым жетістіктерін өндіріске тиімді пайдалануда.
Міне, өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып, ауылшаруашылық тауарларын өндіріп жатқан компаниялардың өнімдері Президент атап көрсеткен «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендіне әбден лайық деп айтуға болады. Әрине агроөнеркәсіп кешенінде әлемдегі ең үздік, жаңа технологияларды трансферттей отырып, оларды өзіміздегі табиғи және басқа да ерекшеліктерге қарай отандық жағдайға бейімдеу қажет. Былайша айтқанда, жаңа технологияны «жерсіндіре» білу керек.
Елбасы Жолдауын халыққа түсіндіру мақсатында мен де әріптестерім секілді Ақтөбе өңіріне барып, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілермен, мал дәрігерлік-ветеринарлық және жер қатынастары салаларының өкілдерімен кездестім. Жалпы, ауылдағы жағдай осыдан бес-он жылға қарағанда түбегейлі өзгерді. Қолындағы малын, меншігіндегі жерін тиімді пайдалана білген ауыл еңбеккерлері далада қалып жатқан жоқ. Қазір мемлекет тарапынан ауылға беріліп жатқан көмекті, қолдауды тиімді пайдалана білген отандастарымыз шағын шаруашылықтарының өзін дөңгелентіп жатыр.
Жолдауда: «Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру шаруашылықтарды кооперациялау қажеттігін күшейтеді», деп атап көрсетілгендей, қазір кооперативтер құрылуда. Осы орайда, қолданыстағы заңнамалық актілерді қайтадан қарап, кооперативтерді мемлекеттік қолдаудың шараларын қарастыру қажет деп есептеймін. Агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігін арттыру үшін дамыған шетелдік технологияларды батыл пайдалану қажет.
Соңғы уақыттары жаһандық азық-түлік дағдарысы жақындап келе жатқаны жөнінде жиі айтылып та, жазылып та жүр. Алдағы ширек ғасырда планета тұрғындары 9 миллиардқа жетеді деп күтілуде. Соған қарай, азық-түлік тұтыну көлемі де өседі. Бірақ экологиялық дағдарыс салдарынан құнарлы жер азайып барады. Әлемге ашаршылық қаупі төніп келеді. Ендеше аграрлық әлеуеті зор, табиғи жағдайы қолайлы елімізде бұған қарсы тұру үшін бірінші кезекте ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту керек. Қазіргі агросаясат ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаумен бірыңғай айналысып кетпей, ауыл экономикасына қатысы бар субьектілердің бәрін қамтуы тиіс. Бұл экономикалық өсімге де, демографиялық өсімге оң ықпал етері анық.
Бүгінгі таңда Қазақстан көптеген елдерге қарағанда ауыл шаруашылығының таза өнімдерін өндіруші ел болып табылады. Сондықтан, аграрлық экспорттық өнімге сұраныс та көп. ХХІ ғасыр – экологиялық таза тағам дәуірі. Өзіміздегі шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығарғанда ғана халықаралық нарықта бәсекеге қабілетіміз артатыны сөзсіз. Осы орайда, мал шаруашылығында ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың қалыптылығы мен азық-түлік қауіпсіздігіне кепіл болары анық. Алайда, ветеринарлық салаға реформалау жүргізілгенімен, біршама кемшіліктер бұрынғыша қалып, бірқатар мәселелер әлі де шешімін күтуде. Адамға көбіне ауру малдан немесе оның өнімдерінен келеді. Сондықтан да «Медицина адамды, ал ветеринария адамзатты емдейді» деген ежелден келе жатқан мағыналы сөз тегін айтылмаған.
Қорыта айтқанда, аталған саладағы түбегейлі бетбұрыс ауыл шаруашылығының сапалы, әлемдік бәсекеге қабілетті өнімдерін өндіруге бағытталуы тиіс деп есептеймін. Осы орайда алда тұрған міндеттерді іске асыру үшін оларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету маңызды.
Мұхтар ЖҰМАҒАЗИЕВ,
Парламент Сенатының депутаты