06 Ақпан, 2018

Тегіңде бар ма кісілік?

937 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әркім өзінің көргенін, естігенін, басынан кешкенін айтады. Мен өзімнің туған Торғайымда өмір кешкен, қалтасында табақтай дипломы болмағанымен, ынсап пен иманды жоғары қойған қазақтың оқымаған қарапайым қариялары жайында әңгіме қозғағым келеді.

Тегіңде бар ма кісілік?

Жалпы кісілік, ынсап, туралықтан таймай, әділін айту дегенді құр сөз деп емес, өмірдің мәні санайтын адамдар қай заманда да көп болмағанға ұқсайды. Асылы, туралықты білу оқумен емес, өмірден тоқумен, текпен, тәрбиемен келетіндей. Бірде торғайлық Қойшыбай Алпысұлының әкем Алпыс Байдалыұлы айтып еді деп жөнсіздікті қош көрмей, туралыққа келгенде туған балам еді ғой деп тоқталмаған кеудесі дария ақсақал жайындағы мына бір оқиғаны еске алғаны бар.

Заманында би атанған қырық­мыл­тық Құлжабай көп жасапты. Бірақ досмарғын Үркімбай, ожан Құдабай­ларм­ен қадірлес болған атақты би де қартаяды. Ол халық ақыны Нұрқан Ахметбековтің «Есім сері» жырындағы:

«Есімнің міне осындай әңгімесі,

Бұл хисса әңгіменің тәржімесі.

Ішінде бірге болған Құлжабай би,

Кеңестің сонан қалған көп жүйесі», деп жырлаған Құлжабай. Содан бір күні қолпаштаған көп келіп: «Қадірлі биеке, алдыңызға жүгінгеннің бұра тартып, жақыны үшін әділдіктен тайды, қиянат жасады деген жері жоқ. Билікке де, бітімге де адал болдыңыз. Бірақ жас болса біразға жетті, ендігі ғұмыр желкілдеген құрақтай, сылдырап аққан бұлақтай, тоқтау бермес өмір бар, ертеңге артар үміт бар – жастардікі. Халқыңыз аман тұрғанда атыңыз өшпес, ал енді көзіңіздің тірісінде мына Текебай балаңызға батаңызды беріңіз. Өзге емес, тіз­гінді би баласының өзі ұстасын. Теке­б­айды бас би етіп сайлайық деп қол­қа сала келіп отырмыз», депті. «Ей, қатар жүрген құрбы-құрдас, дос, бауыр, қадірлестерім-ай, қартайғанымды өзім де сезіп, біліп жүрмін ғой, бірақ елге әділ билік, әділ сөз айту әркімнің маң­дайына жазыла бермейді, сондықтан да мал бағуға жаралған адамды ел ба­ғу­ға қойғанымыз қалай болар екен? Текебайдың менің балам екені Аллаға аян. Әсілінде, балам да болса Текебай ел бағуға жаралмаған, ұрдажық батырға лайық мінезі бар, алды-артын кеңінен толғап кесімді ой айтар көл-көсір ақылдың емес, шолақ ой, құр қимылдың адамы. Кешегі аузы дуалы Құлжекеңнің баласы еді дегізіп орныма қалдырып кетер болсам артымдағы қалың ел, апырм-ай, Құлжекеңнің мынасы не қылғаны, ел билеуді кіресілі-шығасылы ақылы бар баласына бергені несі десе не деймін? Болмас, болмас», деп басын шайқапты. Кеу-кеулеген жұртшылық: «Қасқа айғырдан, қасқа болмаса да, құрығанда төбел құлын туады деген, Құлжеке. Ең болмағанда естігені мен көргенін істер, ризашылығыңызды беріңіз», деп жік-жапар болыпты. Содан қолқалаған ел қойсын ба, би де көпке жығылып, Теке­бай­ды би сайламаққа жиынға жөне­ліпті.

Араларында сайлауға түсер тепсе темір үзетін, тегеурінді би болады деген жасы бар, Құлжабайдай тура­лық­тан таймас, аузы дуалы, сөзі уәлі Төбе биі бар үлкен топ келе жатса, алдарынан абалаған ауылдың көп иті үріп шығыпты. Сол кезде Төбе би болады, төрімізге шығып билігін айтады деп үміт артып келе жатқан «батыр» туған Текебай атты борбайға салып жіберіп иттерді қуа жөнелсе керек. Көптің дегеніне бағынып, елірме сөзге бекер ердім-ау деп әрең келе жатқ­ан Құл­жекең «Ал жігіттер, ит қуған Теке­бай­ды көздерің көрді, енді маған айтатын сөз­дерің бар ма?» деп атының басын кері бұрған екен.

Бүгінде Торғай даласында тура­лық­­тан таймаған сол бидің атында Құлжабай сеңгірі деген биік бар. Алыстан менмұндалаған сеңгір кісілікке қойылған белгідей көрінеді.

Тағы бір мысал. Кеңес өкіметінің дүрілдеп тұрған шағы. Көпке сыйлы, ел құрмет тұтқан бір ақсақалдың баласы аудан көлеміндегі ақшалы мекеменің бірінші басшысы екен. Қолында билігі бар баласының ойды орып, қырды қырып, күндіз-түні үйіне ана-мынаны әке­ліп жүргенін көрген әке бір күні баласын қасына шақырыпты. «Балам, осы сен жұтқан жұтамайды деген ойда жүрсің-ау. Және жұтқанда да бай­қаймын, араныңды ашып, ақша ма, мал ма талғамайсың-ау. Өңешіңнен өткенінің не екенін қарамайтын күйге жеттің білем, машина, трактор демей қыл­ғыта бересің, қақалам дейтін ой кі­ріп шықпайтын сияқты. Төрімнен көрім жақын, енді кәріліктен жағым түсіп, таянып отырғанда ана жаққа біреудің ақысына келген тамақтан ас іштім деп барайын ба? Байқа, балам, мен білсем, мына өкіметің де, Құдай да семіртіп барып соятын», депті.

Қазір туған баласын осылай тезге салатын қариялар табылар ма екен? Дастарқанға қойылған аста-төк астың, егер нақақтан төгілген болса көзден аққан жастың, аққан су, жұтқан ауа, егілген егін, жиылған астық, барлық несібе-ризықтың да сұрауы барлығы анық. Соны еске салып, туралығын айтар кісілік қияпатты бойына жиған қа­рия­лар азайғандай.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
 «Егемен Қазақстан»