Тарих • 06 Ақпан, 2018

Елеусіз кеткен ерлер-ай!..

428 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бұған дейін бүкіл Қа­зақ­стан комсомол ұйы­­мының жетек­шісі,әрі бас­шысы тек Ғани Мұратбаевты ғана танып, біліп келдік. Ал оның ісін жалғастырып, өңір-өңір­де, облыс, аудан, тіпті ауыл-ай­мақтардағы комсомол ұйым­дарында қыз­мет етіп, бастапқы бас­палдақтарда жұмыс ат­қар­ған жастар туралы білмедік десем қате­леспеймін-ау деп ойлаймын. 

Елеусіз кеткен ерлер-ай!..

ХХ ғасырдың басында қараңғы қазақ көгіне күш-жігерімен, қабілетімен, бі­лімімен, өнерімен өрмелеп шығып, қараңғылықтың бұл­тын серпіп тастап, қазақ же­ріне, еліне, күн нұрындай шуа­­ғын шашқысы келген жастар аз болған жоқ. Солар­дың бірі ағайынды Сәт пен Бек­пенбет Әміровтер.

Әлқисса, қазіргі Жамбыл об­лы­сының Байзақ ауданы Сарыбарақ ауылындағы Әмір ақсақалдың құдай бер­ген он екі ұлы болған. Тұң­ғыштары Сәт,(1906 ж.) одан кейін Бекпенбет. Осылайша аралары бір жарым, екі жас­тан он екі ұлдан кейін, қыз баламыз болмады-ау деп жүргенде он үшінші менің анам Әсілхан 1927 жылы дү­ниеге келген. Азын-аулақ малымен қоса осынша баланы тарықтырмай асырау мақ­сатында диқандықпен ай­налысқан атамыздың со­қа-сайманын алғашқы ұжым­дастыру кезінде өкі­мет адамдары алып қояды. Жуас мінезді атамыз бәріне қар­сылықсыз мойынсұнған сыңайлы. Ликбезде сауатын ашқан Сәт нағашымыз (13.05.1926ж.) комсомол қатарына еніп, көп кешік­пей-ақ бір болыс елдің (Қа­рабақыр) комсомол ұйы­мын ұйымдастырушы, әрі соның жетекшісі болады.

Көп кешікпей ағасының ықпалымен Бекпенбет наға­шымыз да комсомолға мүше­лікке кіреді (20.02.1928ж.). Сөйтіп ол да белсен­ді мү­шелердің біріне айналады. Бұл мәліметтердің бә­рін тек анам мен сол дәуір куәгерлерінің естелік әңгіме­лерінен бөлек, облыстық архивтен табылған жазбаша дерек­терге сүйеніп жазып отыр­мын.

Архивтегі құжаттардың қай-қайсысын алсақ та, бай­қайтынымыз, бір үйдің екі баласының комсомол бел­сендісі болғаны.

Қарабақыр болысты­ғын­да жалғыз комсомол мүшесі Сәт Әміров ол, ал жалғыз коммунист Мейір­манқұл Байсеркеұлы болған. Бұл кісі сол Сарыбарақтағы ең алғашқы артель «Бірлік­тің» бірінші басшысы бол­ған. Кейін 1937-1938-жылдары халық жауы боп ұсталып, із-түзсіз кетті деген дерек бар. Әйелінің аты Седекүл, Саты­балды деген жалғыз ұлы, Зылиха атты қызы бол­ған.Тағы 26 адам комсомол ұясына тартылған. Оның жетеуі – батырақ, он тоғызы – ди­қан.

Бұл кісілердің қызмет ор­ны, яғни Әулиеата Угор­комының орталығы қазіргі Тараз қаласында үш жерде болған: Ленин көшесі №12- үйде, Ленин көшесі №85- үйде және Пушкин көшесі №7-үйде. (Үйлердің нө­мір­лері қазір, әрине өз­герген).

Алғашқы комсомол же­тек­шілері не жұмыс ат­қар­ды, халыққа пайдалы қан­дай іс тындырды? – деген заң­ды сұрақ туындайды. Комсомолдар азамат соғы­сы кезіндегі қираған ша­руа­шылықтарды қайта қал­пына келтіру үшін сен­білік пен жексенбіліктер ұйым­дастырған. Қалалардағы комсомол ұйымдары жақын ауыл­дарды қамқорлыққа алып, айына 2-3 рет дема­лыс күндері пьесалар қойды. Көркемөнерпаздар кеш­тері мен спорттық ойын­дар ұйымдастырылды. Әсі­ресе Гладковтың «Це­мент» атты спектаклін жиі қой­ған. Қысқа уақытта 10 те­гін, тағы бірнеше ақылы ойын қойылғаны архив дерек­терінде көрсетілген.

Олар бұзақылықпен, мас­күнемдікпен күресті. Со­ны­мен қоса партия тапсырмасын орындай отырып, сая­си ағарту, жетім ба­ла­лар­ға қамқорлық жасау және дін­ге қарсы насихат жұмыс­тары­мен ай­налысқан. Әйел тең­дігі жолында күрес ашты.

«1928 жылғы 4 наурызбен 29 наурыз аралығында заем­ды елге үгіт-насихат ар­қылы тарату. Партияда жоқ жастарды тарту және соны­мен қатар үлкендерді де. Осы халықтың ішінен бел­сенді, жауапты адамдар­ды ұйымдастыру жұмысына басшылық етуге баулу» ­делінген құжаттарда. Ша­ра­лардың барлығы дерлік уездік орталықтарда өткі­зілген. Ұжымдастыру жұ­мы­сынан да көптеген мәлі­меттер келтіруге бола­ды. Сауатсыздықты жою мақ­сатында алғашқы нөмір­ленген ауылдарда ликбез­дер құрылып, жұмыс жасай бастаған. Соның нәти­жесінде жастар арасын­дағы алғыр топтардан­ алғашқы мұғалімдер шық­ты, бастауыш мектептер құрылды. 1926 жылы респуб­ли­каның барлық мектеп­терінде дерлік пионер отрядтары құрылып, жұмыс істей бастаған. Ал аудан орта­лықтары мен қалалық жер­лерде қысқа мерзімді мұғалімдік курстар мен училищелер, шаруашылықтың сол кездегі аса мұқтаж ма­­мандарын даярлайтын тех­­никумдар құрылған. Аудандық және уездік комитет қызметкерлері осы күн­діз-түнгі жан аямай еткен еңбектеріне ешқандай жа­лақы алмаған. Тек жарнаға жи­налған астықтан өздеріне тамаққа қалдырып отырған.

Қазақ жастары бойлары­на біткен үлкенді сыйлау, олардың айтқандарын екі ет­пей орындау, алдарынан кесе көлденең өтпеу қа­сиеттеріне байланысты ауыл байлары, ақсақалдар мен игі жақсыларына қарсы келе алмаған. Сондықтан да тек тәркілеу жұмысына бел шешіп араласа алмаған. Рес­публика басшылығына Ф.Голощекиннің келуіне бай­ланысты «Асыра сіл­теу болмасын, аша тұяқ қал­масын» – деген ұранмен бай­лардың барын тартып­ алып, бай болмаса да бірер күнкөрістік ша­руасы барларды да аяусыз тонаудың салдарынан 1931 жылы халық ашығады. Жағдай өршіп, 1932 жылы шарықтау ше­гіне жетіп, халық жаппай аштан қырыла бастайды. Сол кезде амалы таусылған ха­лық балық аулап талғажау ету мақсатында Қарабақыр өзені мен Шәлкенің суын жаға­лайды. Бір жағы аш­тық, бір жағы қақаған суыққа шыдамай адамдар сол сулардың жағасында көптеп қырғынға ұшырайды. Мәйіт­тердің бетін жасырып жерлеу рәсімін жасауға адам­дардың шамасы кел­мейді. Көктем шығып, күн жы­лына бастаған кезде осы мәйіттер шіріп, айнала адам төзгісіз жағдайда болады. Ақыры, осындай жағдайдың кесірінен бұрқ етіп оба ауруы тарайды. Енді халық аштықтан ғана емес, індеттен де қырыла бастайды.

Сол кезде бүкіл уезде жал­ғыз ғана білікті дәрігер, 3-4 фельдшер, 4-5 кіші медицина қызметкері бар екен. Меди­цинаның күші мүлде жетім­сіз болған себепті, жо­ғарыдан аса құпия бұй­рық келеді. Індет өзге де өңірлерге тарап кетпеу үшін шұғыл шара түрі, амал­сыз, аурудың шыққан ұясын өлі-тірісіне қарамай өр­теу болады. Бірнеше бригада боп шыққан комсомол жетекшілері, ішінде ме­нің нағашыларым да бар, осы тапсырманы орындауларына тура келеді. Өртеу көбіне түн қараңғылығында жүргізіледі. Таң ата кезекті бір ауылға таяп келгенде бір кейуана жүгіріп кеп, бізді де өртейсіңдер ме? деп Сәт нағашымды құшақтай алады. Содан індет жұқтырып алған ол кісі бірнеше күнге жет­пей-ақ қайтыс боп ке­теді. Ұзамай Бекпенбет те қаза болады. Айналасы бір ай­дың ішінде 12 ұл тегіс қаза болған. Сол кезде 43-44 жастағы нағашы анамыз Бегайым балаларының қай­ғысын көтере алмай, үш-төрт баланың қазасынан соң-ақ көз жұмады.

Алғашқы артель бас­шы­сы Мейірманқұл Бай­­сер­кеұлының ұйымдас­тыруымен шыққан сатылы арбаға жас балаларды сиғанынша отырғызып, сол кездегі Әулиеата қала­сындағы балалар үйіне өткізеді. Бұл сұмдық жайдан менің анам осылайша аман қалады. Біз бертінге дейін атамыз Әмірді де сол кезде қайтыс болдыға санай­тынбыз. Атамыз немере қарындасы боп келе­тін Меңдібала әжейдің айтуына қарағанда, 1949 жы­лы, жетпіске таяған шағында қайтыс болыпты. Бүкіл отба­сының қайғысынан атамыз ешкіммен сөйлеспей, еш­теңемен ісі болмай, өмірінің соңына дейін меңіреу күн кешіпті. Ертелі-кеш тек жүз қаралы қойдың соңын­да жүріпті. Ол кісіге де, қой­ларына да ешкім тиіспеген көрінеді. Осы жағдайды ай­туға үлкен кісілер, сол кездің куәгерлері қатты қорқатын.

Ал анам біреу естіп қоя­тындай, маған сыбырлап қа­на айтқан. Бірінші кітабым «За­мана сырын» жазып жат­қанымда тарих пәнінің мұға­лімі, қазіргі Мәдімәр ауылының тұрғыны: – Абай­ла, құрысын! Шындық­ты жа­за­мын, – деп сотталып кет­пе! – деген. Мен сонда да, не де­ бол­са тәуекел  деп жаздым. Кітапта осы жоғарыда ай­тылған аштықтан да, індет­тен де, өрттен де аман қалып, басынан кешкен бар оқиғаны өз аузымен айтып берген ананың суреті де бар.

Қай кезде де, кімнің де бол­сын артында іздеушісі бол­маса ұрпақ ауыса келе барлығы ұмытыла бастайды екен. 90-жылдардың ауыр кезеңдерін аз да болса еңсеріп, сәл де болса ес жиып өз-өзімізге келе бастаған 1999 жылы анам 72-ге шыққан еді. Бала-бала деп жүріп осы күнге дейін анама не істей алдым? – деп өз-өзіме іштей сұрақ бергенде алдымен ойға келгені, төркін жұртын іздеу болды. Сол кезде маған көмектесіп, талай құнды деректерді алдыма жайып салған үлкен кісілердің де көбісі жоқ бұл күнде. Тіпті кейбірінің аты-жөні де ұмыт болды. Ол кезде кітап, мақала жазамын деп ойлаппын ба? Сұмдық нәу­беттен аман қалған жалғыз қарындастарынан туған жиен немересі болғандықтан, сол кісілердің жанқиярлық ересен еңбегімен халқымды, ел-жұртымды таныстыру, келер ұрпаққа аманаттау парыз. «Замана сы­ры» Сарыкемердегі му­зей­­де, Ш.Уәлиханов атын­дағы облыстық кітап­хана­да, (электронды нұсқа­сы да бар), Қазақстан ұлт­тық кі­тапханасында, Түркі­­стан­­дағы Қазақ-Түрік ұлт­тық университетінің кітап­ханасында, Шымкент қуғын-сүргін құрбандары архиві мен музейінде бар. Сондай-ақ Елбасының кітап қорына да жіберілген. Ол кісінің аты­­нан келген алғыс хат та бар. Сонымен қатар көптеген мешіт­тер мен мектептерге де таратылды.

Ендігі бір айтарым, өз­де­рінің ұрпағы үшін жан­қиярлық еңбек етіп бұл өмір­ден отбасын да құр­май қыршын кеткен сол кісілердің аруағын ұлық­тап, ең болмаса туған ауылын­дағы Сарыбарақ орта мекте­бі Сәт Әміровтің атымен аталса деймін. Аудан орта­лығындағы көшелердің бірі­не Бекпенбет Әміров аты берілсе. Ал осы күнге дейін Тегістіктегі Чапаев орта мектебі болып келе жат­қан мектеп Мейірманқұл Байсер­кеұлының атымен аталса, артықтық етпес еді-ау...

Қазіргі біздің за­ман­дастарымыздың қай-қайсы­сы болса да осы аталарымыз бен апаларымыздың, бабаларымыз бен ұлы аналарымыздың өмірінен үлгі алса болғандай.

Ұлдана МОЛДАБАЕВА,
зейнеткер, ұстаз