05 Ақпан, 2018

«Кремль есебі» және «қара тізім»

345 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында АҚШ-тың қаржы министрлігі алдағы уақытта санкция салынуы мүмкін ресейлік аз­а­мат­тардың аты-жөнін жариялады. Ол тізім «Кремль есебі» деп аталды. «Есеп­­тегі» 210 адамның ішін­де прези­дент әкімшілігінің жауапты қыз­меткерлері, үкімет мүшелері, жоға­ры лау­азымды саяси тұлғалар және ірі мем­­лекеттік компаниялардың басшы­лары бар.

«Кремль есебі» және «қара тізім»

Нақты деректерге қарағанда, бұл тізім АҚШ конгресіне осы жылдың 29 қаңтарында ұсынылған. Сарапшылар болашақта тізімге енгізілген тұлғаларға санкция салынуы ықтимал екенін жоққа шығармайды. АҚШ президентінің әкімшілігі жақын арада ондай шара қолданылмайтынын айтады. Ал «Кремль есебіне» байланысты тізім «Америка қарсыластарына санкция арқылы қарсы іс-шаралар» деп аталған федералдық заңның негізінде жасалыпты. Бұл құжатқа АҚШ президенті Д. Трамп өткен жылдың тамызында қол қойған екен.

Шамалы шегініс жасайтын болсақ, АҚШ-тың экс-президенті Барак Обама да «белгілі» мәселелерді алға тарту арқылы Ресейге санкция салған болатын. Сондай-ақ өткен жылдың қазанында АҚШ-тың мемлекеттік департаменті жоғарыда аталған жаңа заңмен кімдерге қатысты санкция салынатынын ашып айтқан еді. Сол жолы мемлекеттік департамент Ресейдің қорғаныс және барлау қызметі саласындағы отызға жуық компаниясын атап, осы мекемелерге қатысы бар, сонымен бірге олармен іскерлік әрекет жасасатын ресейлік немесе шетелдік ұйымдарға да шектеу қойылуы ықтимал екенін де ескерткен-ді.

Кез келген мемлекет үшін санкция бірінші кезекте экономикалық жағынан тиімсіз. Елдің ішкі және сыртқы саясатына да кері әсер ететінін тағы жоққа шығара алмаймыз. Ресей тарапы «амери­ка­лық жаңа санкцияларға» қарсы іс-шараларды қолға алып жатқаны сол кезде-ақ белгілі болды. Мысалы, елдің премьер-министрі Ресейдің мемлекеттік компанияларынан мердігерлердің аты-жөнін жариялау талабын алып тастау жөнінде шешім қабылдады. Сонымен қатар Ресей өздерінің ішкі және сыртқы қаржы нарықтарының 2018 жылғы болжамдарына санкцияның ықтимал әсерін де қосты.

«Қара тізімге» кірген 210 ресейліктің 114-і жоғары лауазымды қызмет атқа­ратын саясаткер, 96-сы «оли­гарх» екен. Тізімде кімдер бар дегенге келсек, премьер-министр Д.Медведевтің, Ресей Федерациясы кеңесінің төрағасы В.Матвиенконың, Мемлекеттік дума спикері В.Володин­нің, Сыртқы істер министрі С.Лавровтың, сыртқы барлау комитетінің директоры С. Нарышкиннің, тергеу коми­те­тінің төрағасы А.Бастры­киннің, президент әкімшілігінің басшысы А.Вайноның, президенттің баспасөз хатшысы Д. Песковтың, Мәскеу мэрі С.Собяниннің аты-жөндері аталады. Ал ресейлік мемлекеттік корпорациялар басшыларының ішінен «Роснефть» басшысы И.Сечиннің, «Газпром» жетекшісі А.Миллердің, «Ростех» басшысы С.Чемезовтың, «Ресей темір жолы» компаниясының бас директоры О.Белозеровтің, Сбербанк жетекшісі Г.Грефтің аты-жөндері кездеседі.

Ресейлік саясаткерлер «Кремль есебіне» байланысты тізімге сол күні-ақ пікір білдірді. Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың санкциялар туралы заңының жалғасы ретінде жария етілген тізіміне қатысты «бұл достық әрекет емес» деген баға берді. Сондай-ақ ол Мәскеуде өзінің сайлау алды кампаниясына арналған жиындағы сөзінде Ресей АҚШ-қа жауап ретінде қандай да бір қарсы қадамдар жоспарламайтынын атап өтті. Оның пікірінше, бұл тізімді жасауға қатысқандардың өздерінің жетекшілеріне соққы болып тиеді. Ресейдің АҚШ-пен бірлескен шара­ла­рын­сыз-ақ мүмкіндігі жетеді.

Ал Ресей Федерациясы кеңесінің мүшелері АҚШ билігінің «Кремль есебін» Ресей элитасын «құлату әрекеті» деп бағалады. Кеңестің қорғаныс және қауіп­сіздік комитеті төрағасының орынбасары Франц Клинцевич тізімнің жариялануы оған кіргізілген шенеуніктер мен бизнесмендердің «ашу-ызасын туғызумен қатар оларды біріктіретінін» мәлімдесе, халықаралық істер комитетінің төрағасы Константин Косачев «АҚШ үкіметі «қара тізімді» дайындаған кезде «Кремльдің телефон анықтамалығындағы мәліметтерді көшіре салған» деді.

«Кремль есебіне» Ресей үкіметінің бірқатар мүшелері де өз ой-пікірлерін ашық білдірді.

«Қара тізімге» іліккендердің арасында ірі бизнесмендер де аз емес. Кейбір сарап­шылардың пікіріне қарағанда, жоғары лауазымдағы саяси тұлғалардың басым бөлігі және ірі бизнес өкілдерінің түгел­ге жуығы тізімге енгізілгендіктен, олар­дың барлығы бірдей санкцияға ілінуі мүм­кін емес. Дегенмен, «Кремль есебі» Батыс инвесторларын өз бизнестерін қай­та қарауға мәжбүр етеді.

АҚШ қаржы министрлігінің жария еткен «Кремль есебіндегі» санкция салынуы ықтимал деген «қара тізім» күшіне әлі енген жоқ. Ол күшіне ене ме, жоқ, енбей ме – бұл жағы тағы белгісіз. Оның түпкі астарында биылғы жылдың 18 нау-
рызында Ресейде өтетін президенттік сайлауға ықпал ету де мүмкін.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»