06 Ақпан, 2018

Инновациялық дамудың 20 жылы

398 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күні ертең 20 жылдық мерейлі мерекесін атап өткелі отырған елордамыз Қазақстан экономикасының қарқынды дамуына сенімді тұғыр жасады. 

Инновациялық дамудың 20 жылы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордамыздың іргетасы қалана бастаған алғашқы жылдардың өзінде «Астана еліміз экономикасының даму локомотиві болады», деп атап көрсеткен болатын. Уақыт құдіреті Елбасы тұжы­ры­мының ақиқаттығын дәлелдеді. Оған нақты көз жеткізу үшін осы 20 жыл ішіндегі елорданың өсу, өр­кендеу деңгейін цифр тілімен сөй­летіп көрейік.

Жиырма жыл ішінде елорданың жалпы өңірлік өнім өндіру көлемі 190 есе өсіп, 5 триллион теңгеге жетті. Қаламыздың өнеркәсіп өндірісі осы жылдарда 30 есе ұлғайып, қазақстандық өнеркәсіп өндірісінің көшбасшысына айналды. Экономиканың қозғаушы күші болып табылатын елордалық орта және шағын бизнес субьектілері 4,3 триллион теңгенің өнімін өндірді. «Астана – өте тиімді экономикалық жоба болды. Астана ел бюджетінің есебінен күн көреді деген сәуегейлік тұ­жырымға қарсы айтарым, қаланың мем­лекеттік бюджетке аударатын төлемдері 80 есе өсіп, 1998 жылғы 13 миллиард теңгеден 2017 жылғы бір триллион теңгеге жетті», деп атап көр­­сетті қала әкімі Әсет Исеке­шев жа­қын­да өткен «Астана – иннов­а­циялық да­­мудың 20 жылы» атты форумда сөй­ле­ген сөзінде.

Қаланың қарқынды даму үрдісінде инвес­тицияға бірінші кезекте басым­дық беріліп отырғандығы заңды. Қа­ла экономикасына тартылған осы ин­вес­тициялар аз уақыттың ішінде Астананың өзін-өзі толық қамтамасыз етіп, сонымен бірге республикалық донорлар қатарындағы еліміздегі санаулы қалалардың біріне айналдырды. Негізгі капиталға салынатын жылдық инвестиция көлемі 1997 жылмен салыстырғанда 44 есе өсті. 20 жыл ішінде қалаға тартылған жалпы инвестиция көлемі 8 триллион теңге немесе 47 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл игі үрдіс ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезеңінде лайықты жалғасын тапты. Тек 2017 жылы қаламыздағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7 пайызға өсіп, 550 миллиард теңгені құрады. Бұл жылы елорда экономикасына 945 миллиард теңге инвестиция тартылса, оның 70 пайызы жекеменшік инвесторлардың үлесіне тиесілі.

Астана қаласы өзінің жиырма жылдық даму шежіресінде шын мәніндегі ғасыр құрылысы алаңына айналғаны ақиқат. Осы уақытта тек елордамыздың тұрғын үй құрылысы саласына 1,6 триллион теңге қаржы салынды. 1265 көп қабатты тұрғын үй кешендері бой көтеріп, 180 мың жаңа пәтер пайдалануға берілді. Тек соңғы бес жыл көлемінде ғана елордамызда 9 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 300 мың тұрғыны бар жаңа облыс орталығының бой көтеруімен пара-пар. Бүгінде Астанада заманауи құрылыс саласының барлық құры­лы­мын қамтитын еліміздің жаңа құры­лыс кластері қалыптасты. 20 жылда қаламызда 1172 өндірістік, мәдени-әлеуметтік және қоғамдық ғимараттар бой көтерді. Олар: «Ақорда», «Астана труимфы», «Бәйтерек», «Пирамида», «Хан Шатыр», «Қазақ елі» монументі, «Мәңгілік ел» аркасы және басқа да ХХІ ғасырдағы сәулет өнерінің озық туындылары болып табылады.

Астананың әлеуметтік-экономи­ка­лық әлеуетінің өсуі елорда тұрғындары са­нының жылдан-жылға еселей арту­ына мүмкіндік жасады. Жиырма жыл ішінде қала халқының саны үш есе өсіп, 1997 жылғы 298 мың адамнан 2017 жылы 1 миллион адамға жетті. Астаналықтардың өмір сүру ұзақ­тығы осы жиырма жыл ішінде ал­ты жасқа артып, 69 жастан 75 жасқ­а дейін ұлғайды. 20 ішінде жаңа жұмыс орындарымен қамтылған қала тұрғындарының саны 136 мыңнан 466 мыңға дейін көбейіп, 3,5 есе артты. Нақ осы жылдарда қала аумағы 258 шаршы шақырымнан 800 шаршы шақырымға дейін ұлғайды. Қала халқының еселей артуына шағын және орта бизнес игі ықпал етуде. Өйткені қаламыздың 316 мың тұрғыны, яғни еңбекке қабілетті астаналықтардың 62 пайыздан астамы шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылған. Шағын және орта бизнес саласының қала экономикасындағы үлесі 57,4 пайызды құрап, республикамызда бірінші орынға шықты. 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ғана елордадағы шағын және орта бизнес субьектілері 2,7 триллион теңгенің өнімін шығарған екен.

Алдағы уақытта қаламызда жеке­мен­­шік инвестиция есебінен 60 ірі жоба іс жүзіне асырылмақ. Бұл жобаларға 3 миллиард доллардан астам жекеменшік инвестиция салынады. Жекеменшік инвесторлардың ішінде 30-дан астам трансұлттық компаниялар бар. Ендеше ертеңі ертегідей елорданың еңсесі биіктей бермек.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»